Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
2004 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.
- Саяси реформалардың бүкілұлттық бағдарламасы
- ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы.
- Нұр – Сұлтанда Елбасы резиденциясы – «Ақ орданың» ашылуы.
2004 жылы республикада саяси модернизациялау мәселелеріне, Елбасының дәстүрлі Жолдауында айтылғандай,демократиялық реформаларды тереңдете дамыту қажеттілігіне айырықша басымдық берілді. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Президенті жанынан Демократия мен азаматтық қоғам мәселелері жөнінде ұлттық комиссияның құрылуының саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын дайындаудағы маңызы зор болды.
Бұл жыл еліміз үшін саяси жаңғыру мәселелерінде нағыз серпілісті кезең ретінде сипатталады. Мемлекет Басшысы 2004 жылғы 19 наурыздағы "Бәсекеге қабілетті Қазақстанға, бәсекеге қабілетті экономикаға, бәсекеге қабілетті ұлтқа" атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі ретінде демократиялық реформаларды одан әрі тереңдету қажеттігі туралы мәлімдеді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан демократия және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды, ол саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын жан-жақты талқылау және оны іске асыру жөнінде практикалық шаралар әзірлеу мақсатында азаматтық қоғаммен кең диалогты ұйымдастыруға ықпал етуге тиіс болды.
Жылдың басты стратегиялық бағыттары: билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта қарап,мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, бюджетаралық «бөліністі» енгізу,сайлау заңдылығын либераландыру,әкімдердің сайлануын кезең-кезеңмен енгізу,Парламент өкілеттігін кеңейту,мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру,жемқорлыққа қарсы күресті нығайту. Сайлаушылар тізімдері мен дауыс беру процесін ашық әрі әділ жүргізуге және сайлау нәтижелерін анықтау кезінде ашықтықты, дәлдікті және жеделдікті қамтамасыз етуге бағытталған "Сайлау" электронды дауыс берудің автоматтандырылған ақпараттық жүйесі пайдалануға берілді. Маңызды оқиғалардың бірі – Президент бастамашысы болған Еуразиялық одақ идеясының 10 жылдығы. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Еуразияшылдық: идеядан – практикаға" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Бұл жылы Алматыда ақпараттық технологиялар паркі, өндірісі дамыған аймақтарда үш технопарк құрылды. 2003-2015 жылдарға индустриалды-инновациялық даму Стратегиясын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінді.Машина жасау,құрылыс,химия мен мұнай өндірісі,ақпараттық технология,металлургия, аэрокосмостық қызмет салаларында жаңа жоғары технологиялық өндірісті дамыту қолға алынды.
9 қаңтар
Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Президенті В.В. Путинмен кездесті. Президенттер Конгресс-холлда өткен Қазақстандағы Ресей жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
18-22 қаңтар
Елбасы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елдің басшысы Шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянмен кездесуі екі елдің ынтымақтастығында жаңа тиімді байланыстарға жол ашты. Сапар аясында «Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері» бизнес форумының өтуі бұл ынтымақтастыққа алғышарт жасады.
6 ақпан
Елордада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қазақ даласы үшін маңызы зор әлеуметтік-экономикалық жоба, жиырмасыншы ғасырдың әлемге әйгілі тарихи оқиғаларының бірі - тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.
22 сәуір
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласында өткен III Еуразиялық медиа-форумға қатысты.
16-19 мамыр
Мемлекет басшысы мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасына барды. Екіжақты маңызды келіссөздердің нәтижесінде «Атасу – Алашаңқай мұнай құбырының құрылысы туралы» уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға мүмкіндік ашқан қадам болды.
24 мамыр
Украинаның Ялта қаласында Біртұтас экономикалық кеңістік құру туралы Келісімге келген Қазақстан, Ресей, Беларусь және Украина мемлекеттерінің басшылары бас қосты. Саммитте төртжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланды.
16-17 маусым
Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.
18 маусым
Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтанда өткен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің Х отырысына төрағалық етті.
Сол күні Президент Елордада ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті сессиясына қатысты.
28-29 маусым
Елбасы Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласында өткен Солтүстікатлантикалық альянсқа (НАТО/ СЕАП) мүше мемлекеттер саммитіне барды.
2 тамыз
Мемлекет басшысы Қазақстанға келген Америка Құрама Штаттары орталық әскери басшылығының қолбасшысы, генерал Джон Абизэйдті қабылдады.
6 тамыз
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан теміржолының 100 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, теміржол саласы қызметкерлерін мерейтойымен құттықтады.
13-19 тамыз
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Грекия Республикасына барды. Сапар аясында Мемлекет басшысы құрметті қонақ ретінде ХХVIII жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
7 қыркүйек
Президент Елордада өткен Қазақстан әйелдерінің IV Форумына қатысты.
8 қыркүйек
Мемлекет басшысы өзінің Алматыдағы резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Чех Республикасының Президенті В.Клауспен кездесті.
15 қыркүйек
Елордада Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті өтті. БЭК елдерінің көшбасшылары (Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина) шағын құрамда кездесті, содан кейін консультациялар делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты. Талқылау қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдемеде Владимир Путин, Александр Лукашенко, Нұрсұлтан Назарбаев және Леонид Кучма БЭК шеңберінде 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап межелі ел бойынша тауарлармен, оның ішінде табиғи газбен, мұнаймен және газ конденсатымен өзара сауда кезінде ҚҚС алу қағидатын енгізу туралы жариялады. Ресей, Беларусь, Украина және Қазақстан Президенттері Жоғары деңгейдегі топқа төрт мемлекет азаматтарының шекарадан өту ережелерін жеңілдету үшін қажетті келісімдер дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, мемлекет басшылары бірінші кезекте қол қоюға жататын 29 Халықаралық құжаттан тұратын тізімді мақұлдады.
19 қыркүйек
Ағымдағы жылдың басты саяси оқиғасы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы өтті. Сайлауға қатысқан партиялар арасында «Отан» – сайлаушылардың 67,5 пайызының дауысын алса, «Азаматтық» және «Аграрлық» партиялардың «АИСТ» блогы – 18,2 %, «Асар» - 5,2 %, «Ақ жол» - 2,6 %, Қазақстанның демократиялық партиясы – 1,3 %, өзін-өзі ұсынғандар – 5,2 % дауыс жинады.
12 қазан
Нұр-Сұлтан (ол кезде – Астана) қаласында Қазақстанның Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезі болып өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
17-18 қазан
Елбасы Душанбеде өткен Орталық Азия ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің басқосуына барды.
3 қараша
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, үшінші сайланған Парламенттің I сессиясын ашты.
30 қараша
Нұрсұлтан Назарбаев ұзындығы 400 шақырымнан асатын Алтынсарин-Хромтау теміржол желісінің тұсауын кесті.
1 желтоқсан
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерімен Каспий теңізі қайраңының қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
24 желтоқсан
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа резиденциясының ашылу салтанатына қатысып сөз сөйледі. «Қазақ елінің елордасы Астана болса, Астанамыздың жүрегі енді осы Ақорда болмақ» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
СТАТИСТИКА:
2004 жылы, жалпы айтқанда, Президенттің қатысуымен 300-ден астам шаралар өтті. Елбасы республика өңірлеріне 14 рет, шет елдерге 17 рет ресми сапарға шықты. Жыл аясындағы Мемлекет басшысының сапары 96 күнге созылса, оның 39 күні - шетелде, 57 күні - республика аймақтарында өткен.
Бір жыл ішінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік кадр саясатын жетілдіру, Каспий теңізінің қазақстандық секторын игеру, бюджет және т.б.өзекті мәселелер жөнінде 30-ға жуық кеңестер, жиналыстар өткізілген. Барлығы екі мыңнан астам құжаттар мен материалдар қаралып, оның ішінде 118 Заң қабылданып, 231 Жарлыққа қол қойылды.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ:
2004 жылы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің елеулі оқиғаларының қатарында сондай-ақ тың жерлерді игерудің 50 жылдығын мерекелеу, III Еуразиялық медиафорум, Қазақстан әйелдерінің IV форумы, Президенттің республикалық теледидардағы тікелей эфирі, Білім және ғылым қызметкерлерінің III съезі сияқты маңызды алқалы жиындар болғанын атап өткен жөн.
Нұрсұлтан Назарбаев жыл бойы қоғам өкілдерімен 2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы мәселелері бойынша бірнеше рет кездесті, оны іске асыру Президенттің 2004 жылғы 13 қаңтардағы Жарлығына сәйкес бастау алды.
Жыл соңында Мемлекет басшысы Президенттің "Ақорда" резиденциясының салтанатты ашылу рәсіміне және Елорданың сол жағалауындағы жаңа ғимаратта өткен Парламент Мәжілісінің бірінші жалпы отырысына қатысты. Бұл оқиғалар Қазақстанның саяси дамудың жаңа кезеңіне өтуінің символындай еді.
Елбасы әдеттегідей, жылма-жыл, жылдардың түйісер сәтіндегі Қазақстан халқын Жаңа жылмен дәстүрлі құттықтауында 2004 жылғы ел дамуына да өз бағасын берді. «...Өткен жылға өкпеміз жоқ. Өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстан жүрісінен жаңылмай,аршындап алға басты. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болды.Халықтың әл-ауқаты өсіп, мемлекетіміздің абыройы асқақтады»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Тәуелсіз Қазақстан саяси дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты...
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 50 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМАЛАРЫНАН:
2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін кеңейту және БҰҰ Бас хатшысының жанындағы Өңірлік ұйымдар кеңесін құру қажеттігі туралы ұсынысы халықаралық деңгейде қолдау тапты.