Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қос басылым – «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Almaty» газеттерінің оқырмандары қуанышқа кенелді. Үрдіске айналған ұтыс ойыны биыл да жалғасын тауып, жеңімпаздар есімі белгілі болды.
Жалпы, газет оқырмандары арасында ұтыс ойынын өткізу – қос басылымның ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі. Сондықтан «Alataý aqparat» ЖШС ұжымы өткен жылы да газетке жазылушылар арасында дәстүрлі «Жазыл да, ұтып ал!» атты байқауын жариялаған еді. Қала тұрғындары бұл жолы да ұтысқа қатысып, бағын сынамаққа газетке жазылғанын растаған түбіртектерді жібере бастады. Биыл газетке жазылушылардың қатары көбейіп, санының арта түскені байқалды.
Жеңімпаздарды құттықтауға арналған салтанатты іс-шарада «Alаtaý aqparat» ЖШС коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев байқаудың әділ әрі ашық түрде өткенін жеткізсе, барлық ұтыс иелерін «Alаtaý aqparat» ЖШС директорының орынбасары Абухалил Джалилов пен «Almatу aqshamy» газеті бас редакторының орынбасары Әнуарбек Әуелбек, «Вечерный Almaty» газеті бас редакторының орынбасары Евгений Рахымжанов құттықтап, оқырман мен газет арасындағы алтын арқауға айналған байланыстың маңыздылығына тоқталды.
Ұтыс жеңімпаздары да осындай үрдісті үзбей өткізіп келе жатқан «Alataý aqparat» ЖШС ұжымына ризашылықтарын білдірді.
– Мен ұзақ жылдан бері білім саласында қызмет еткен жанмын. «Almatу aqshamy» газетіне 1988 жылдан бері жазыламын. Тіпті, газетке жазылғаным жөніндегі түбіртектердің бәрі әлі күнге сақтаулы. Мен жалпы ұстаз болғандықтан, төл басылымымыз «Almatу aqshamy» газетіне үзбей жазылып, бір бетін қалдырмастан оқып отыруды әдетке айналдырған жанмын. Қазіргі кезде құрметті еңбек демалысына зейнетке шықсам да, сүйікті басылымнан қол үзген емеспін. Көбіне үйде отырғандықтан, газетті елеңдеп күтетін болдым. Осы газет арқылы шаһарымызда болып жатқан барлық жаңалықты біліп, құлағдар болып отырамын. Бүгінгі ұтыста шаңсорғыш ұтып алдым. Бұл да бір үй тіршілігіне қажетті, пайдалы дүние ғой, – дейді оқырманымыз, ұтыс жеңімпазы Сұлужан Жолымбетова.
– Мен қалалық «Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту» басқармасын 27 жыл басқарған адаммын. Сол кезде газетпен де, оның тілшілерімен де тығыз байланыста болдым. Жалпы, газеттің 1978 жылдан бергі тұрақты оқырманымын. Тұрғындарға қажетті ақпараттарды осы газет арқылы дер кезінде жеткізіп отырдық. Бүгінде зейнеттемін, әлі де газетпен байланысым үзілген емес. Бұл жолы түбіртекті ұтысқа менің немерем жіберген еді. Яғни бұл газетті тек зейнеткерлер ғана емес, жастардың да оқитынын көрсетсе керек, – дейді қоғам қайраткері, ұтыс иесі Амангелді Нұрланов.
Сондай-ақ, ұтысқа ие болған «Almaty aqshamy» газетінің оқырмандары – Н.Есім беков «SUPRA» мультиваркасын, Р.Тезекбаева «AVM-20W» қысқа толқынды пешін, «Вечерний Almaty» газетінің оқырмандары Т.Галанцева «SUPRA» мультиваркасын, Э.Зиновьева «AVM-20W» қысқа толқынды пешін ұтып алды.