Жасыл саябақтар тұрғындардың  жайлы тұрмысы мен өмір сүру сапасын арттырады

Жасыл саябақтар тұрғындардың  жайлы тұрмысы мен өмір сүру сапасын арттырады Самат Құсайынов

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба тұрғындарға өз идеяларын ортаға салып, қаланың көркейіп, абаттануына тікелей атсалысуға мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда мегаполисте жалпы құны 39,1 млрд. теңгені құрайтын 938 жоба іске асқан. Ал биылғы 2025 жылдың қалалық бюджетінде бағдарламаға 17,1 млрд. теңге қарастырылған.

Әдемі заманауи скверлер

Біз өткен аптада дәл осы жоба аясында Әуезов ауданындағы жаңарған аумақтарды аралап қайттық. Көрген сәттен-ақ бағдарламаның игілігін тұрғындар сезініп жүргені анық байқадық. Олар қала басшылығына деген ризашылықтарын жасырмай айтып, алғыстарын жаудырып жатты.

Әкімдік қызметкерлерінің мәліметінше, OpenBudget порталы арқылы аудан тұрғындары бірнеше бос аумақты жасыл саябаққа айналдыруға өтініш білдірген. Соның бірі – №8 ықшамаудандағы Алтынсарин көшесінің бойындағы №37 үйдің  жаны. Бұрын қаңырап бос жатқан жер қазір тұрғындар демалатын әдемі заманауи скверге айналған. Ұзындығы 16 метрлік жайлы орындықтар, айнала толық жасыл желекпен көмкерілген қоғамдық кеңістікке газон төселіп, ондаған ағаш пен бұта, көпжылдық гүлдер отырғызылыпты. Әдемі жарық шамдар мен бейнебақылау камералары, қоқыс жәшіктері де қарастырылған. Асфальт пен брусчатка төселген серуендейтін жолдар аймаққа ерекше сән беріп тұр. Ал жасыл желектер үшін орнатылған суару жүйесі ондағы көгалдың жыл бойы жасыл күйін сақтап тұруына мүмкіндік бермек. Бұл жұмыстар мердігер ұйым – «Сұлтан құрылыс» ЖШС тарапынан жасалған келісім-шарт аясында жүзеге асырылған. Бүгінде абаттандыру жұмыстары толық аяқталып, нысандарды қабылдап алу шаралары жүргізіліп жатыр. 

Аудан әкімдігінің мәліметінше, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қосымша көгалдандыру шаралары да жүргізілген. Соның нәтижесінде 180-нен астам ағаш пен бұта отырғызылып, 400 дана жасыл қоршау жасалды. Сонымен қатар, 1200 шаршы метр аумаққа заманауи автосуару жүйесі орнатылды. Бұл жұмыстардың барлығы қала экожүйесін сақтауға бағытталған.

Жаңа скверге жиі келетін алматылықтар айналадағы өзгерістерге дән риза. Қызын емханаға алып келген қала тұрғыны Салтанат Қашағанова ем-шара кезінде осы саябақта тынығып алатынын айтады:

 – Мұнда өте жайлы. Өткен жылы келгенімде бұл жерде ештеңе болмаған еді. Қазір жаздың аптап ыстығында саябақта отырып тынығуға болады. Қалада осындай орындардың көбеюі бізге үлкен қуаныш сыйлайды. Бұл – биліктің тұрғындарға шын мәнінде қамқорлық жасап отырғанының айғағы, – деді ол.

Анадай жердегі жайлы орындықта ұлымен демалып отырған алматылық тұрғынға жақындап жөн сұрадық. Өзін Мира Қарғабаева деп таныстырған ана Әуезов ауданына қарасты №127 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Мұнда ұлымен бірге қыдырып келе жатып, демалып отыр екен. 

– Бұрын бұл жер қараусыз, қоқысқа толы болатын. Енді брусчатка төселіп, орындықтар қойылып, гүлдер мен ағаштар отырғызылған. Қаламыз жыл өткен сайын көркейіп келеді. Мұндай өзгерістердің барлығы қала әкімі Дархан Сатыбалдының еңбегі деп ойлаймын. Алматының бүгінгі бейнесі бұрынғыдан мүлде бөлек. Әр қадам сайын әсемдік пен тазалықты көріп, шетелдік қалаларға ұқсай бастағанына қуанамыз, – дейді Мира Жеңісқызы.

Демалыс аймақтары

Аудан тұрғындарының ұсынысы негізінде жүзеге асқан тағы бір сәтті жобалардың бірі – Пятницкий көшесінің бойындағы №86 үй мен әскери мектеп арасындағы аумақ. Бүгінде адам танымастай өзгеріп, заманауи қоғамдық кеңістікке айналған аймаққа 680 шаршы метр асфальт пен 220 шаршы метр брусчатка төселіп, балаларға арналған түрлі-түсті ойын алаңдары орнатылған. Алыстан көз тартатын 6 тренажер мен воркаут алаңы жасөспірімдердің уақытын тиімді өткізуге таптырмас орын, үлкендер тынығатын көлеңкелі орындықтар да әдемі орналастырылыпты. Айналаны көгалдандыру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп, 600 метрлік автосуару жүйесі тартылған.

Осы демалыс орнында біз әскери мектептің қызметкері Оксана Джаримбетова мен Алматы техникалық байланыс колледжінің маманы Қанапия Айшолпанмен тілдестік. Күннің ыстығына қарамай, көлеңкеде, тербетілетін орындықта әңгімелесіп отырған олар қуаныштарын жасырған жоқ.

– Қандай керемет! Бұрын бұл жерден жиі өтетінбіз. Қаңғыбастар жүретін, қараусыз қалады деп ойлайтынбыз. Ал қазір қараңызшы, тура шетелдегідей болып өзгеріпті. Балалар да қауіпсіз ойнайтын алаң тапты. Осындай орындар қаламызда көп болса екен, – дейді қыздар шаттана.

Тұрғындардың шынайы қуанышы бұл жобаның қаншалық маңызды әрі қажетті екенін тағы бір дәлелдеп берді.

Қала үшін әрбір көгалдандырылған ауланың, әрбір ойын алаңының маңызы зор. Өйткені, мұндай игілікті істер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзара сыйластық пен бірлікті де нығайтады. Бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Алматыны одан әрі жайлы да көрікті қалаға айналдырары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:34

12:55

12:49

12:48

12:06

11:59

11:42

11:33

11:15

11:09

10:32

10:28

10:27

10:19

10:12

02:24

17:55

17:40

17:32

17:09

16:39

16:28

16:15

16:14

16:07