Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтарды алдауда кеңінен қолданылатын алаяқтық тәсілдерді атап өтіп, тұрғындарды барынша сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Aqshamnews.kz тілшісі.
ІІМ деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда ең көп тараған алаяқтық схемалары:
1. Телефон және интернет-алаяқтық
Алаяқтар банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстырады. Олар «күдікті операциялар» дегенді сылтауратып, азаматтарды SMS-кодтарды, банк картасының деректерін хабарлауға немесе ақшаны өз еркімен аударуға көндіреді.
2. Фишинг хабарламалары
Азаматтарға жеткізу қызметтері, коммуналдық ұйымдар немесе банктер атынан SMS және электрондық хаттар жіберіледі. Бұл хабарламалардағы сілтемелерге өту жеке және қаржылық деректердің құпия түрде ұрлануына әкеледі.
3. Мессенджерлер арқылы алаяқтық:
WhatsApp және Telegram-да басшылардың, әріптестердің немесе туыстардың атынан жалған аккаунттар (фейк) жасалады. Олар «шұғыл жағдай» дегенді желеу етіп, ақша аударуды немесе реквизиттерді беруді сұрайды.
4. Жалған инвестициялар және қаржы пирамидалары
Криптовалюта, бағалы қағаздар немесе онлайн-жобаларға салым салу арқылы тез пайда табуға уәде береді. Ақшаны салғаннан кейін «инвесторлармен» байланыс біржола үзіледі.
5. Онлайн-сатып алу кезіндегі алаяқтық
Жоқ тауарлар мен қызметтер үшін, тұрғын үйді жалға алу немесе автокөлік сату үшін алдын ала төлем жасау жағдайлары кең таралған. Ақшаны алғаннан кейін «сатушылар» байланысқа шығуды тоқтатады.
6. Жеке деректерді пайдалану
Алаяқтар заңсыз жолмен алынған жеке куәлік және ЖСН деректерін пайдаланып, үшінші тұлғалардың атына несие және микрозаймдарды ресімдейді.
«Банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар телефон арқылы растау кодтарын және банк картасының деректерін ешқашан сұрамайды. Күмәнданған жағдайда, әңгімені тоқтатып, ресми қызметтерге өз бетіңізше хабарласу ұсынылады», – деп атап өтті ІІМ.