Инвестициялар мен жаңа жұмыс орындары: Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау жаңа қарқын алды

  • 13:33, 30 маусым 2025
Инвестициялар мен жаңа жұмыс орындары: Алматыда шағын және орта бизнесті қолдау жаңа қарқын алды Сурет: Freepik.com

Алматыдағы шағын және орта бизнес – қала экономикасын алға сүйрейтін негізгі күш. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Алишер Сатыбалдиев кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бастамалар мен жобалар туралы айтып берді.

2025 жылдың 1 маусымындағы мәліметтерге сәйкес, Алматыда шағын және орта кәсіпкерліктің (ШОБ) жұмыс істеп тұрған нысандарының саны 382,7 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,9%-ға артқан. ШОБ қала экономикасының 57,5%-ын құрайды. 2024 жылы шағын және орта кәсіпорындардың өндірген өнімі 24,9 трлн теңгеге жетіп, 13,9%-ға өскен.

2025 жылы бизнесті субсидиялау мен қолдауға 70 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 52,8 млрд теңге – жергілікті бюджеттен, 17,2 млрд теңге – республикалық бюджеттен. Осы қаражат есебінен жалпы сомасы 61,3 млрд теңге болатын 440 жоба қолдау тапты.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау – негізгі басым бағыттардың бірі. Алматыда әлеуметтік кәсіпорындар тізіліміне енгізу бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейінгі гранттар мен салықтық жеңілдіктер ұсынылады. Атап айтқанда, әлеуметтік кәсіпорындарға арналған салық мөлшерлемесі 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілген. 2022 жылдан бастап аталған тізілімге 141 әлеуметтік кәсіпорын енді. Олар әлеуметтік осал топтарға арналған тауарлар өндіреді, қызмет көрсетеді және осы топ өкілдерін жұмыспен қамтиды.

2025 жылдың алғашқы бес айында Алматы қаласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 714,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,2%-ға артты. Бұл өсімге жеке инвестициялар да елеулі үлес қосты – олардың көлемі 7,9%-ға өсіп, 557,5 млрд теңге болды.

Алишер Сатыбалдиевтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, соның ішінде қаланың индустриалды аймағына ерекше назар аударылуда. 2025 жылы жалпы сомасы 268,1 млрд теңгені құрайтын 14 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар аясында шамамен 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта индустриалды аймақта 118 компания жұмыс істеп, 557,6 млрд теңге көлемінде инвестиция салып, 16 мың жұмыс орнын құрған.

Сонымен қатар, биыл шағын индустриалды парктердің құрылысы да жалғасып жатыр. 2025–2027 жылдар аралығында бұл парктерге 245 ШОБ нысаны орналастырылып, қосымша 4,3 мың жұмыс орны ашылады деп күтіледі.

Алматыда креативті индустриялар да қарқынды дамып келеді. Қаланың 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасында бұл сала экономиканы әртараптандырудың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленген. Осы бағыт аясында 2024 жылы «Маркова 44» креативті хабы ашылды. Бүгінде бұл кеңістік подкаст-лейблдерден бастап, тәуелсіз театрларға дейін 14 резиденттің мекеніне айналды. 2024 жылы хабта 170-ке жуық іс-шара өткізілді – олардың қатарында дәрістер, кино көрсетілімдері мен шеберлік сабақтары бар.

«Алматыда креативті кеңістіктерге деген сұраныс артып келеді. Сондықтан биыл біз креативті кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген жалға алу механизмін енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Алишер Сатыбалдиев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:54

18:26

17:50

17:10

16:58

16:54

16:50

16:14

16:09

15:51

14:55

14:55

14:46

14:26

14:10

13:36

13:35

13:33

12:35

12:28

12:11

11:54

11:50

11:35

11:23