Жаңа дерттермен күресу де – балалар әдебиетінің міндеті

Жаңа дерттермен күресу де – балалар әдебиетінің міндеті Сурет: автор

Елдос ТОҚТАРБАЙ, Қазақстан Жазушылар Одағы балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесінің жетекшісі:  

Жаңа дерттермен күресу де – балалар әдебиетінің міндеті

Елдос Тоқтарбай оқырман қауымға бүгінде әдебиет сыншысы, алаштанушы ретінде көбірек танымал. Алайда оның мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ жазу-сызуға жақын болғанын көпшілік біле бермейді. Шығармашылығы «Ұлан», «Мөлдір бұлақ», «Ақ желкен», «Бала би» басылымдары арқылы шыңдалған жас талап, сол тұста «Ауылымның мәртебелі азаматтары», «Журналист болғың келе ме?!», «Қаламгер азамат» атты республикалық байқаулардан Бас жүлде алып, өзінің әдеби қабілет-қарымын ерте аңғартты.

Студент атанған алғашқы жылы-ақ жасөспірім шағының естелігі негізінде «Өмір қандай тамаша!» деген хикаят жазып, халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауына жолдайды. Ол жөнінде: «Бір күні телефоныма белгісіз нөмерден қоңырау түсті. Тұтқаны көтерсем, «Бұл Елдос Тоқтарбай ма?» деді егделеу кісі. «Иә» дедім. «Ал, балам, жүлдең құтты болсын! Сен халықаралық «Дарабоз» әдеби байқауынан жүлделі ІІ орын иелендің. Мен Ескен Елубаев деген ағаң боламын. Қазақстан Жазушылар одағынан хабарласып тұрмын» деген жылы дауыс әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр. Міне, содан бері балалар мен жасөспірімдерге арнап ертегі, әңгіме, хикаят жазып жүрмін», – дейді өзі.

Сонымен қатар, Елдос өзінің маманданған саласы бойынша Алаштану, әдеби сын, әдебиеттану тұрғысында да көп ізденісте болды. Абай және Алаш қайраткерінің өмірі, шығармашылығы туралы зерттеп, ғылыми мақалалар жазып, оқырманға сол мұраның мәнін жеткізуге тырысты. Уақыт өте келе: «Алаш арыстарының арман-идеясын, тәуелсіздік мұратын бүгінгі балаға қалай жеткіземіз? Тек ғылыми еңбектермен бе? Әрине, жоқ. Балаға ең жақын тіл – ертегі, өлең, шағын хикая» деген ойға бекіген жас қаламгер балалар әдебиетіне Алаш тақырыбын әкелуге талпынды және өзі мұны «жоспарлы қадам емес, жүрек таңдауы» деп түсіндіреді және Жазушылар Одағындағы балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесіне жетекшілік етуін сол жолдың заңды жалғасы санайды.

Ал балалар әдебиетінің бүгінгі таңдағы мән-маңызы, көтерер жүгі қандай? Бұл тұрғыда бізде қордаланып қалған қандай мәселелер бар? Төмендегі сұхбатта біз Елдос Тоқтарбайдың осы жайттарға қатысты көзқарасын білуге тырыстық. 

– Елдос, өзіңнің балалар тақырыбындағы ең алғашқы сәтті шығармаң қалай жазылғаны, оқиғасы, кейіпкерлері есіңде ме?

– Әрине, есімде. 2-сыныпта оқып жүргенімде «Көктем» деген шағын әңгіме жаздым. Біздің ауылдың көктемі турасында. Кейіпкері – атам екеуіміз. Аспан таулар аясындағы шағын ауылдың ғажайып көктем кезіндегі сәтін жазыппын. Сол дүниемді әжем аудандық «Ақсу өңірі» газетіне жолдапты. Оны кейін білдім. Газет маған бір бетін арнап, үлкен жорналшы, Ақсу ауданының Құрметті азаматы Дүйсен Мұхаметшарұлы тұсауымды кесіп, батасын берген-тін. Сол әңгімем жарияланған кейін әжем екеуміз Қазақстандағы бар газет-журналға жиі материал жолдап отырдық. Жарияланса менен бақытты жан жоқ болатын. Жазуға қанат бітірген, арманымды асқақтатқан әжем менің жазушы болуымды көп күтті. Студент кезімнен бері шығармашылығыма бағыт беріп жүрген Арасанбай Естен, Ділдәр Мамырбаева сынды ұстаздарымнан көп нәрсе үйрендім.

Менің балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тау құсы» деген кітабым жетінші рет, ал «Көгершін-жүрек» деген кітабым екінші рет қайыра басылып, көп сатылды. Бұрындары шыққан кітабымның таралымының да, сатылымының да рекордын жаңартты. Қазіргі уақытта заманауи ертегілер жинағын шығаруды жоспарлап жүрмін.

– ⁠Балалар әдебиетінің бүгінгі таңдағы міндеті қандай деп ойлайсың?

– Бірінші міндет – ұлттық болмысты сақтап қалу, екінші – баланы жаңа заманға бейімдеу. Яғни, қазақы мінез бен дәстүрді бойына сіңірген, бірақ технологияны да игерген, еркін ойлы ұрпақ тәрбиелеу.

Балалар әдебиеті – ойын-сауық қана емес, рухани тәрбие мен интеллектуалдық кеңістік. Кейінгі жылдары балалар әдебиеті мен мәдениеті кеңістігіне орыс өнімі кіріп, төрге жайғасты. Міне, сол бос кеңістікті енді қазақтың ұлттық кейіпкерімен толықтыру қажет. Қазақ баласы қашанғы «Маша мен Аюды» ұлттық кейіпкер орнына тануы керек?..

–⁠ ⁠Жалпы, бізде осы саладағы жағдай қандай? Жас қаламгерлер шығармаларының жарық көруі, оқырманға жетуі тұрғысында қандай да бір қиындықтар жоқ па?

– Қазір балалар әдебиетіне бет бұрған жастар бар. Жақсы авторлар шығып жатыр, бірақ сан жағынан аздау. Шығармалардың оқырманға жету тұрғысында қиындық бар: баспа саясаты жүйелі емес, таралым аз, ауыл-аймаққа жетпейді. Бұл – бүгінгі ең өзекті мәселе.

– Балалар әдебиеті бойынша соңғы кездері жарық көрген шығармалардың ішінен өзіңе ұнағандары бар ма?

– Соңғы жылдары бірқатар жас қаламгерлердің жинақтарын қуана оқыдым. Әсіресе ертегі-аңыз бен заманауи сюжеттерді ұштастырған шығармалар қызықты. Олардың ішінде балаларға тіл таба білетін ізденістерді көремін. Дегенмен, нақты аттарын атап, басқасын ұмыт қалдырғым келмейді, жалпы, жаңа толқынның бой көрсетуі қуантарлық.

– ⁠Байқап жүргеніміздей, қазір аударма әдебиеттер шығаруға ден қойған баспалар көп. Оның ішінде шетелдік балалар авторларының шығармалары да жетіп артылады. Ал солардың өзектілігі, қажеттілігі, мән-маңызы қаншалықты сарапталып, сұрыпталып жүр?

– Баланың дүниетанымы кеңеюі үшін әлемдік классиканы білуі шарт. Бірақ бізде аудармаға сараптама жетіспейді. Кез келген шетелдік кітапты әкеле салмай, ұлттық менталитетке жақынырақ, тәрбиелік мәні бар дүниелерді сұрыптап беруіміз керек. Әйтпесе, балаға пайдадан гөрі, зияны тиетін шығармалар да бар.

–⁠ ⁠Қаламгерлер қауымы бүгінде балалардың қызығушылығына сай шығармалар бере алып жүр ме? Мысалы, қандай тақырыптар, мәселелер назардан тыс қалып отыр?

– Қазір ұрпақ ауысты. Жаңа нәсілдің қалауы да, көзқарасы да, талғамы да мүлдем бөлек. Балалар қазір мультфильм, комикс, ойын арқылы ойлайтын жағдайға жеткен. «Клиптік сана» деген осы. Бізде әлі сол бағытта жазылған шығармалар аз. Мысалы, экология, цифрлық мәдениет, киберқауіпсіздік сияқты заманауи тақырыптар әдебиеттен кенже қалып отыр. Жасөспірім әдебиетінің де тынысы тар.

Сонымен қатар, технология дамыған сайын оның зияны да кері әсерін тигізуде. Баланың денсаулығына қауіп төндірген жаңа дерт түрлері мен диагноздары да бар. Мысалы, цифрлық аутизм, даун т.б. Осы дертпен күрес те – балалар әдебиетінің міндеті.

Жаңа шығармалар жазылуы керек, түйткілді мәселе шешілуі керек. Шаруа көп. Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесі жанынан әдістемелік-консультативтік корпус құрдық.

– Жөн екен! Осы тұрғыда атқарылар шаралар да ауқымды болар?

– Әрине. Әдістемелік-консультативтік корпустағы арнайы мамандармен бірлесіп жаңа қолжазбаларды талқылау,  жазушыларға психология, педагогика бойынша тренингтер мен әдістемелік семинарлар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, шығармашылық лабораториялар ұйымдастырып, балаларға арнап ортақ жобалар (ертегі-терапия, сахналық қойылым, мультимедиа өнімдер) жасап, әдеби ізденісті арттырамыз. Аймақтардағы авторларға қашықтан кеңес беріп, онлайн-консультация, вебинарлар өткіземіз. Сала мамандарымен бірлесе жазған «Балалар әдебиетінің әдістемелік нұсқаулығы», «Әдебиет және бала психологиясы», «Дефектолог кеңесімен жазылған әліппе», «Психолог кеңесімен жазылған ертегі-терапия» т.б. сериялық кітаптар шығарамыз.

Әдістемелік-консультативтік корпус жобасы аясында балалар әдебиеті сапасының артырып, жазушылар мен оқырмандар арасындағы байланыстың нығайтып, жаңа буын авторларға кәсіби бағдар беріп, ұлттық құндылықтарға негізделген балалар әдебиетінің өркендеуіне күш салуға болады. Бұл корпус жазушыларға тек шығармашылық емес, ғылыми-педагогикалық негізде де қолдау көрсететін орта болады. Бұл – балалар әдебиетін жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық қадам.

– ⁠Одақта өткен жыл қорытындысында балалар әдебиеті кітаптарының басылуына қатысты маңызды жайттарды айтқан едің. Оң нәтиже шығатындай сыңай бар ма? Осы мәселені шешудің жолы қандай?

– Иә, әдеби жыл қорытындысында біраз мәселе көтердім. Басты түйткіл – таралым мәселесі.  Бір жылда 1000-2000  дана кітаппен шектелсек, ол ештеңе емес. Балалар кітабы мемлекеттік бағдарлама аясында жаппай басылып, мектеп пен кітапханаға міндетті түрде таралуы керек. Сонда ғана оң нәтиже шығады. Бұл – мемлекет пен баспа ісін қатар қарастыруды қажет ететін мәселе.

Сосын ең күрделі мәселе – мемлекеттік сатып алу нәтижесінде басылатын балалар кітабының ахуалы. Ішінде не иллюстрациясы жоқ, қаріптері тышқанның ізіндей, бала түгілі үлкендердің өзі оқымайтын, кірпіштей ауыр кітап басылады. Бұл автордың емес, баспа-полиграфия саласының қателігі. Тиісті ведомство балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің өнімдеріне арнайы ереже, шарт жасап қана бастыртқаны жөн. Бүгінгі ұрпақты сурет, иллюстрация, жаңа технологиялық әдістер (аудио, видео немесе визуалдар) арқылы ғана қызықтыра алатынымызды ескерген жөн. Міне, осындай бірқатар нақты ұсыныстарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдағанбыз. Алдағы жылы шығатын кітаптардың сапасына қарай ұсынысымыздың ескеріліп я ескерілмегенін байқармыз... Біздікі – айту еді, жанашырлықпен қарап, сын-ескертпесін анықтап жазып бердік, ендігісі сол сала мамандарының құзіретіндегі іс.

– ⁠Өзің назар аудартқан тағы бір жайт – балалар әдебиеті классиктерінің есімін ұлықтау, еңбегін дәріптеу. Расымен де, бізде бүгінде Мұзафар, Тұманбай ағаларды айтпағанда, ұмытылуға айналған С.Сарғасқаев, М.Гумеров, Қ.Баянбаев, Ә.Табылдиев сияқты қаншама керемет қаламгерлер бар. Осы орайда, қандай шаралар атқаруды ұсынар едің?

Біздің қоғамда балалар әдебиеті дегенде тек Бердібек Соқпақбаев атамызды ғана еске алады. «Менің атым Қожа» шығармасын жиі айтып жатады. Сол ғажап жазушының неге басқа шығармаларын айтпасқа? Сол жағы ойлантады.

Біздің қоғам көптің пікірімен ғана сөз сөйлеп, көптің дүбіріне еріп дүрмек қылып кетеді. Әйтпесе Ыбырай Алтынсариннен басталған балалар әдебиетінің жолы ешқашан жіңішкерген емес. Керісінше, жыл өткен сайын жасарып, жаңарып келеді.

Мен кеңес тізгінін қолыма алғанда алдыма екі мақсат қойдым. Біріншісі – балалар жазушыларының мүддесін қорғау, олардың шығармашылығына, қызметіне лайықты баға беру болса,  екіншісі – «Қазақстанда балалар әдебиеті жоқ, дамымаған» деген қасаң пікір мен негізсіз жаланы тоқтату, керісінше, балалар жазушыларын тек Астана мен Алматыдағыларды ғана емес, алыс аймақтарда тұрса да тікелей бақылап, шаралар мен жобалардан тыс қалдырмай, ешкімді бөле-жармай, бір толқында, бір кеңістікте таныту, насихаттау жағына көңіл бөлу. Міне, қазір осы бағытта марқұм болған жазушыларды да, арамызда аман-есен жүргендерін де қатар елеп-ескеруге күш салып жүрмін.

Иә, біз Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Сансызбай Сарғасқаев, Машқар Ғұмеров, Қастек Баянбаев, Әдібай Табылдиев секілді аға буынды ұмытпауымыз керек. Ұрпақ сабақтастығы – әдебиеттің тірегі. Менің ұсынысым: олардың классикалық шығармаларын қайта басып шығару; есімдеріне мектеп, әдеби байқау, оқушыларға арналған стипендия тағайындау; Балалар жазушыларына арналған арнайы мемлекеттік әдеби сыйлық қалыптастыру керек. Сонда жаңа жанрлар мен әдеби түрлердің тууына, дамуына жол ашар едік.  Сонда ғана біз балалар әдебиетін классикалық биіктен қазіргі заманның сұранысына сай межеге жеткізе аламыз.

– Әңгімеңе рахмет! Көздеген мақсатың мен сенім үдесінен шығуға тілектеспіз!.. 

Суретте: Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті кеңесінің мүшелері

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:43

14:42

14:30

14:25

14:23

14:18

13:17

13:04

12:55

12:30

12:06

12:06

11:41

11:27

11:25

10:58

10:57

10:50

10:32

10:21

10:05

09:18

22:48

18:54

18:49