ffin.kz

Жазылған жайдың жаңғырығы. Қамбар батыр «арақты қоятын» болды ма? 

Жазылған жайдың жаңғырығы.  Қамбар батыр «арақты қоятын» болды ма?  Almaty-akshamy.kz

Кеше осы фейсбуктегі досымыз Saule Turkiya "Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жырында "арақ" сөзін кездестіргенін айтып, жырдың осындай нұсқасының бар-жоғын сұрап, осы тақырыпты білетіндерден дұрыс-бұрысын анықтап беруді өтініп, жазба жариялады. Бүгін Ерболат Айнабеков бауырымыз Шәкәрімнің кітабында да сондай мысалдардың өріп жүргенін жазып отыр. Ал менің есіме осыдан 7-8 жыл бұрынғы дау-жанжалдың түсе кеткені. Арақ пен темекі "Қамбар батыр" жырынан да табылып, фейсбук бетінде әжептәуір әңгіме болған-ды. Мынау - сол кезде жазылған шағын реплика еді.


***


Жырдағы қазақ батырын «бөтелкеге ашытып» арақ ішетін, соғысып болған соң... «шылымын шегіп тұратын» кейіпте сипаттаған «Мектеп» баспасының оқулығы түзетіліп, қайта басылатын болыпты.


Бұл мәселе туралы, оқырманның есінде болса, «Бұзылған батыр» деген тақырыппен біз де мақала жариялаған болатынбыз («Алматы ақшамы», 1 қазан, 2015 жыл). Онда Ұлықман Асылов, Төкен Жұмажанова және Ғани Бейсембаевтардың авторлығымен «Мектеп» баспасынан жарық көрген, 9-сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясының 47, 49 және 52-беттеріндегі:


«...Қыз Назым мінді өрмекке


Иісін жұпар аңқытып.


Ғашықтық түсті басына


Сүйегін жаман жасытып.


Даярлап қойды шараға


Қасына қымыз тасытып.


Қайтқанда Қамбар ішсін деп,


Арақ пен шарапты


Сандыққа салып сақтады


Бөтелкеге ашытып...» 


немесе:


«...Қан сасытып қырады.


Түс ауып, бесін болғанда


Артына мойын бұрады.


Қара қасқа атты қаңтарып,


Маңдайын сүртіп демалып,


Шылымын шегіп тұрады...» – деген сияқты сөздердің жүргені сынға алынған еді. 


Мұндай масқараны алғаш аңғарып, жұртшылық талқысына салған – фейсбук әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы Алмас Жұмағали болатын. Содан көпшілік жаппай наразылық білдіріп, «Қамбар батырдың» ел еш күтпеген «жаңа нұсқасын» ойлап тапқан оқулықтың мектепте қолданылуын тоқтатуды талап еткен-ді. Білім және ғылым министрлігі, «батырдың арақ ішіп, шылым шеккені де таңсық болып па?» дегендей, елең етпеген соң, іске депутаттар араласқан еді. 


Ақыры Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың атына Бас прокуратурадан жауап келіпті. Хатта әлгі «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясының қайта басылатыны, оның ішінде «Қамбар батыр» жырының әу бастағы дұрыс нұсқасы болатыны жөнінде айтылыпты. 


Сөйтіп, батырымыз бұдан былай «арақ ішкенін», «шылым шеккенін» қоятын сияқты. Дұрыс-ақ. Әнші Бүркіттің өзі әйелі Айшаның айтуымен темекіні тастапты ғой. Қазақ баспасөзі мен оқырмандарының, әлеуметтік желі қолданушыларының, жалпы қазақ жұртшылығының Айша ғұрлы абыройы бар шығар, Қамбар да тәртібін оңдап, «салауатты өмір салтына» көшер. Енді тиісті орындар әйтеуір «рецидив» болмауын, түзелген батырдың ішу-шегуді қайта бастап кетпеуін, яғни қайта басылмақ оқулықтың шынында да ойдағыдай дұрыс шығуын қадағалауы керек-ақ...


Сәкен СЫБАНБАЙ


("Алматы ақшамы", 2 тамыз, 2016 жыл)


* * *


Бұл оқулық кейін түзетіліп, қайта басылды ма - хабарым жоқ. Қамбардың "ішуді қойғанын" қайтейін, мына жақта енді Қозы "бастап" кетіпті (оған Шәкәрім "қосылған" дей ме). Жарайды, жыр-дастандардың бірнеше нұсқасы болатыны бәрімізге де мәлім. Дегенмен солардың ішінде ең кең таралғаны, негізгі нұсқа саналатыны бар шығар? Мектеп бағдарламасына да сол нұсқаның енгені жөн емес пе? Фольклортанушы мамандардан әділ төрелігін күтеміз...







Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04