Жақсының жары
Әдебиеттану ғылымына адал еңбек еткен екі адам болса, соның бірі – Cәрсенбі Дәуітов еді. Тыйым салынған тақырыптарды зерттеп, ғылыми айналымға енгізуге совет заманының өзінде-ақ ден қойған ғалымның жанкешті еңбегін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.
Сәрсенбі Дәуітовтың Майқы би, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды қазақтың игі жақсылары мен Абылай бастаған хандары мен батырлары туралы құнды мәлімет, тың дерекке толы ғылыми-танымдық жинақтары ұлт руханиятына өлшеусіз үлес болып қосылды. Теңдессіз талай жәдігерді қайта тірілткен көрнекті ғалым, осыдан 3 ай бұрын, 78 жасында дүниеден өтті.
Еңбегін бұлдамай-ақ, қарапайым күн кешкен бірегей тұлғаның өмір жолына бір мезет ой жүгірту мақсатында біз ол кісінің өмірлік жары Ізімкүл Иманбековамен сұхбаттастық.
– Ағаң әуелде өлең жазған, – деп бастады әңгімесін Ізімкүл апай. –«Сыбаға» атты тұңғыш жинағы Әбділда Тәжібаевтың алғысөзімен шыққан. Одан кейін де «Тау аясында», «Жаңғырық», «Алтын ұршық», «Сарыбел сазы» деген өлең жинақтары жарық көрді. Анасын «апа» дейтін еді. Өзі айтатын: «Апам «Өлеңнің жолы ауыр, түбі – зар. Балам, сен өлең жазбай-ақ, басқа салаға барсаң қайтеді?» деді. Сөйтіп, өлеңді қойып, ғылымға кеттім» деп. Ал Әбділда аға: «Сенің өлеңге деген қабілетің, талабың жақсы» деп айтып жүретін. Алланың жазуы шығар, Әдебиет және өнер институтына лаборант болып барды да, ғылымға біржола бет бұрды.
Ол кезде әлі жас қой. Институтта – кілең профессорлар, академиктер. Сәрсенбі өзі тумысынан елгезек. Үлкен кісілердің айтқанынан шықпай жүгіріп жүреді. Ысқақов деген ғалым болды. «Обед әкеліп бер» деп ақша береді екен. Артылған ақшасын берсе, «оны өзіңе қалдыр» деп алмайтын көрінеді. «Одан бөлек, асханаға ертіп барып тамақ әперіп, оны да өзі төлейді. Қатты ыңғайсызданамын. Төлейін десем, «сенің қанша айлық алатыныңды білемін, ондайыңды қой, саған төлету маған ұят» деп кәдімгідей ренжитін. Содан кейін өзім де ол кісіге бала сияқты еркелейтін болдым», – деп күліп отыратын.
– Сәрсенбі аға кімдермен жақын араласты?
– Ағаң кілең академиктердің арасында жүрді. Бір қасиеті, ешқашан ыңғайсызданбайтын. Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Мүсілім Базарбаев, Серік Қирабаев, Мырзабек Дүйсенов сияқты танымал тұлғалардың көпшілігімен жақсы сыйласты. Кандидаттық жұмысына Мырзабек аға ғылыми жетекші болды. Кәдімгідей отбасымызбен араластық. Ол кезде «Орбита» шағын ауданында 3 бөлмелі үйде тұратынбыз. 1 шифоньер, 2 креслодан басқа ештеңеміз жоқ. Мырзабек аға үйге келеді. Мен дастарханды залға жасағым келеді. Ас бөлме кішкентай әрі ондағы орындықтардың арқалығы жоқ. Залдағы креслода жайланып отырса деймін ғой өзімше. Сөйтсем, Мырзабек аға: «Ізімкүл, менің ең жақсы көретін жерім – кухня. Кухня деген, ол – береке. Зура екеуміз ылғи кухняда шай ішеміз. Менің жолдастарым келсе де кухняда шай береміз. Содан кейін залға әңгімелесуге келеміз. Бұдан кейін мен келгенде шайды кухняда беретін бол», – деді. Онда біз жаңадан үй болып, енді-енді ес жиып келе жатқанбыз. Ол кісі болса, ғылым докторы. Залға кіреді де: «Кез келген нәрседен ләззат алуға болады. Зура екеуміз осындай креслоны бір күні ана бұрышқа, бір күні мына бұрышқа қоямыз, жанына гүл қойып қоямыз. Сонда үйің түрленіп тұрады» деп, бізге соны кәдімгідей қойып көрсетеді. Сондай қарапайым еді сол кісілер...
– Әбділда Тәжібаевпен сыйластығына ағаның өлең жазғаны себепкер болды ма?
– Сәрсенбі Әбділда ағаның тіпті баласындай болып кетті. Ол кісі төте жазумен жазған екен. Сәрсенбі араб жазуын білетіндіктен, ағаның жазғандарын оқып, көмектесетін. Үйіне барып-келіп, Сара апамыздың қонағын да бірге күтісіп жүрдік. Әбділда аға: «Ғылымда жүрсің ғой, кандидаттық қорғап ал. Бірақ докторлыққа басыңды қатырмай-ақ қой, оның әуресі көп, қиын ғой» дейтін. Ағаң содан докторлық қорғауға көп жыл бойы мән бермеді. Былайынша, Серік Қирабаев, Рымғали Нұрғалиевтермен қатар жүрді, бірге істеді. Сол кісілердің айтуымен кейін ғана кірісті. Онда да Рымғали Нұрғалиев: «Бұл кісіні елдің бәрі «академик» деп ойлайды. Жанымызда жүріп «кандидат» болып жүргеніне тіпті өзіміз ұяламыз. Қорғасын. Сіз де айтыңыз» деп маған үйге звондап, ақырында өзі жетекші болып қорғатты. Ағаң «Керек емес. Оған уақытымды кетіріп қайтем?! Қорғамаймын» деген. Содан, бекер обалы қане, бәрі үгіттеп: «Сәрсенбі – халықтың адамы. Қай жерге барсақ та оны бағалайды, құрметтейді. Білімі бар. Неге доктор болмасқа?!» деді. Рымғали аға тіпті: «қиындықтан қашпа, бір реті болады» деп, үйге келіп те әңгімелесті. Сонда: «Біз мұны «Дала академигі» дейтін болдық. Ауылға барса бізден беделді болып кетеді» дегені есімде. Шамасы, ескі әңгімелерді көп білетіндіктен, Сәрсенбінің әңгімесі өтімді болған болуы керек.
– Докторлық жұмысын Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметі» бойынша қорғаған екен. Өзіне бұрыннан таныс тақырып қой, қиындық тудырмаған болар?..
– Жазуын жазды ғой. Бірақ докторлық жұмысын қорғаған кезде қарсы шыққандар көп болды. Ұлымыз Сардар барып қатысқан. «Ғалымдар дегеніңіз сұмдық екен. Бір-бірін талап, жеп қоюға бар ғой» деп таң қалып келді. Сонда Зейнолла Қабдолов: «Бұл – бұған дейін-ақ мойындалған Сәрсенбі. Ол бәріміздің көзіміз болды. Араб тілін арамызда тек осы ғана білді. Ешқандай артық әңгіменің қажеті жоқ. Бірауыздан қорғатамыз» деп, таласты тоқтатыпты.
– Ол кезде араб тілін, төте жазуды білетін адам аз еді ғой. Көне жазбаларды оқи алатын маман ретінде Сәрсенбі ағаның ғылымға қосқан үлесі зор болғаны анық қой...
– Әрине. Ағаң араб жазуын арғы бетте жүргенде үйренген. Содан ескі әдеби нұсқалар мен төте жазудағы қолжазбаларды кириллицаға түсіруде таптырмайтын маманға айналды. Апталап, айлап, архивтерде, Мәскеуде, Ленинградта жүретін.
Алаш арыстары ақтала бастаған тұста Аxмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби-ғылыми мұрасын Мәскеуден әкеліп, қазіргі әріпке түсіріп, кітапқа шығуына ұйытқы болды.
Одан бөлек, Сәрсенбінің құрастыруымен жарық көрген Бұқар жырау, Төле би, Мәшһүр Жүсіп, Қарасай батыр, Домалақ ана, Мұрат Мөңкеұлы, Сүйінбай Аронұлы, Қазанғап, Орманбет би, сондай-ақ Қожа Ахмет Иассауи мұралары кәсіби зерттеулерге негіз болғанын әріптестері қатты бағалайды.
– Сәрсенбі ағаның докторлық диссертациясы жайлы Айгүл Ісмақова кезінде «Диуани хикмет және қазақ поэзиясы» монографиясы қазіргі әдебиеттануға тың деректер қосты. Тәуелсіз кезге дейін арнайы зерттелмей келген Қожа Ахмет Иассауи хикметтері тұңғыш рет әдебиеттанулық зерттеуге арқау болды. «Диуани хикметтің» қазақ әдебиетінің қалыптасуына, дәстүрлі әдебиетке әсер еткені кәсіби деңгейде айқындалды» деп жазған екен...
– Шынымен де, Иассауи хикметтері совет дәуірінде зерттелмек түгілі, еш жерде айтылған да, оқытылған да емес. Докторлық жұмысында ағаң ол жөнінде: «Сол кездегі ат төбеліндей шығыстанушы ғалымдардың сопылық жайында, оның шығу тегі, сопылардың өмірге, тіршілікке көзқарасы, философиялық ой-пікірі туралы бірсыпыра еңбектер жазылғаны анық. Міне, осы ғылыми еңбектердің ішінде ғана Қожа Ахмет Иассауидің қысқаша өмірбаяны, өзіндік ұстанған бағыт-бағдары жан-жақты терең зерттелмесе де аталып, айтылып отырған» деп жазды.
Архивте көп отырғаны, қатты берілгені сонша, Сәрсенбі қай материалдың қай бумада, қай папкада екенін де ұмытпайтын. Әріптестері звондап сұрап жататын. Сонда архивтегі папкаларға қатысты кім не сұраса да, бәрін жатқа айтып беретін. Адамның қабілетіне жадының да бейімделетіні ғой. Мен соған таң қалатынмын. Жалпы, есте сақтау қабілеті мықты еді. Қант диабеті болды да, содан көп зардап шекті ғой. Бір жағынан, баяғыда жастау кезінде ыс тиіп, өлім аузынан қалғаны тағы бар...
– Иә, сол қайғылы жағдайдың салдарынан алғашқы отбасынан айырылғаны туралы бұрын да естігеніміз бар еді. Сәрсенбі аға қайтыс болғанда Айгүл Ісмақова да ол кісінің өмірде көп қиындық көргенін айтып, сол оқиғаны еске алыпты...
– Иә, Айгүл «Баспанаға зәру қылған совет заманында біреудің құлағалы тұрған ескі үйінде пәтерде тұрып, отбасына иіс тиіп, жеңгеміз бен жас балалары қайтыс болған еді» деп жазыпты. Бірақ үйде әйелі екеуі ғана болған. Балаларды ауылға жіберген. Әйелі үшінші сәбиіне жүкті екен. Ол кісі бірден қайтыс болып кеткен де, Сәрсенбі бір ай бойы ес-түссіз, комада жатқан. 27-28 жастағы кезі. Әйтеуір, Құдай сақтап, аяғынан тұрған ғой. Алғашқы жарынан бір ұл, бір қыз қалды. Біз қосылғанда Ілияс 4-те, Зере 3-ке толар-толмас жаста болды.
– Содан балаларды сіз өсірдіңіз ғой?..
– Иә. Ілияс апамызбен екі арада: ауылда, қалада жүрді. Ал Зере өз қолымызда болды.
– Ал Сәрсенбі ағамен қалай таныстыңыз?
– Оған Күләш Ахметова себепкер болды. Екеуміз бала кезден бірге өскенбіз. Университет бітіргеннен кейін ол Алматыда қалды. Ол кезде газеттерге шығып, ақын ретінде танылып қалған. Мен ауылға кеттім де, мектепке мұғалім болдым. Университет бітіргендер аз, маман жоқ кез ғой. Жақсы ұстаз ретінде ауданға танылып, 3 жыл жүрдім. Күләш: «Көп болса, директор боларсың, ауданға қызметке барарсың. Одан не шығады? Сен одан да Алматыға келші, бірге жүрейік» деп жылда шақыратын. Үш жылдан кейін демалыс алып келсем, Күләш 3 бөлмелі үй алып жатыр екен. «Балалардың бөлмесін саған беремін, осы үйге тіркеуге тұрасың, келсеңші енді» деп тағы айтты. Содан бұйрық қой, ақыры келдім.
Бірақ аудандағылар «бізге маман керек» деп келіспей, тек «мен ғылыммен айналысамын, диссертация қорғаймын» деген соң ғана жіберді. Негізі, сондай ойым болды. Университет бітірерде Мырзатай Жолдасбеков: «Ұлбике және оның төңірегі» деген тақырыпты ал. Өзің сол Талас өңіріненсің, Ұлбике де – сол жақтың адамы. Материал жина, осы сенің кандидаттық жұмысың болады» деген. Бір жағынан соны ойлап әрі Күләштің шақырғаны бар, сөйтіп келсем, «жетекшім болады» деген Мырзатай аға Талдықорған университетіне ректор болып кетіпті. Далаға келгендей болып жаман болдым. Ауылға қайта барсам, олар қуанбаса ренжімейтін еді. Бірақ өзім ұялдым, бір жағы, намыстандым. Ел жақтан кетерде аудандағы инструктор: «Ізімкүл, Алматыға барғанда сен көп болса корректор боласың. Саған мектепте мұғалімдік жұмыс жоқ» деген еді. Сұрастырсақ, шынымен де, орын жоқ. Ол кезде бір ғана, №12 қазақ мектебі ғой. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғаліміне сұраныс жоқ. Ақыры, шынымен де, әлгі инструктор айтқандай, баспаға корректор болып кірдім. Оның өзін де Күләштар сұрастырып жүріп әрең тапты.
Күләш Сәрсенбінің «Жалын» баспасынан шыққан кітабына редактор болған екен. Әңгіме арасында «Осындай бір жақсы жігіт бар, әйелі қайтыс болған. Өзі сондай ақкөңіл» деп мақтайтын. Таныстық. Қарасам, шынымен де өте қарапайым, білімді, жаман әдеті жоқ. Бірақ қалай болар екен, балалары бар, қиын болады ғой деп қорқақтадым. Күләш: «қиын болмайды, сен мейірімдісің, салмақтысың. Жақсы қарасаң балалар өз балаңдай болып кетеді» деп ақыл қосты. Сәрсенбі де: «Менің шешем керемет балажан. Екі баланы сұрасаң да саған бермейді, өзі қарайды» деді. Сөйтіп, 1977 жылы қосылдық.
– Тұрмысқа шығуыңызға ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?
– Алдын ала ешкімге ештеңе айтпадым. Бәрі қосылған соң бір-ақ естіді. Алдымдағы 3 ағамнан кейінгі жалғыз қыз едім. Әкем – озат шопан ретінде «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған. Ішкені алдында, ішпегені артында дегендей, сондай әулетте өскен мені 2 балалы адамға күйеуге шығады деп ешкім ойлаған жоқ. Жеңгем келіп жылап: «Еркежан, неге бұлай болды, өзіңе сенімдісің бе?!» деп уайымдады. Қарсы болғанда не істейді? Тағдыр шығар. «Адамның басы – Алланың добы» деген рас екен ғой.
– Өзіңіз сол бойы ұстаздық қызметке орала алмадыңыз ба?
– Баспадан соң біраз жыл қазіргі Ұлттық кітапханада, одан кейін Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтында істедім.
Сәрсенбі сол кезден ауыратын. Өзінің қант диабеті бар, оған уланғаны қосылған. Екі ай жұмыс істесе, бір ай ауырып жатады. Алдыңғы екі баладан кейін тағы екі балалы болдық. Сосын қалай жұмыс істейсің?! Балалардан бұрын, маған Сәрсенбінің сырқаты қатты қиын тиді. Қайта-қайта ауырады. Ауруханаға жатқызуға да таныс керек. Әбділда аға бар кезде өзі звондап, Совминнің ауруханасына, әскери госпитальдарға жатқызатын. Бірақ әйтеуір сөйтіп жүріп те, ағаң ғылыммен айналысып, зерттеулерін жүргізіп, жазатынын жазып кетті ғой.
– Жалпы, отағасы ретінде мінезі, болмысы қандай еді?
– Бала сияқты болатын. Жайдары еді. Бірақ тез ренжитін. Шай бермесек те өкпелеп қалатын. Қанты жоғары болғандықтан, «шай зиян, су іш» дейтінбіз. Соған «су іше алмаймын, су ішсем тамағым ауырады, маған шай керек» деп балаша бұртиятын. Бірақ қайтымы тез. Өте балажан еді. Сәл бірдеңе болса: «Мен сендерге дұрыс жағдай жасай алмадым, денсаулығым болмады» деп жылап қалатын. Сонда балалар да: «Олай демеші, папа. Бізді өсірдің, оқыттың, қолыңнан келгеннің бәрін жасадың. Бұдан артық не істейсің?» деп шыр-пыр болатын. Жақсы әке, жақсы ата болды. Бауырларына да жанашыр еді. «Ауылдағылардың жағдайы қалай болып жатыр екен?!» деп үнемі айтып, ойлап жүретін.
Соңғы жылдары дін жолына түсті. Бес уақыт намазын қаза қылмай оқитын. Балалармен де адалдық, адамгершілік, имандылық тұрғысында сөйлесіп, ақылын айтып отыратын. Екі рет үлкен қажылыққа, 3 рет Умраға барып келді. Соңғы 5-6 жылда сырқатына байланысты, қажылыққа барам десе, «қалай болады, ондай қиын сапарды көтере ала ма?» деп уайымдайтынбыз. «Дәм-тұзым таусылса сол жақта қалармын, өкінішім жоқ» деп қоштасып кететін. Ол да Алланың бұйыртқан бір нығметі шығар, парызын өтеп, аман-есен қайтатын. Сөйтіп: «Мен жылтыңдап тағы келдім» деп күлдіретін...
– «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Сәрсенбі аға жақсы адам еді. Бірегей ғалым еді. Есімі де, еңбегі де ұмытылмақ емес. Ағамызға Алла о дүниенің рахатын нәсіп етсін! Әңгімеңізге рахмет!