ffin.kz

Жұмысқа  ықылас қайткенде оянады?..

Жұмысқа  ықылас  қайткенде оянады?.. lifeha.ru

    Осыдан біраз уақыт бұрын жұмысқа бару деген сіз үшін мейрамға, тойға барумен пара-пар еді. Сол үшін әдемі киініп, ерекше дайындалатынсыз. Ал, қазір... Қазір жұмыс десе алға басқан аяғыңыз кері кетіп, жүйкеңіз сыр беріп жүр. Мұның себебі неде? Кеше жанға қуаныш сыйлаған жұмысыңыз бүгін неге көңіліңізді жабырқатады?


    Бастапқыда жұмыстағы жағдайдың  бәрі сізге қызық, бәрі құпия болатын. Міне, осы жұмбақты шешіп, жетістікке жету үшін алға ұмтылатын едіңіз. Уақыт өтті. Кеше асығып жететін, шешуге жанталаса кірісетін шаруалардың барлығы бүгінде қарапайым тірлікке  айналған. Мұндай жағдайды мамандар карьералық тұйыққа тірелу немесе күйзелістің басталуы деп бағалайды. Егер мұндай жағдайды өзіңізден байқасаңыз, онда тығырықтан шығатын жолды тезірек іздегеніңіз дұрыс.


    Жұмысқа деген ықыласыңыздың жоғалғанын байқадыңыз ба, онда арқаны кеңге созып жүре берудің керегі жоқ. Бірден демалыс алыңыз. Қызметтегі барлық байланыстан өзіңізді шеттетіп, киім-кешегіңізді жинаңыз да бірден  демалыс орнына жол тартыңыз. Егер сіздегі күйзеліс жұмыстан жалыққаннан емес, шаршағаннан болса демалыстан кейін жағымсыз әсердің бәрі артта қалады. Ал егер демалыстан кейін де жұмысқа зауқыңыз болмай, айналаңыздағының барлығы қызықтырмайтын болса онда басқа тәсіл іздегеніңіз дұрыс. Сонда тығырықтан шығуға ненің көмектесуі мүмкін? Барлығы сіздің жұмысқа деген ықыласыңыздың өзгеруіне не себеп болғанына байланысты.



    1. Кәсібіңіздің жалықтыруы. Бұған дейін сізге маңызды, қызықты көрінген дүниелер қазір өз мәнін жоғалтқан. Не істеу керек? Өзіңіз атқаратын шаруалар шеңберін кеңейтіп, жұмыс тәртібіне біраз өзгерістер енгізіңіз. Басшымен сөйлесіп, өзіңізге бұрынғыдан күрделірек, көбірек жұмыс беруді сұраңыз немесе артық жұмысты өз еркіңізбен-ақ тындыра беріңіз. Уақытты пайдалы әрі қызықты өткізудің амалы жетерлік. Айталық, білім жетілдіретін курстарға барыңыз, қосымша кәсіп меңгеріңіз, тренингтерге қатысыңыз. Қандай кезде де басшылық ізденімпаз маманнан қол үзіп қалғысы келмейді. Бұдан кейін де жағдай өзгермесе, амал жоқ, жұмысты ауыстыруға тура келеді.


    Бұған бейім топ: кәсіби біліктіліктің жалықтыруы кез келген жанның басынан өтеді. Әсіресе, шығармашылық адамдары, көпшілікпен жұмыс істейтін мамандар бұл мәселемен жиі бетпе-бет келеді.


     



    1. «Өсуге» үміттің жоқтығы.


       Міне, бір орында қанша жылдан бері табан аудармай адал жұмыс істеп келе жатсаң да басшылық тарапынан сенің еңбегіңді бағалап өсірейін, жалақыңды көтерейін деген ниет байқалмайды.


    Не істеу керек? Ең алдымен бұл компанияға қаншалықты еңбегіңіз сіңгенін ойша таразылап көріңіз. Егер тындырғаныңыз көп болса онда ойыңызды жинақтап, басшылыққа талап қоя біліңіз. Ең бастысы, бастыққа кірер алдында жақсылап дайындалыңыз. Нақты деректер, сенімді айтылған сөз ­– сіздің ең басты қаруыңыз екенін естен шығармаңыз. Ал, басшылық сөзіңізді жүре тыңдап, талабыңызға көңіл аудармаса жұмыс ауыстырғаннан басқа амал жоқ.


    Бұған бейім топ: әрі қарай кеңеюді, үлкеюді мақсат етпейтін шағын компания қызметкерлері


     



    1. Кәсіпке көңіл толмаушылық.


    Күндердің күнінде сіз өзіңізге мүлде жат, табиғатыңызбен сәйкес келмейтін кәсіппен айналысып жүргеніңізді байқайсыз. Мұндайда не істеген дұрыс? Әрине, бұлай өкінбес үшін сізге мамандық таңдаған кезде жақсылап ойланып, асығыстық жасамау керек еді. Ал, енді 16-17 жыл өтіп кеткеннен кейін ойланудың мәні бар ма? Десек те, қанша уақыт өтсе де өзгерістен қорықпаңыз. Жасыңыз орта жастан асса, әрине, кәсіпті өзгерту аса қолайлы бола қоймайды. Бірақ басшы жалақыны да төмендетіп, қызметте де көтермелеуді ұмыт қалдырса, шамаңыз келетін, өзіңіз қызығатын басқа жұмыстарды ақырындап меңгере бастағаныңыз дұрыс. Шегінетін несі бар? Сіздің жұмыс тәжірибеңіз мол. Бұл ­­– ең басты артықшылығыңыз. Сондай-ақ, көптен бері өзіңіз хоббиге айналдырып жүрген ісіңізді де кәсіп етіп, пұл табуыңызға болады. Кейде осы қызығатын ісіңізге біршама уақыт бөлудің өзі өміріңізді мәнді ете түседі. Ал енді жас болсаңыз әңгіме бөлек. Күш-қуатыңыз бойыңызда, сізге артқа шегінудің реті жоқ. Өзіңізді барлық кәсіпте сынап көріңіз. Көңіліңіздегіні тапсаңыз ісіңіз де өнімді болмақ.


    Бұған бейім топ: кәсібі бойынша өзін көрсете алмаған, бойындағы қабілетін аша алмаған адамдар.


    Р.S. Жалпы, бір орында отырып қалмай, 5-6 жыл сайын  жұмыс өзгертіп отыру тоқырап қалудан сақтайды. Әрі жаңа жұмыстың жаңа өзгеріс, үміт сыйлары анық.


    Дайындаған Роза ҚҰРМАНБАЙ.


     



    Сіздің реакцияңыз?
    Ұнату
    0
    Ұнамайды
    0
    Күлкілі
    0
    Шектен шыққан
    0
    Соңғы жаңалықтар

    08:05

    19:10

    18:45

    18:02

    17:43

    17:39

    17:31

    17:20

    17:17

    17:05

    16:54

    16:41

    16:15

    16:05

    15:56

    15:39

    15:21

    15:14

    14:45

    14:40

    14:34

    14:07

    13:47

    13:30

    12:58