Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
2018 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАЛАРЫ
- «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы».
- Қазақстан Республикасы Президентінің Ұлттық домбыра күні туралы (2018 жылғы 12 маусым, № 699) Жарлығы
- Ел астанасының 20 жылдығы
- «Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылу рәсімі.
- Бесінші Каспий саммиті.
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ МЕН РУХЫ
2018 жылғы 1 шілде күні елімізде тұңғыш рет Ұлттық домбыра күні тойланды. Мемлекет басшысы елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл музыкалық аспап қазақ халқының мәдениеті мен тарихында айрықша орын алатынын айтты.
– Жақында менің Жарлығыммен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланғанын білесіздер. Бүгін бұл мерекені еліміздің барлық өңірі атап өтуде. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы, – деді Қазақстан Президенті.
Бүгінде домбыра қазақтың бренді болып саналады. Домбыра мен күй ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енген. «Қазақ Елі» алаңында өткен іс-шара барысында дирижер Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен 2 мыңнан астам өнерпаз бір оркестр ретінде домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады.
12 тамызда Ақтауда Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысы өтіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін бекіткен тарихи құжат қабылданды. Бес мемлекет көшбасшыларының бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған базалық халықаралық шартқа – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды.
2018 жылдың қаңтар айынан Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалыққа кірісті. Саяси аренадағы салиқалы келіссөздер нәтижесінде Каспийдің құқықтық мәртебесі бекітіліп, Елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі табысты өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтардағы АҚШ-қа сапарына айрықша маңыз бергеніміз жөн. Елбасы Вашингтонға сапарында Дональд Трамппен кездесті. Дональд Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтіндігін, сонымен бірге өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді. Ал, Нью-Йоркке сапарында Елбасы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы аясында аталған кеңестің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» отырысын өткізді. АҚШ-қа ресми сапар аясында авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылып, 3 үкіметаралық келісім жасалды!
2018 жылдың қаңтар айында Қазақстан тоғыз жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет Қауіпсіздік кеңесінің Ауғанстанға бірінші миссиясын ұйымдастырды. «Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау: қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында министрлік деңгейіндегі пікірталастар өткізді. Айта кетерлігі, Ливандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Уақытша күштері құрамында қызмет ететін «БҰҰ көгілдір каскасы» қатарын Қазақстаннан барған 120 бітімгердің толықтыруы да еліміздің сыртқы саясаттағы жетістігі деуге болады.
2018 жылдың 12 тамызында Ақтауда 5-ші Каспий саммиті өтіп, оған теңіз жағалауындағы Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің президенттері қатысты. Дәл осы алқалы жиын барысында 25 жылдан бері күрмеуі күрделі проблемаға айналып келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалды. Құжатта Каспийді бейбітшілік пен тату көршіліктің әрі достықтың аймағына айналдыру, теңізді бейбіт мақсатта пайдалану, елдердің аумақтық тұтастығына құрметпен қарау, Каспий тараптарына жатпайтын қарулы күштерді болдырмау ескерілген. Сонымен қатар түрлі режімдер арқылы акваторияларды аймақтарға бөлу бойынша консенсуске қол жеткізілді. Территориялық сулар 20-15 теңіз милі енімен бекітілді. Әрбір мемлекет өзінің теңіз түбіндегі секторының шекарасында жер қойнауын пайдалануда тәуелсіз құқығын жүзеге асырады. Теңіз түбімен магистарльды құбырларды, кабельді тарту мүмкіндігі де ескерілген. Бұл ретте экологиялық талаптар сақталуы тиіс.
Каспий конвенциясының қабылдануы, сарапшылар айтқандай, Каспий теңізінің жағасындағы бес мемлекеттің 25 жылдық келіссөзіне нүкте қойды. Осынау тарихи құжат - Қазақстанның келешектегі буыны үшін аса ауқымды мұра болып қалады деп ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені, бұл құжат ең алдымен Қазақстанның халықаралық шекарасын бекемдеуге нүкте қойылуымен құнды еді.
Нұр-Сұлтан төрінде осымен алтыншы рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысты.
16 қаңтар
Америка Құрама Штаттарында АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі өтті. Бұл сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы тығыз коммерциялық және сауда байланыстарын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және екі ел экономикасының өсімін арттыруға мүмкіндік берді.
Елбасы бұл шаралар Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің озық дамыған отыз жаһандық экономикасының қатарына кіруі үшін маңызды болғанын атап өтті. Сапар барысында бірқатар коммерциялық келісім-шарттар мен құжаттарға, оның ішінде «Boeing», «GE Transportation», «Эйр Астана», «Қазақстан теміржолы» және «Скат» компанияларының 2,5 миллиард АҚШ долларынан астам көлемде америкалық өнімдер мен қызметтерді сатып алу жөніндегі жаңа келісімдеріне қол қойылды.
Біздің дәйектеме:
Кездесуде Елбасы келтірген деректерге сүйенсек, Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде америкалық компаниялар тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті.
АҚШ-тың іскер топтар өкілдері Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор қызығушылық танытты.Мемлекет басшысының ресми сапары аясында авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек, сапар барысында 3 үкіметаралық келісім жасалды.
18 қаңтар
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады.
– Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз. Бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азияның бірінші мемлекеті бола отырып, біз Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органындағы өңір халықтарының «үніне» айналдық, – деді Елбасы.
20 ақпан
«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлыққа өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа Жарлығы жарияланды.
5 наурыз
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысты
Елбасы бірлескен отырыс барысында халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жариялады. Онда әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылған.
28 сәуір
«Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» . Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясының күн тәртібіндегі негізгі мәселе осылай аталды. «Біз сыртқы жағдайларға қарамастан, бес жаңа жобаны жүзеге асыруды бастадық»,– деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асырудың негізгі үш факторына тоқталып, еліміздің әлеуметтік саясатының басты ерекшеліктерін атап өтті.
23 мамыр
Нұр-Сұлтанда V халықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің ашылу рәсімі болды.
Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде «KADEX-2018» көрмесі аясында «Қазақстандағы ғарыш күндері» атты халықаралық форумның өтуі биылғы шараның басты ерекшелігі екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті «KADEX-2018» көрмесінің қару-жарақ пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы әлемдік маңызы бар жиынға айналғанын айтты.
– Көрмеге әлемнің 28 елінен 318 компания қатысып отыр. Көрме қонақтары қорғаныс өнеркәсібі кешені және ғарыш саласындағы соңғы жетістіктермен таныса алады. Бұл жолы электрондық жүйе мен байланыс және қару-жарақты басқару жүйесін дамытуға айрықша мән берілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
6 маусым
Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда кездесу өткізді.
– Осы уақыт ішінде біз жалпы сомасы 67 миллиард доллар көлеміндегі екі жақты 127 құжатқа қол қойдық. Бізге осы диалогты жалғастыру қажет. Былтыр өзара сауда көлемі 11 миллиард долларға жуықтады. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан астам. Екі жақты қатынастарымызды ілгерілету үшін біздің бұдан да зор әлеуетіміз бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
10 маусым
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы болды.
Оған қатысушылар жаңа жағдайға байланысты келешекте атқарылатын өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Үндістан мен Пәкістан саммит жұмысына толық құқылы мүше ретінде бірінші рет қатысты.
29 маусым
Мемлекет басшысы Елорда күні қарсаңында дәстүрлі түрде қаланың «жасыл белдеуін» тікұшақпен аралап көрді. Даму барысымен танысты, оның қазіргі жағдайы мен «жасыл белдеуді» әрі қарай дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ел астанасының жасыл аймағына ағаш отырғызып, табиғатқа 150 қырғауыл ұшыру шарасына қатысты. Елбасы «жасыл белдеу» елорданы шаңды дауыл мен қарлы бораннан қорғау үшін табиғи тосқауыл ретінде жасалғанын еске салды. Қазақстан Президенті 20 жыл ішінде Астана төңірегінде табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйе қалыптасқанын атап өтті.
– Қала ішіндегі «жасыл белдеудің» аумағы шамамен 15 мың гектарды қамтиды. Елорданың үлгісімен бүкіл Қазақстанда ағаш отырғызу қарқынын арттырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
29 маусым
Мемлекет басшысы WBC, WBA (Super), IBO тұжырымдары бойынша кәсіпқойлар арасындағы бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкинмен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Геннадий Головкиннің Қазақстан спортын танытудағы және еліміздің халықаралық имиджін арттырудағы зор рөлін атап өтті.
– Сен өз салмағыңда ешкімге дес бермедің, бірде-бір жеңілісі жоқ саған ең үздік нокаутер боксшы деген атақ берілді. Бұл – зор жетістік әрі біздің спортымыз бен бүкіл Қазақстанды насихаттаудың жарқын мысалы. Біз сенің ерік-жігеріңді жоғары бағалаймыз,– деген Мемлекет басшысы Геннадий Головкинді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапаттады.
5 шілде
«Астана» халықаралық қаржы орталығының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. «Қазақстан – ғасырлар тоғысында кең далада әсем астана тұрғызған әлемдегі жалғыз мемлекет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы – тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңінің бастауы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қаржы орталығының құрылуы халықаралық бизнес қоғамдастығының біздің елге деген сенімінің және табысты даму жолымызға берген жоғары бағасының белгісі саналады.
6 шілде
Ел астанасының 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдау іс-шарасы өтті.Қазақстанның қазіргі елордасы көне Бозоқ қалашығынан бастау алады. 20 жыл ішінде халқы 4 есе өсіп, бір миллионға жеткен жаңа астана жаһандық интеграцияның, қауіпсіздік пен бітімгершіліктің орталығына айналды. Осы 20 жыл ішінде Елордаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйым басшылары келген екен.
24 тамыз
Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары өтті.
– Аралды құтқару қоры халықаралық деңгейде белсенді жұмыс жүргізуде. Соның арқасында Арал өңіріне әлемдік қоғамдастық пен халықаралық қаржы институттары тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. Біздің бірлесе жұмыс істегеніміздің арқасында бұл қор Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы атап өткендей, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ауқымды жобасын жүзеге асыру нәтижесінде, Сырдария өзенінің төменгі саласындағы экологиялық жағдай елеулі түрде жақсарған. Солтүстік Арал қалпына келіп, онда судың деңгейі 2010 жылдан бері тұрақты түрде 42 метрлік көрсеткішті ұстап тұр. Судың тұздылығы төмендеп, теңіздің қоректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалпына келуде. Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі микроклимат пен әлеуметтік жағдай жақсарды. Балық өңдейтін бірқатар кәсіпорын ашылып, олардың өнімі шетелге экспортталуда.
29 тамыз
Нұр-Сұлтанда «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы 29 тамыз Қазақстанның жаңа тарихындағы айрықша күн саналатынын айтты. 1949 жылы дәл осы күні Семей полигонында ядролық қару алғаш рет сыналған болатын. Қырық жыл бойғы 450-ден астам жарылыстың салдарынан миллиондаған адам зардап шекті. Президенттің Жарлығымен 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. «Бүгін, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні, біз елордамызда жаңа маңызды нысанды – «Бейбітшілік қабырғасы» монументін ашып отырмыз. Бұл монументтің бой көтеруі – тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» – бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан болмақ. «Бейбітшілікті сақтаңдар!» дейміз. Бұл – жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық», – деді Елбасы.
11 қыркүйек
Қазақстан Президенті Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысына Түркістан қаласын дамытудың жоспары мен перспективалары жөнінде мәлімделіп, облыс орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіруге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды.
10 қазан
Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйледі. «Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық», – деді Қазақстан Президенті.
20 қазан
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті. Мемлекеттер басшылары бейресми кездесу барысында елдер арасындағы, соның ішінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
6 қараша
«Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ресми ашылу рәсімі болды.
Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымызды одан әрі дамыту ісінде цифрландыру үдерісінің мәні зор екенін, «Астана Хаб» ІТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркі қазіргі инновациялық экожүйенің өзегіне айналуға тиіс екенін айтты.
21 қараша
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Ол Елбасының бұған дейін жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен үндес, үйлес бірегей жоба болып табылады.«Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының цифрлық өркениет жағдайында түсінікті әрі сұранысқа ие болуын қамтамасыз ете отырып, оны жаңғыртуға мүмкіндік береді.
ЖЫЛ ТҮЙІНІ
Елімізде 2018 жылы орнықты дамуға жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар мен тың бастамалар жүзеге асырыла бастады. Ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған цифрландыру процесі қарқынды жүргізілді. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін «Бес әлеуметтік бастама» еліміздің дамуына оң серпін берді. Елбасының бұл жылғы қазан айындағы Жолдауы азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне арналды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің өзгеше моделін құруға бағдар жасалды.
2018 жылы экономиканы жүйелі индустрияландыру өңдеу өнеркәсібінің үлесін айтарлықтай арттыруға септігін тигізді. Көлік-логистика инфрақұрылымына тартылған инвестицияның арқасында Қазақстан құрлықтық маңызы бар транзиттік хабқа айналды. Егемен Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – халқымыздың саны 18 миллионнан асып, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жетті.
Қазақстан Президенті 2018 жылды қорытындылай келе еліміздің сыртқы саясатта да, жаңғыру бағдарламаларын іске асыру аясында да қол жеткізген басты жетістіктеріне тоқталды.
2018-ші жыл егемен еліміз үшін берекелі әрі мерекелі жыл болды. Жыл басында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері айқындалды. Күллі түркі жұрты қастерлейтін Түркістан қаласы қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін алды.Шырайлы Шымкенттің халқы бір миллионнан асып, республикалық маңызы бар қала атанды. Халықаралық саясатта және экономикада маңызы зор шаралар жүзеге асырылды.Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесіндегі екі жылдық қызметін абыроймен аяқтады. Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін бекіткен тарихи құжат қабылданды. Жаһан жұртына «Астана» халықаралық қаржы орталығы таныстырылып, тың бастамалар қолға алынды. Орталық Азия мемлекеттерінің бес президенті біздің елордада бас қосып, тату көршілік қатынастар жанданды.Тәуелсіз Қазақстанның нышаны саналатын төл теңгеміздің 25 жылдығы да абыройлы белес еді. Ұлы даладағы ежелгі көшпенділер өркениетінің жаһандық маңызы қайта жаңғырды. Осы айтулы мерекелер мен ауқымды шаралар елдігімізді танытып, бірлігімізді бекемдей түсті.
Сондай-ақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығын, «Астана хаб» ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркін және «Жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын іске қосу жөніндегі жұмыстар да нәтижелі болды. Этносаралық және конфессияаралық дамудың қазақстандық моделі бүгінде халықаралық брендке айналды.
Қазақстан Президенті еліміздегі кейінгі бастамалардың бәрі тұрғындарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға, қоғамдық қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге және әл-ауқатымызды арттыруға бағытталғанын атап өтті.
– Әлеуметтік саланы кешенді жаңғырту – біздің маңызды бағытымыз. Тәуелсіздік жылдары миллионға жуық азаматымыз баспаналы болды. Біз жуырдағы 5 жыл ішінде 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй саламыз. Бұл шамамен тағы екі миллионға жуық қазақстандық баспаналы болады деген сөз, – деді Елбасы.