«Jibek Joly» теміржол туры іске қосылғаннан бері 540 турист осы бірегей бағытқа билет сатып алған. Жоба Орталық Азияның көрнекті бренді бола алатын перспективалық туристік өнім ретінде өзін танытты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Оңтүстік» аймақтық филиалының директоры Руслан Жалғасбай мәлім етті, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Оның айтуынша, қазіргі уақытта пойыз Ұлы Жібек жолы бойынша саяхаты сәтті жүзеге асып, оның бағдарламасына Орталық Азияның ең көне қалаларының бірі Тараз қосылды.
«Келесі сапар Наурыз мерекесіне орай жоспарланған. Тур «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Тараз – Алматы» бағытын қамтиды және билеттер толығымен сатылып кетті. Сапарға 300 адам шығады деп күтілуде», - деді Руслан Жалғасбай.
Өз кезегінде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы Қазақстан мен Өзбекстанды байланыстыратын жоба өткен жылдың қараша айында басталғанын еске салды. Саяхатқа қазақстандықтар ғана емес, Түркия, Қырғызстан, Украина және Ресейден келген туристер арасында тұрақты сұраныс бар.
«Бұл жоба өңірлік туризмді дамытудың жаңа перспективаларын ашып, мәдени байланыстарды нығайтуға және туристік ағынды кеңейтуге ықпал етеді», - деп атап өтті Даниел Сержанұлы.
Бұл ретте, «Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қауымдастығының төрағасы Мунирам Ахметованың айтуынша, халықаралық турдың ұзақтығы бес күнге созылады. Туристер ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттайды және екі елдің көрікті жерлерін аралайды.
«Бұл турдың басты артықшылықтарының бірі - жайлы тұру. Туристер демалуға барлық жағдай жасалған пойызда түнеп, күндіз тарихи орындарды белсенді түрде зерттейді», – дейді Мунирам Ахметова.
Оның айтуынша, тур бағдарламасына гид, тамақтану, көлік қызметі және экскурсияларға кіру билеттері кіреді.
Осылайша, «Жібек жолы» трансшекаралық пойызы елдер арасындағы туристік байланысты нығайтып, өңірдің мәдени мұрасын танымал етудегі маңызды бастамаға айналып отыр.