ffin.kz

Журналистика – қоғамның айнасы

Журналистика – қоғамның айнасы Сурет: Яндекс.Дзен

Қастерлі мамандық!


Журналистика – қоғамның келбеті, жақұт көзі және тілі, елдің жүрегі. Қастерлі мамандық тарихы тереңде. Ежелгі Мысырда папирус парағына ақпарат жазылған. Ал көне Римде хабарландырулар тақтайшалар ілінетін. Осылайша журналистиканың шежіресі басталды. Арада қаншама жылдар өтсе де, түпкі мағынасын сақтай отырып бүгінге жетті.


Қоғамның айнасы деп атауымыздың өзіндік сыры бар. Күнделікті тіршілікте болып жатқан хабарларды журналист ой елегінен өткізіп, қалың бұқараға ұсынады. Соның нәтижесінде айналада орын алып жатқан күллі жәйттерден ел хабардар болады. Жалпы, сарапшылар журналистика 46 мамандықтың басында тұр деген пікірді айтады. Бұл басқалардан артық дегенді білдірмейді. Қайта тілшілер қосынының қалам тербемейтін саласы жоқ дегенді аңғартады. Журналистика адамзат баласының мына дүние жайлы ойын қалыптастыратын ақпарат құралы деп айтсақ, артық айтпағандық болар еді. Арқалағаны алтын жандардың қанаты талмасын, көпшілікке сапалы әрі ашық ақпаратты жеткізіп, қоғам мен елдің мүддесіне қызмет ете бергей.



Сейдулла САДЫҚОВ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты:


ЖУРНАЛИСТИКА - МӘНІ ТЕРЕҢ МАМАНДЫҚ


Журналистика - біз бен сіз. Мұны жәй қарамау керек. Ұлттың рухани бағытын айқындауға пайдасы зор. Басқаларға аса қажетті болмауы мүмкін. Жалпы, әлемдегі ең қауіпті мамандық дер едім. Десе де, қоршаған әлем журналистерге үшін маңызды. Өз басым осы арнамен 50 жылдан астам айналысудамын. Алматы облыстық "Жетісу" газеті, оның алдындағы бергі қызметтер тікелей қатысты. Бүгінде Ахмет Ясауи бабамыздың атымен аталатын оқу орнында ұстаздық етудемін. Бар жиған-білген тәжірибемді шәкірттерімнің зердесіне сіңдірудемін. Алғыр, ынталы еліне қызмет істегісі келетіндерін көріп, іштей риза боласың.


Сонымен қатар, тағы бір қосып кететін мағынасы терең ой бар. Ол - ұлттық құндылық. Біздер сөз майданының айналасында жүргеннен кейін, патриот болғанымыз абзал. Өз туған жеріміздің қадір-қасиетін сезініп, оны терең сезінген жөн. Қазіргі таңда біздерге ең қажеттісі тәжірибе мен ұлттық тәрбиенің мағынасын түсіну маңызды болып тұр. Ол үшін әрбіріміз өз шежіреміздің ешкімнен кем еместігін ұғына алсақ, алға ілгерілегеніміз. Әсіресе, жас журналистер ілім мен ғылымды қазақы ойлау жүйесі арқылы өздеріне сіңіре білсе, онда одан нағыз журналист шығады. Ең бастысы, шеберлікті шыңдауды тоқтатпаған дұрыс. 


Журналистика - қасиетті мамандық. Өзімнің 50 жылдан астам уақытымды осы салаға арнадым. Жемісін көрудеміз. Әрине, түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Дегенмен, ондай жайттарды еңсеріп жеңіп шығу әркімнің өзіне байланысты. Ал жас өрендерге айтарымыз қанаттарың талмасын дейміз.



Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі:


ЖУРНАЛИСТІҢ РУХЫ МЫҚТЫ БОЛУЫ КЕРЕК


Дүниежүзіндегі барша мамандықтардың ішінде маңдайы жарқырап, жұртқа сапалы ақпарат жеткізетін ерекше мамандық. Былайша айтқанда, алтын көпір. Ал ақпарат көздерін анықтай отырып зерделеу әрі оны оқырман қауымға дұрыс жеткізу журналистің тікелей міндеті деп айтсақ, артық емес. Ең бастысы, журналистерге керегі ішкі рухтың мықтылығы. Мықты адам болсын, журналист, өзге саланың майталманы болсын, рухы, ерік-жігері мықты болса, биікті бағындырады.


Егер ит адамды қапса, жаңалық емес. Ал адам итті қапса, онда сенсация. Үнемі ойланып жүресің. Ылғи ақпарат көздерін назарда ұстайсың. Соңында мақаланы баспаға беріп, нәтижесін көргенде бір марқаямыз. Міне, бұл тілшілер қауымының жетістігі. Әр газет, сайт, телеарнаның өзіндік асханасы болады. Журналист ғаламда біреу ғана. Ол бөлшектенбейді. Дегенмен әркімнің өзіне лайық стилі бар. Онысы жөн. Біз де республикалық «Жас алаш», «Ақын», қала берді «Дала мен қала», «Заң» газеттерінде қызмет атқардық. Заманның талабына сай сайтты игердік. Негізі бәрі тәжірибемен жетеді. Сол себепті қаламды қару еткендер зерек болғаны абзал. Сонда ғана нан тауып жеудің жолы айқындалады. Ақша табан астында жатады. Тек соны тере білу керек. Біздер осыларды өмірден үйрендік. Соңымыздан ерген жастарға бағдаршам болар деген ниетпен айтудамыз.



Бекжігіт СЕРДӘЛІ, Халықаралық Ақпараттандыру  Академиясының академигі, композитор: 


ЖУРНАЛИСТИКА ҰТҚЫРЛЫҚТЫ ШЫҢДАЙДЫ


Бүгінде еліміздегі 21 университет журналистер дайындайды. Ең таңдаулы талапкерлер ұмтылатын. Ол кезде ҚазҰУ-ға түсу қиын еді. Қазір басқашалау. Бірақ барлығы сапасыз демейміз. Арасында дарындылары да баршылық. Ілімгер, өнерлі жастарды байқаймын. Шетінен өнерлі. Бұл – қажет дүние. Асылында, логикасы мықты ізденушілер қуантады. Бәлкім, болашақта тау қопарып, елді таңғалдыратындар солардан шығуы мүмкін. Журналистикаға ынта керек. Сонда ғана алға ұмтылыс болады. Заңғар биікті бағындырады.




Өркен МЫРЗАБЕК, журналист:


АРМАНДЫ ІСКЕ АСЫРУ КЕРЕК


Ақпарат айдынында жүрген мен үшін  журналистика ғажайып көрінеді. Мұнда епті жандар шыдайды. Әсіресе, телеарна тылсымға толы. Мұнда теорияңды іске асыру шеберлік. Уақыт әмбебаптықты талап қылады. Бұл ғаламда нағыз сүйәспеншілігі мол, зерек, ынталы тілші бола салсаңыз – озғаныңыз. 


Мен өзім мамандық таңдарда біраз ойландық. Үйдегілермен ақылдастым. Ақыр соңында бір шешімге келдім. Яғни, журналист болуды көздедім. Сол мақсатта өзімді дайындадым. Ең қызығы, маған бұл салада оқу аса қиындық тудырмады. Өйткені қалауым, ниетім осы жолда болды. Қайтсем де мықты, алғыр тілші болуды ойладым. Ол үшін ұстаздардың айтқанын істеп, қажетті кітаптарды оқыдым. Нәтижесін жұмыста көрудемін. Жаңа жоғарыда жұмыстың қыр-сырына біршама тоқталған болатынмын. Соны тереңдетіп айтсам деп тұрмын. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүріп, біраз теориялық ілім жинадым. Ұстаздарымызға мың рақмет! Дегенмен оны әрмен қарай дамытып, жетілдіріп, ғаламторды жақсылап үйрену өз қолыңызда. Қазір бәрімізден әмбебап болу талап етілуде. Себебі бұл заманның талабы. Ақпаратты әркімдер интернетке сала алады. Болған жағдайдың бүге-шігесіне дейін, сапалы етіп тарату тек тілшілер қауымының біліктілігіне байланысты. Әйтпесе, әлеуметтік желіден неше түрлісін көрудеміз. Соның бәрін ашып,  ұғынықты етіп жасай білетін журналистер дейтін қауым бар. Жалпы айтқанда, өзім осы салада жүргеніме іштей ризамын.


Менің ойымша, журналистерден түрлі кәсіп иесі шығады. Біздердің табан тіремейтін жерлеріміз, баспайтын белесіміз жоқ. Қайда жиын, қайда брифинг, жиналысғ сол аймақтардан елге ақпар береміз. Бір жағынан, журналист адам бейтарап болуы шарт деп ойлаймын. Өйткені, ешкімнің ығына жығылып, қолшоқпар болуға болмайды. Бұл - этикаға жат. Сондықтан қарапайым халықты сапалы ақпармен қамту - тікелей борышымыз. Осы аталғандарға адал қарайтын болса - озғанымыз.  Кей-кейде тебіреніп қоямын. Нағыз аламанда жүр екенбіз ғой деп. Болашақ тілші болғысы келетін жандарға айтарым, бұл саланы жақсы көре білу керек дегім келеді. Сонда сіз құдды жұмыс істемеген адам кейпінде ғұмыр кешесіз. Өзімді осы салада жүрген бақытты жандар санатына қосамын.


Шерхан Мұртаза, Шерағаң «Журналистің жегені - жантақ, арқалағаны - алтын» депті. Аталған пікірлер де осыған саяды. Қалам мен қарымын егіз ұғым ете білген журналистер озады демекпін.


Білгір Карл Краус «Ойыңа бірде-бір ой келмесе де, оны қағазға түсіре білгенде ғана журналист боласың» дейді.  Ең бастысы, жазу шеберлігі мен ойыңның анықтығын ұштау қажет. Сонда ғана білгір журналист атанасың. Жоғарыдағы пікірледі топтай келгенде осыған саяды. Журналистика біз сүріп отырған қоғамның айнасы, ойы, көмегей тілі һәм соғар жүрегі демекпіз!


                                                             

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04