Алматыда халықаралық алқалы жиын өтті
Алматы қаласында «Зерттеу университетінің қазақстандық моделі – 20 жылдық даму тәжірибесі» атты халықаралық форум және ТМД жетекші аграрлық ЖОО ректорлары кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті деп хабарлайды almaty-akshamy.kz
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында өткен форумның негізгі мақсаты – Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану бойынша ҚазҰАЗУ-дың өз тәжірибесін тарату, ТМД елдерінің аграрлық жоғары оқу орындарының ынтымақтастығын дамыту, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ғылым саласындағы нәтижелермен алмасу және аграрлық білім мен ғылымның сапасын арттыру үшін тиімді және сындарлы басқару шешімдерін қабылдау болып табылады.
Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, «ҰАҒБО» КеАҚ Басқарма төрағасы Дархан Балпанов, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев (онлайн форматта), мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, QS ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Аймақтық директоры Сергей Христолюбов, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындары Ректорлар кеңесінің мүшелері, Қазақстан, ТМД және шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академиктері мен ғылыми ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Форумды ашқан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау лебізін жеткізді.
Министр Е.Қарашөкеевтің айтуынша, еліміздің аграрлық секторын дамыту бүгінде ұлттық экономиканың жедел өсуінің негізгі буыны болып табылады. 2025 жылдың соңына дейін есептелген жаңа Ұлттық жобада көрсетілген агроөнеркәсіптік кешеннің басты міндеті – елді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету екені атап айтылды.
«Бұл мәселені шешу үшін бәсекеге қабілеттілікті арттыруды жеделдету, ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін өндіріске, сондай-ақ инновациялық технологияларға енгізу және тиімді агротехнологиялар трансфертін жүзеге асыру қажет. Біздің жоғары оқу орындарымыздың ғылыми әлеуеті жоғары екені баршаға мәлім. Болашақ мамандар жаңа білімнің аясында тәрбие алады, әрі болашақта өндірісте тиімді басқару шешімдерін қабылдауға қабілетті инновациялық технологияларды игеретін сапалы кадрлар қатарын толықтырады. Іс жүзінде ҚазҰАЗУ-дың «білім-ғылым-өндіріс» инновациялық сипаттағы нәтижелері отандық агрокешеннің дамуына үлкен әсер ететінін көріп отырмыз»,– деп атап өтті министр.
Осы форумды өткізу қарсаңында биылғы 6 маусымда жыл сайынғы он үшінші Халықаралық жазғы мектеп жұмысын бастағаны белгілі. Оған Америка, Еуропа, Тынық мұхиты өңірі мен ТМД-ның 33 елінің өкілдері: 260 тыңдаушы офлайн және 250 тыңдаушы онлайн-режимде қатысуда. Ал 96 шетелдік ғалым – әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының өкілдері.
Сондай-ақ, 8-9 маусымда Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше 57 елдің қатысуымен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының жоғары деңгейдегі форумы сәтті өтті. Онда ИЫҰ елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігінің ең өзекті мәселелері қаралды. Мысалы, ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын арттыру, жануарлардың өнімділігін арттыру табиғи апаттардан, атап айтқанда, құрғақшылық кезіндегі тәуекелдерді азайту, жайылымдарды суландыру үшін энергия көздерінің тапшылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік өнімдеріне бағаның өсу себептері талқыланды. Экономиканың аграрлық саласына инвестициялар тарту жолдары, университеттердің, жастар мен әйелдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі сияқты негізгі мәселелер қаралды. Форум аясында университетте азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Халықаралық зерттеу орталығы және Халал ашылды, ол ИЫҰ елдерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық аграрлық ғалымдар мен халықаралық сарапшылардың күш-жігерін шоғырландыру үшін диалог алаңына айналады.
Бүгінгі таңда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті іс жүзінде еліміздің бәсекеге қабілеттілігіне нақты әсер ететін аграрлық секторды жедел дамытуды білім беру, ғылыми, инновациялық қызметінің ядросына айналды.
Форум аясында ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда жоғары білім берудің өзекті мәселелері мен оны дамыту перспективалары егжей-тегжейлі қаралды. Форумға қатысушылар бірлескен белсенді жұмыстар үшін өз ризашылықтарын білдіріп, ТМД-ның жетекші аграрлық жоғары оқу орындары Ректорлары кеңесі қызметінің барлық бағыттары бойынша жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.