Жылауға да шамасы болмады: балабақшада аяғы күйіп қалған 2 жасар қыздың анасы әділдікті талап етті

Жылауға да шамасы болмады: балабақшада аяғы күйіп қалған 2 жасар қыздың анасы әділдікті талап етті Сурет: madeniportal.kz

Қызылордадағы балабақшада осыдан үш ай бұрын тәрбиеші мен оның көмекшісінің салғырттығынан екі жасар Еркежанның сол жақ аяғын күйік шалған. бүлдіршіннің анасы Айнұр Аqshamnews.kz редакциясына хат жазып, оқиғаның мән-жайын айтып берді. 

22 мамырда түстен кейін Айнұрға баласының тәрбиешісі хабарласып, «қызыңыз ауырып қалды» деп жеткізген. Таңертең сау кеткен баланың жағдайын сұраған анаға олар «күйіп қалды» деп жауап беріп, тез жетуін өтінген.

Жанұшыра жеткен Айнұр баласының сол жақ аяғын қатты күйіп қалғанын көреді. Бізге жіберген суреттеріне қарағанда, ол абайсызда күйіп қалғанға ұқсамайды. Анасының айтуынша, тәрбиешілер жедел жәрдемді де  уақытылы шақырмаған, себебі «алдымен анасынан рұқсат алу керек» деп күткен. Нәтижесінде, балаға алғашқы медициналық көмек оқиға болғаннан кейін үш сағаттан соң бірақ көрсетілген. 

«Мен балабақшаға кіріп, баланы көрген кезде ол жатыр екен. Тіпті жылайтын шамасы жоқ. Дірілдеп жатты. Шок алып қалған», - дейді анасы. 

Дәрігерлер Еркежанға 1-ші, 2-ші, 3-ші «А» дәрежелі күйік және күйіктен алынған шок деген диагноз қойған. Сатурациясы төмендеген бала шұғыл түрде реанимацияға жатқызылды. Ол жерде үш күн жатып, жалпы палатада 21 күн емделген. Осы уақыт ішінде Еркежанға 5 рет наркоз жасалып, бірнеше рет қан құйылған.

Сурет: Еркежанның анасы Айнұр Айдарбекованың редакцияға жолдаған суреті

Қазір баланың жағдайы тұрақталғанымен, аяғында күйік іздері кетпеген. Бүлдіршін күндіз ойнап жүргенімен, түнде мазасызданады, терінің қышуына байланысты дәрі-дәрмексіз ұйықтай алмайды.

Анасының талап-тілегі

Еркежанға ешқандай материалдық не моральдық көмек көрсетілмеген. Кінәлілер жәбірленушіге ақша ұсынған.  Бірақ оны «арыздан бас тарту шартымен» ғана беретінін айтқан. Анасы Айнұр бұған келіспей, ақшаны қабылдамаған.

«Менің бар тілегім тергеу шынайы жүргізіліп, кінәлілер заң бойынша жазасын алса деймін», – дейді жәбірленушінің анасы.

Балабақшаның жауабы

Редакция оқиға қалай болғанын білу үшін балабақшаға хабарласып, меңгерушімен сөйлесті. 

Олардың айтуынша, тәрбиеші мен оның көмекшісі баланы «қол жуғышқа (раковина) еңкейтіп, басын жумақ болған кезде байқамай аяғын күйдіріп алғанын» айтқан. Алайда анасының сөзінше, қол жуғыштың өлшеміне баланың тіпті басы сыймайды, сондықтан бұл түсінік қисынсыз.

Оқиға болған күні қылмыстық іс қозғалған. Бірінші сот-медициналық сараптама «денсаулыққа ауыр зиян келді» деген қорытынды шығарды. Екінші сараптаманың нәтижесінде де күйік алу мүмкіндігі расталған. Бірақ тергеу ісі әлі толық аяқталған жоқ.

Қазір Еркежан барып жүрген жекеменшік балабақша жұмысын тоқтатқан. Балабақша меңгерушісі бұл ақпаратты растады. Ол баланың аяғын күйдіріп алған екі қызметкер жұмыстан арнайы "баппен" шығарылғанын хабарлады. Яғни, олар енді бұл салада қызмет ете алмайды. 

Полиция не дейді?

Редакцияға хат жолдаған Еркежанның анасы қылмыстық істің тергеуі де ұзаққа созылып кеткеніне алаңдап отыр. Осы істің қалай жүргізіліп жатқаны жайлы толығырақ білу үшін Қызылорда облысы Полиция Департаментіне  арнайы сауал жолдадық.

Ресми түрде жолдаған хатымызға жауапты органнан мынандай жауап келді:

«22.05.2025 жылы болған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 141-бабының 1-бөлігімен (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) СДТТБТ-не қылмыстық іс тіркелген.

Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру нәтижесімен қысқа мерзім ішінде қылмыстық іске қатысушы әрбір тұрғаның іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, қылмыстық іске шешім қабылдатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабының талабына сәйкес өзге тергеу мәліметтері жариялануға жатпайды».

Алайда полиция тергеу қай уақытта аяқталатыны, шешім қашан шығарылатыны туралы нақты ақпарат берген жоқ. Бұл іс редакция бақылауында. 

Еске салайық, бұған дейін алматылық ата-ана қызының балабақшада таяқ жегеніне шағымданғанын хабарлаған едік. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
1
Шектен шыққан
1
Соңғы жаңалықтар

12:30

12:06

12:06

11:41

11:27

11:25

10:58

10:57

10:50

10:32

10:21

10:05

09:18

22:48

18:54

18:49

18:23

17:58

17:41

17:20

17:16

17:10

16:51

16:35

16:21