Жасын ғұмыр!
Чех данышпаны әрі белсендісі Юлиус Фучик «Батыр – ол адамзат қоғамының мүддесі үшін, сын сағатта қолынан келген барлық мүмкіндікті жасай алатын адам» депті. Тегі рас сөз! Дүниеде халқының қамы үшін от кешкен ерлер аз болмаған. Ел басына күн туғанда – қорған бола білгендері қаншама. Соның бірі - небәрі жиырма жасында комбат болған қазақ ұлы Ратай Сұлтанбеков.
ОРТАҚ ИДЕОЛОГИЯ
Екінші дүниежүзілік зұлмат соғыс кім-кімді де аямады. Ата-ананы баласынан, бауырды бауырдан ажыратты. Кәмелет жасына жетер жетпес бозбалалар мен жас жеткіншектер майданға ағылды. Мақсат – Кеңес Одағын қорғау. Фашистердің пиғылын орындатпау. Осы ұранмен талай боздақ майдан даласында шаһид кешті. Жан алысып, жан берісті. Қасық қаны қалғанша соғысты. 1941-1945 жылдар аралығында қазақ даласынан соғыс ошағына аттанғандарда есеп болмады. Бәрінің ойы біреу – ортақ Отанды қорғау. Олай болатынының себебі де бар. Өйткені, идеологияның ығы солай. Тіпті күшті. КСРО аумағындағы барша ұлттарды шашау шығармай ұстау коммунистердің басты кредосы еді. Ол шеңберден шықпау керек. Одан шыққандар нәубетке ұшырайтын. Әйтпесе, қудаланатын. Бір қырынан алғанда, цензура қатты болды. Тәртіп темірдей дегенмен де, шаш орнына бас алу көп болғанын байқаймыз. Әлгінде айтқанымыздай, ортақ идеология барлығын бір уыс етіп ұстады. Шашау шығармады. Ол үшін үгіт-насихатты қатты жүргізіп, назарда ұстады. Сол арқылы қандай жағдай болмасын, барлығын ұйыстырып отырды. Бұл – Одақты ұстап тұрудың тиімді әдістері болатын.
БАЛА РАТАЙ
Өткен ХХ ғасыр қазақ үшін оңай болмады. Сын сағаттар көп болды. Қазақтың арда ұлы Дінмұхамед Қонаев «Жиырмасыншы ғасыр - таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас үшін қасірет ғасыры» деп пайымдапты. Шынында, толған ревалюция, ашаршылық, қиыншылық, нәубет айналсоқтап соға берді. Ешкімді аямады. Қырды, жойды. Десе де, рухты сындыра алмады.
Ойға батамыз.. Бәлкім, кейде қиыншылық заманда нағыз елін қорғайтын азамат туатындай көрінеді. Ондай жанды халық күтеді. Құдды бұрынғы фольклордағы ел қорғаған батырлар туралы жыр ақиқаттай көрінеді. Мүмкін, солай да шығар. Кім білсін?!
Ратай Сұлтанбеков 1921 жылы Жамбыл облысының, Талас ауданына қарасты Бөлтірік елді мекенінде дүниеге келген. Жастайынан шаруаға ерте араласты. Түркістан, Қызылорда, Манкент аймағында оқып, мектепті алтын медальмен тәмамдады. Әкесінің ерте дүние салуына байланысты қамқорлық көрмеді. Азаматынан айрылып, анасы Қатша жесір, баласы жетімдік қамытын киеді. Осы кездер оның өміріндегі ең бір ауыр кездер еді. Сенер, арқа сүйер адамы тек өзі болды. Осылайша уақыт өтіп жатты. Өз күшімен Алматыға оқуға түсті. Дәрігер болуды көздеді. Осындағы медециналық институттың 3 курсында жүргенде, майданға алып кетеді.
Қысқа мерзімді әскери курста – училищеде оқып шығып, лейтенант әскери шеніне ие болады. Майданда батальон командирі қызметін атқарады. 1944 жылғы 15 қыркүйекте 20-дан жаңа асқан гвардия майоры Сұлтанбеков елге, қазіргі Талас ауданы Бөлтірік ауылына демалысқа келіп қайтады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін 20 жастағы гвардия майоры, батальон командирі Сұлтанбеков Ратай бірнеше ордендермен марапатталған. Ол бастаған батальон майдандағы ауыр шайқастарға қатысты. Гвардия майоры Сұлтанбеков соғыс бітер жылы Жеңіске санаулы күндер қалғанда «Одер операциясы» кезінде Бранденбург түбінде ерлікпен қаза тапты.
Әсіресе, соғыс уақытында туған балалардың тағдыры басқа еді. Олар ойнамады, күлмеді. Туралай да, тікелей де айтқандағы шындық – осы! Бала Ратайдың кезі Патша өкіметінің құлап, кеңес билігінің орнап жатқан аумалы-төкпелі кездеріне сәйкес келеді. Бір шеті, ызғарлы, негізгі құйтырқы саясаттың салқыны бізге тиді. Қазақ даласы, не бодан болу немесе жеке-дара дербес өмір сүру сияқты жолайрықта тұрды. Яғни, басқа таңдау болмады. Алаш қайраткерлері 1921 жылғы қолдан жасалған ашаршылыққа қарсы келіп жатқан кез еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллиндер "қайтсек елді аман сақтаймыздың" керін ойлады. Қолынан келгенше, қазақты аман-сақтауды ойластырды. Сол үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Міне, нақ сол дәуірде Ратай батыр дүниеге келді. Соғысқа аттанды. Онда ерлік жасады. Жас өмірін елі үшін берді.
ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚ ЕТТІ
Халқымыз «Ер есімі – ел есінде» дейді. Батыр Бауыржан Момышұлы атамыз «Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік жігіттің қасиеті» деп нақыл сөз қалдырыпты. Осыны дәп Ратай батырға қарата айтқандай көрінеді. Жазушы Әбу Сәрсенбаев қазақтың қайсар ұлы туралы естелігінде біраз дүниенің шетін қозғапты. Қаламгер «Мен батальон басқарған екі қазаққа жолықтым, бірі ересектеу еді, екіншісі - осы Рәтай, жиырмадан енді асқан тастүлек» деп жазады. Сонда бұндағы айтылған ой біреу. Ол жас әрі қайратты жігіттің өр мінезділігіне, намыстылығына тамсану болып тұр.
Жазушы «Гвардия биігі» аталған шайқас туралы тебірене жазды. Сонда Ратайдың қол бастауы суреттелген. Батырдың өзі алдыңғы шепте болған. Кескілескен ұрыста, комбат басқарған жақ басым түседі. Ратай сол шайқаста жараланады. Ұрыс аяқталғанда, қатарлас жауынгерлеріне алғыс айтады. «Байназар» бабасы жоңғар шапқыншылығында ерлік көрсетеді. Сөйтіп, өз жарасын өзі тігіп, емдеген екен. Сол сияқты біздің батыр да, ештеңе етпейтіндігін айтады. 1945 жылы 4 мамыр күні Брандербуг шайқасында ерлікпен қаза табады.
Биыл жасындай жарқ еткен тұлғаның туғанына 100 толды.
Жамбыл облысының Қаратау қаласында батырдың есімімен аталатын көше бар. Талас жұрты да оның есімін ардақтап жүр. Жалпы, күллі қазаққа ортақ даңқты тұлға деп білеміз. Әлі есімі жаңғырып, талай нысанға берілеріне сенеміз.
Бұрынғылар «Бұ дүниеден батыр да, ақын да, дарын да өткен» депті. Ата-бабамыздың әрбір айқаны рас. Тәмсілі – ақиқат. Түйіндей келе, Ратай Сұлтанбеков ел жадында мәңгі қалар дара тұлға демекпіз.