«Жанымның сыбыры»

«Жанымның сыбыры»  Рая Ескендір

    «Almaty Gallery»  көрме залында танымал суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «ҚР Суретшілер академиясы» ҚК корреспондент-мүшесі, «Таң-Шолпан» Халықаралық әйелдер қорының мүшесі – Айжан-Сара Жансейітованың  «Жанымның сыбыры» атты  шығармашылық жеке көрмесі ашылды. Аталмыш  көрме   шаһар тұрғындары үшін аса  маңызды мәдени шараға айналды.  Көрмеге  қылқалам шеберінің 50-ден астам туындысы қойылды.  

   

   

   Суретші осынау бекзат  өнер арқылы   табиғат пен  адам жанын, жер  мен ғарыштың арасында терең байланысты ашып көрсетті. Айжан-Сара Жансейітованың көрмесіне қатысқан көрнекті өнертанушылар мен мәдениет қайраткерлері оның өнеріне жоғары баға берді. Көрменің ашылуында сөз сөйлеген қонақтар арасында еліміздің ең үздік суретшілері, өнертанушылар мен мәдениет саласындағы жетекші тұлғалар болды. Көрме суретшінің анасы, танымал ақын Айша Көпжасарованың ақжарма жыр шумақтарымен басталды.

 

Өнерді құрметтейтін талғампаз көрермен үшін Айжан-Сара Жансейітованың орны ерекше. Бұл күнде оның есімі тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде  де кеңінен танылған.   Ол - Қастееев салып кеткен сара жолды жалғастырып келе жатқан қазақтың санаулы  талантты қыздарының бірі. Осынау құдіретті өнерді қаламның ұшымен безбендеп, оны жүректерге жеткізудің  қаншалықты қиын екенін біреу білсе, біреулер білмеуі мүмкін. Жанкешті еңбегінің арқасында суретшінің  шығармашылық жолы өзіндік өрнектерге толы.  Ол жаңа әдістерді  қолдану арқылы  көне мен жаңаны   жалғап,  құдіретті өнерді «сөйлетіп» келеді.

Айжан-Сара Бекжігітқызы  көне Тараз топырағында  дүниеге келіп, балалық шағы қазақтың кең байтақ даласында өтті. Құдіретті өнерді таңдауына киелі өңірдің сұлу табиғаты да ерекше әсер етті.  Бала кезінен оның өнерге деген қызығушылығы ерте оянып,  табиғаттың құпияларын түсінуге, қағаз бетіне түсіруге ұмтылды. Суретші  осынау жолда өзіне қолдау көрсеткен ең алдымен  ата-анасы екенін жиі айтады. Болашақ өнер иесі 1987 жылы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясын аяқтағаннан кейін, шығармашылық жолын әрі қарай жалғастырып, өз өнерін әлемдік деңгейде таныта бастаған еді.

Еңбек жолында  жастарға сабақ бере жүріп,  өзі де ізденді. Бояуы қанық, ойы анық бірнеше тың туындылары дүниеге келді. Оның жұмыстары әлемнің жетекші галереяларының коллекцияларына еніп, Британ музейі мен Эрмитажға қойылды.  Міне, Айжан-Сараның  туындылары тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де жоғары бағаланады.  Осы уақытқа дейін бірнеше  халықаралық көрмеге қатысқан суретшінің шығармашылығы  қазір кемеліне келіп, нағыз толысқан шағы. Ол салған картиналары арқылы әлемдік өнерде өзіндік орнын тапқан суретші ретінде тарихта қалары сөзсіз.

 

«Жанымның сыбыры»

Айжан-Сараның  «Жанымның сыбыры» атты  көрмесі бұл  тек бір суретшінің шығармашылығының ретроспективасы ғана емес, ол өнердің табиғатпен, мәдениетпен және рухани дүниемен байланысты терең философиялық ойы. Мәселен, көрмеге қойылған туындылар арқылы  Айжан-Сара адамның ішкі дүниесі мен сыртқы әлеуметтік ортаның ара қатынасын зерттегені көрініп тұр.  Оның туындылары — қазақтың бай мәдениеті мен дәстүрінің қазіргі заманға сай жаңғыруы іспетті. Осынау жылдар бойы Айжан-Сара тек суретші ретінде ғана емес, шебер философ ретінде де танылды.  Ол қаламы мен бояуы арқылы   қазақ халқының рухани мұрасы мен қазіргі заманның ізденістерін үйлесімді түрде бейнелеп келеді.

 

Тақырыпқа орай:

Жұмақын Қайрамбаев,  

Қазақстанның Халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

     

- Мен Айжан-Сараны  30 жылдан бері танимын. Еңбекқор, ізденімпаз. Бұл шығармашылық адамы үшін ең қажетті қасиет. Өйткені, өнер алға жылжып отыру керек.  Менің риза болатыным-оның шығармалары әрдайым терең философияға толы болып келеді. Бүгінгі таңда оның жұмыстары өте көп, әрі тақырыптары да күрделі. Бұл оның шығармашылығының нағыз кемелденгенін көрсетсе керек.

 

 Ерболат Төлепбаев,

 суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері: 

 

  • Айжан-Сара менің студентім екенін әркез мақтанышпен айтып отырамын.   Сондықтан оның әрбір  қадамын қадағалап, өнеріне құрметпен қараймын. Өйткені,   сол кезден-ақ  өзінің өнеріне ерекше көзқараспен қарайтын еңбекқор, ізденімпаз еді.  Талғампаз таланттың бірегейі ретінде  оның шығармашылығы әлемдік деңгейге жетті. Бүгінде  оны бүкіл әлем танып отыр.

 

 

 

Нелли Витальевна Бубэ,

 Қазақстанның Өнер академиясының жалпы хатшысы:

 Айжан-Сара — қазақ өнерінің нағыз символы. Ол ұлттық дәстүрлерді қазіргі заманның талаптарына сай жаңғыртып, бейнелеу өнерін жаңа деңгейге көтерді. Айжан-Сара — өнерде ерекше бір құбылыс. Оның шығармашылық жұмыстары дәстүр мен қазіргі заманның тамаша үйлесімі болып табылады.  Сондықтан, көрмедегі  барлық туындылар көрермендерді терең ойларға жетелері сөзсіз.

Сауле Бапанова,суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

 Т.Жүргенов атындағы  Өнер академиясының профессоры:  

 

-Айжан-Сараның болашағы өте зор.  Оның шығармашылығы қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтіп,  жаңаша көзқарас пен терең түсініктерді әлемге жеткізеді.  Оның  «Жанымның сыбыры» деп аталып отырған көрмесі тек қана оның өткенін емес, болашағын да көрсететін бір кезең екеі анық.  Айжан-Сараның шығармашылығы әлі де жалғасып,  жаңа туындыларымен көпшілікті таңқалдырады деп сенемін. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:56

17:52

17:43

17:40

17:35

17:18

17:10

17:07

17:05

16:31

16:25

16:15

16:08

15:24

15:22

15:02

14:58

14:34

14:11

14:02

12:34

12:18

12:14

12:10

12:05