Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарияланған жаңалықтарға шолу – күн керуені
«Қайтқан малда қайыр бар»
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Ескілі-жаңа құрамдағы үкімет мүмелерінің алдында мемлекет басшысы көп мәселенің басын ашып айтты. Соның бірі – елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс.
Президент құқық қорғау органдары да жүгенсіздікке жол бермеуге тиіс екенін еске салды.
«Тағы да ескертемін, «шаш ал десе, бас алып», асыра сілтемеу керек. Мен мұндай жөнсіз әрекеттің қай-қайсысын да қатаң айыптаймын. Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерлердің еркіндігін шектеу емес, керісінше, елімізде бизнеске және инвестицияға жайлы орта қалыптастыру», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бармақ басты, көз қысты» болмайды!
Президент Үкіметке аудиторлардың қызметін реттеуді тапсырды.
«Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажет. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс. Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжатты пысықтап, жетілдіру қажет. Парламент депутаттарынан осыған ерекше мән беруді сұраймын. Ең алдымен, аудиторлардың қызметін реттеу керек», - деді Президент.
Салыққа салақ қарамау керек!
«Мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары іске қосылған 14 ақпараттық жүйе бар. Олардың көбі кеңінен қолданылмайды. 2021 жылы бұл жүйелердің бәрі халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен 12 жыл бойы жасалған жаңа жүйелермен алмастырылуы керек еді. Бірақ қаражат игерілгеніне қарамастан, еш нәтиже жоқ. Ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізуді тапсырамын. Жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыру қажет», деді Президент.
Құрылыс кодексі қайта қарауды қажет етеді
«Жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес. Инвесторлар уақытын, қаражатын және жұмысқа деген құлшынысын жоғалтып, ақыры құрылысқа рұқсат беретін құжаттар көп талап етілмейтін елдерге кетіп қалады. Үкімет халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, инвесторлар үшін жобалық-сметалық құжаттарды бекіту тәртібін барынша жеңілдету керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бизнеске қамқорлық керек
«Мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну кезінде орта бизнеске басымдық берілуі керек. Осы мәселелерді міндетті түрде шешу қажет. Бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту керек, соның ішінде реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді доғарған жөн. Тоқетерін айтсақ, осы салаға сапалы өзгеріс жасау керек», - деді Мемлекет басшысы.
«Судың да сұрауы бар»
«Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет», - деді Президент.
Жол сапалы болуы тиіс
«Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек. Сонымен қатар, жол құрылысына қажетті техниканы елімізде шығару жолдарын дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес»», - деді Мемлекет басшысы.
Әлеуметтің әлеуеті қандай?
«Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек. Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн», деді Мемлекет басшысы.
Өндіріске серпін беру қажет
«Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда, нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайды
Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек.
«Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілер санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сондай-ақ, бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет. Себебі, іс жүзіне келгенде, біраз түйткілдер бар. Негізгі талап – салық төлеуді жеңілдету ғана емес. Ең бастысы, шаруалар жерді тиімді пайдаланып, барынша мол өнім беруге ұмтылуы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Теміржолды цифрландыру бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді
«Вагондарды жаңарту жұмысын тездету керек. Контейнерлердің тапшылығын жою қажет. Магистралды желілерді кеңейтуге қатысты барлық жобаларды жүзеге асыру қажет. Яғни, сөз 2028 жылға қарай 1,3 мың шақырым жол салуға қатысты болып отыр. Жалпы, теміржол саласын қарқынды түрде цифрландыру керек. Бұл қадам оның тиімділігі мен өнімділігін едәуір арттырады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қағазстан болмасын!
«Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет», - деді Президент.
Медсақтандыруды қатаң бақылауға алу керек!
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына 5 жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті екі есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді.
«Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бәсте басың қалмасын!
Енді бәс тігетін жеке тұлғаларды Мемлекеттік кірістер комитеті бақылауға алады. Сонымен қатар, еліміздегі 11 букмекерлік кеңсе мен тотализаторлар мәліметтерін салық органдарына беруге міндеттеледі. Ол жерде бәс тігушінің жеке сәйкестендіру нөмірі, ұтыс сомасы мен нәтижесі, ойын шотындағы операциялары толық көрсетіледі. Жинақталған деректер құпия сақталады. Қадағалау шарасы 12 ақпаннан бастап күшіне енеді.
Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан...
Forbes журналы жүргізген сауалнама нәтижесі де осы сөздің дұрыстығын дәлелдейтін сияқты, себебі үйленгендердің 76% -ы отбасы құрғалы берекесі кіре бастағанын мойындаған. Ал қазір әлемде 2 миллиард 100 млн адам жалғыз тұрады. Бойдақтардың 89 пайызы жігіт не қызбен кездесуге ұялады екен.
Германияда «Бойдақтар салығы» бар, яғни отбасыңыз, балаңыз болмай, бірақ жылдық табысыңыз 60 мың еуродан жоғары болса, онда кірісіңіздің жартысын салыққа бересіз.
Америкалықтардың 40%-ы жалғыз тұрады Pew Research Center зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, АҚШ-тағы ересек тұрғындардың 40 пайызы жалғыз тұрады әрі олардың мұны өзгерткісі жоқ.
Жапонияда масыл бойдақ көп, олар үйленбеген адамдарды «парасайто сингуру» деп атайды екен. Қазақша мағынасы – «қубас». Әлеуметтанушы Масахиро Ямаданың зерттеуінше, үйленбеген жапон жігіттерінің 60 пайызы, ал тұрмысқа шықпаған кәрі қыздардың 80 пайызы ата-анасымен тұрады.
Қытайда «Бойдақтар күні» тойланады. Ол он бірінші айдың он бірінде тойланады. Күн мен айдың бірыңғай «бір» саны болып таңдалуында да сыр бар екен. Нумерологияға қатты сенетін Қытайда төрт «бір» бойдақ дегенді білдіреді және «бір» ештеңесі жоқ таяқшаға ұқсайды.
Бойдақтар мәселесі біздің елде де бар. Елде сүрленген бойдақтар мен кәрі қыздар көбейген. Сәйкесінше, некеге тұру жағы да кемшін. Он жыл бұрын жылына 160 мыңнан аса отбасы шаңырақ көтерсе, қазір ол көрсеткіш 40 мыңға аз. Бойдақтардың дені Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында тұрады.