Жәннат пен тозақ барып-келіп жүретін кинотеатр емес - Нұрлан имам

Жәннат пен тозақ барып-келіп жүретін кинотеатр емес - Нұрлан имам Сурет: интернеттен

Аqshamnews.kz белгілі дінтанушы, психолог, мотиватор,  Елордадағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлымен ел арасындағы түйткілді дүниелерге қатысты сұхбаттасты.

 – Жұртшылық дін мен дәстүр ұғымдарын үнемі салыстырып жатады. Бұдан қоғамда дәстүрлі және діни құндылықтар арасында тартыс болып жатыр деуге бола ма?

– Дін мен дәстүрдің дәуірі сонау Тәуке ханның тұсында басталады, яғни жүздер мен рулардың әрқайсысы өздерінің жөн-жоралғыларын алға тартып, талас-тартыс, салт санасу, әр жаққа тартқылау басталған тұста, үш жүздің басы Ұлытауда бірігіп, руға бөліну тоқтатылып, ортақ дәстүрді шегелейді. Жүректерге иман, даламызға азан, шаңырақтарға намаз келеді, аталарымыз сақал қойып, әжелеріміз кимешек киеді. Жүректеріне «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген үш жүздің үш ауыз сөзімен Құдайды енгізіп, дәстүрді осы үш сөзбен өрбітеді. Иә, бүгінде сол дәстүрдің озығы мен тозығы бар, тек, заманына қарай жаңартып, жасартып, жаңғыртып отыру керек. Ал кейбір ырым-тыйым, әдеп-ғұрпымызға, ұлттық аспабымызға, қазақы дүниетанымымызға қарсы шығып, шабуыл жасап жүргендер білсін, бұл өздеріне өздері қарсы шыққандары. Дін мен дәстүрдің одағына бірнеше ғасырлар өтті, халыққа пайдасын тигізді, сондықтан олар бір-бірімен салыстыруға келмейтін біздің қос қанатымыз, кеменің қос ескегі.

– Жақында діни қайырымдылық шарасында «Жәннатқа жолдама сатылды» деп қалды. Ислам танымындағы Жәннаттың үкімі адамдардың «сатуы» қазіргі қоғамдық санаға қандай месседж таратып отыр?

– Жолдаманы бәлкім серпін ретінде айтқан болуы керек. Десе де, Алланың монополиясындағы жәннат пен тозақ біздің күнделікті барып-келіп жүретін кинотеатрымыз емес. Олар – үмітіміз бен үрейіміз. Ал үмітті ақшамен, байлықпен, басқамен ешкім сатып ала алмайды, тіпті, жомарттығымыз да билеттікке жарамауы мүмкін. Өйткені жәннаттың есігін амалымыздан бұрын пейіліміз, содан кейін көркем мінезіміз әрмен амалымыз ашады, оны кезінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз баса айтып кеткен: Алла Тағала сіздердің сұлулықтарыңызға, байлықтарыңызға қарамайды. Жаратқан сіздердің жүректеріңіз бен істеген істеріңізге қарайды.

– Дін өкілдері, имамдар жамағатын мешіт-медресе құрылысына көмек беруге шақырып жатады. Елімізде мектептер жетіспейтін өңірлер де бар. Мешіт-медресе салу мен мектеп салудың қайсысының сауабы көбірек?

– Сауабынан бұрын санына келейік, яғни Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты елімізде 2716 мешіт, 1 университет, 1 имамдардың білімін жетілдіру институты, 9 медресе, 2 қарилар орталығы бар. Ал осы оқу орындардың басым көпшілігін сауап іздеген салиқалы азаматтар салды әрі ішінде халықтың да қайырымдылық қаражаттары бар. Дегенмен, дін адамы ретінде айтарым, тәуелсіздіктің туы көтерілгелі, «бізге мешіт салып беріңдер» деп үкіметке телміріп, қол қусырып қарап отырмадық. Халықтың иманы үшін мен сияқты имамдардың барлығы кезінде барынша атсалысты. Қолымыз қалт етсе Құранымызды оқимыз, уақытымыз болып қалса, руханиятты насихаттаймыз, күн-түн демей, дүниеден өткендерді арулаймыз, қол жайып келгенді құр қол кері қайтармаймыз, әйтеуір, жақсылықтың жаршысы болуға жанымызды салып келеміз. 

–  Ал енді елімізде қанша мектеп бар? Мысалы, санақ бойынша еліміздегі мектептердің саны – 7724, соның – 5279 ауылдық, 2445 қалалық мектеп екен. Мұның сыртында жекеменшік мектептер бар, олар да көбейіп келеді. Сонда қайсысы көп, қайсысынан сауап іздейік?

Өз басым мектеп пен мешіт-медресенің арасынан ешқандай мәселені көріп тұрған жоқпын. Иә, жұма күнінен басқа күндері мешіттердің бос тұру-тұрмауы жамағатына қарай, алайда, медресені бос дей алмаймын. Тек сауапты ғимараттың бой көтеруінен емес, сол ғимараттардың ішіндегі ілім-білім алатын ұрпақтың ой көтеруінен іздеуіміз керек. Егер өзіміз, ұрпағымыз, халқымыз ілімді не білімді болмаса, мың ғимарат салып, одан сауап іздеу бекершілік, онда пайдасынан гөрі күнәсі көп болады. Кеңестік дәуірде мешіт болмаса да, намаз оқылды, медресе болмаса да Құдайдың ілімі жететінге жетті, мектеп болмаса да балалар оқыды. Сондықтан бұл жердегі мәселе біздің ниет-пейілімізде, талпынысымызда, яғни ілімнен – білімге, білімнен – ғылымға, ғылымнан – еңбекке өтуімізде. Мектептің де, медресе яки мешіттің де өсуі ұлттың өсуі деген сөз. Сол медреселерде де заманауи дәрістер беріледі. Тіптен, сол діни оқу орыннан шыққан нағыз жастар ұлтымыздың рухани келешегіне, ғылым мен білімге, ұлтжандылыққа баулуда қызмет етеді. Соның бірінен сіз сұхбат алып отырсыз…

– Байырғы қазақ қоғамында әйелдердің қоғамдық орны жоғары болғанына дәлел көп. Сақ патшайымдарынан тартып ру-тайпаларға аты берілген аналарға дейін. Әйелдердің қоғамдық орнының төмендеуін, «әйелдер еркектен бір саты төмен тұрады» деген сөздердің шығуын діннің әсерінен деп қарастыруға бола ма?

– Әйелдің мәртебесін Алланың Өзі, Пайғамбары көтеріп қойған. Бірде-бір адам діннен әйел заты жайлы бірде-бір артық сөз, хадис, аят, сүре таба алмайды. Керісінше, «Кімде-кім үш қызды болып және оларға жақсы тәрбие беріп, рахымына бөлеп, қамқорлығына алатын болса, оған жәннат уәжіп болады» деген қыз балаға арналған хадистер баршылық. «Олармен (әйелдермен) жақсы қарым-қатынаста болыңдар» дейді «Ниса» сүресі. «Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді бұйырдық. Өйткені анасы оны зорға көтеріп, әрең босанады» дейді «Азхаб» сүресінде. Және әрқайсысына, яғни «Әйелдердің күйеулерінің алдында міндеттері болғанындай, ер-азаматтардың да әйелдерінің алдында заңды міндеттері бар» дейді. Сондықтан мұны жаңсақ ұғым мен қате пікір деуге болады. Иә, Алланың алдында бәріміз теңдейміз, тек, жаратылысқа келгенде, әйел мен еркек тең емес, яғни арамызды нәзік табиғат бөліп тұрады. Міне, сол табиғатты бір сатымен өлшейді, яғни қалай болғанда да ер мен әйел өмірдің бір бүтін денесі. Тек, сол денені жарымжан қылып жүрген өзіміз, яғни әйелді төмен санап жүрген ерлердің өзі, басқа ештеңе емес. Екі тараптан да тым шектен шығатындар бар. Оны дұрыстап, көркем түрде тәрбиелейтін үлкендер де иманды, саналы, тәрбиелі болуы керек.

– Ұдайы насихаттың болғанына қарамастан қоғамда діннің тек сыртқы формасын ғана қабылдап, адами құндылықтарды дәріптейтін терең мәніне үңіле алмай жатқанымызға не себеп?

– Біріншіден, насихаттың қоғамға сіңіп кетуі – адамның емес, Алланың қалауы. Мысалы, насихат адамға бірден жұғып кете беретін болса, онда, жер бетінде соғыс болмас еді, пайғамбарларға қиянат жасалынбас еді. Тіпті, айды екіге бөліп ғажайып мұғжизаны көрсеткенде, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың соңынан бәрі ілесіп кетпеді. Яғни сол тұста да кері тартқандар, сынақтар болды, тіпті, өлтіруге талпынғандар да болды, яғни осының бәрінен өтті. Діннің жүрекке орнау хикметі Аллада, сондықтан хидаятты адам емес, Алла береді, әрі оны кімге салады, қалай салады, оны Алланың Өзі шешеді. Екіншіден, біз тек жақсылықты жеткізушіміз, яғни айтылған насихат жүректерден орын алуын тілейміз, сұраймыз, болды. Үшіншіден, насихат айтушыда да мән бар, яғни ол алдындағы адамның кім екенін түсінуі керек. Мысалы, әлеуметтік желінің өзіндік пайдасы мен зияны осында, яғни ақпараттың тез таралуына пайдасы зор. Алайда, осы бейнероликтерді әр жерінен адамдар қиып, негізгі ой бұзылып жеткенде мүлдем басқа мағына беруі әбден мүмкін. Келесі тұсы мешітте жамағатқа айтылатын кейбір тақырыптар бұқара көпшілікке ауыр тиюі немесе ертегі сияқты көрінуі әбден мүмкін жағдай. Яки мұсылмандыққа жаңадан тәй-тәй басқан адамға айтылатын насихат өзін терең мұсылман санайтын жамағатқа теріс пікір қалыптастыруы мүмкін. Мысалы, еліміздің Батыс өңірлері өрімдей жап-жас оқушы балаларының радикалданып кетпеуі үшін солардың деңгейіне түсіп, ұлттық құндылығымызды жоғары деңгейде насихаттауда домбыра жайлы қатты айтылған сөзіме діндарлар да дұрыс түсінбей қалды. Ең қызығы, сол сөздеріме өте ауыр пікірлер, күпір сөздер, ауыр-ауыр бейәдептегі балағат сөздер жазды. Ал соны жазып отырған өзіміздің намазхан азаматтар, яғни бұл да радикалданудың көрсеткіші деп білуге болады.

– Қажылық өтеу бәсекеге айналып, тіпті кредит алып қажыға баратындар да шықты. Кейбір туристік компаниялар бөліп төлеу немесе өзге де несие түрлерін ұсынады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Сырттай тон пішу оңай, басында бес кредиті барлар қажылыққа ұмтылады деп айта алмаймын немесе қалталылар қажылықты бәсекеге айналдырды деу де қиын. Өйткені  ешбіреуінің ішіне, жүрегіне, қалтасына кіріп шыққан жоқпыз. Иә, кейінгі кезде бірнеше туристік компаниялардың қателіктері, шикіліктері шығып жатыр. Жалпы, халықты қажылыққа талпындыру дұрыс, бірақ қажылықпен қарызға кіргізуді өз басым құптамаймын.

– Құрбан айт, Ораза сияқты діни мерекелер қарсаңында төрт түліктің, азық-түліктің бағасы шарықтайды. Осылайша сауапты амал істегісі келген жандар ниетіне жете алмай қалып жатады. Осыны қалай реттесек болады?

– Біріншіден, нарық ешкімге, ештеңеге тәуелді емес, ол нақты бір құрылған даму динамикасымен жүреді. Теңге тиыннан құралғандай, бағаның төмендеуі немесе шарықтауы күн сайын көз алдымызда жүріп жатыр, тек оны өзіміз байқамаймыз. Екіншіден, діни мерекелер кезеңінде нарықты қадағалау имам-молдалардың міндеті емес, оны қадағалайтын арнайы анти монополиялық қызметтер бар. Үшіншіден, құрбандық Құдайға жақындау, яғни қай амалымыз өтеді, мәселе сонда. Бойымызда ең жаман қырық қасиеттің бірнешеуі болса, мысалы, тәкаппарлық, мақтаншақтық, өтірік айту, жалған сөйлеу және тағы басқа, оған қойдың не кінәсі бар? Міне, нағыз құрбандық осы Құрбан айтта, яғни осы жамандарды құрбан ету –  Аллаға жағатын іс. Одан кейін біз неге сауапты тек ас беру, мал шалудан іздейміз. Жәннаттың есігін жақсы мінез ашатын болса, жақсы ниет, жақсы пейіл, жақсы қарым-қатынас жақсы мінезді қалыптастырады, яғни сауап нақ өзімізде, ішкі дүниемізде, тек жарыққа шығар дүние пейіл.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:42

19:19

18:33

18:31

16:39

15:08

14:46

14:40

14:10

14:00

13:25

12:44

12:00

11:55

11:17

11:14

11:00

10:14

09:59

09:55

09:44

09:00

20:34

17:56

17:42