ХХІ ғасырдағы алғашқы алтын: әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали туралы не белгілі?

  • 15:27, 22 қыркүйек 2025
ХХІ ғасырдағы алғашқы алтын: әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали туралы не белгілі? сурет: СДД

Грек-рим күресінен қазақстандық Айдос Сұлтанғали Загребте (Хорватия) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Финалда қазақстандық спортшы өзбекстандық балуанды ұтып, ел қоржынына ғасырдың алғашқы "әлемдік алтынын" салды. Елімізге тарихи жеңіс сыйлаған Айдос Сұлтанғали туралы не белгілі? Аqshamnews.kz материалынан біліңіз. 

Бала арманнан басталған чемпиондық жол

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Спорттық жолын ерте бастап, жасөспірім шағынан-ақ ерекше қабілетімен көзге түсті. Ол 2012 жылы кадеттер арасындағы Азия біріншілігінде күміс жүлде жеңіп алып, бір жылдан кейін құрлық чемпионы атанды. 2016 жылы жастар арасында Азияның үздігі болды.

Айдос Сұлтанғали Қызылорда облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады. Оның алғашқы ұстаздары – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Юн мен жеке бапкері Ғабиден Райымбек.

сурет: kzvesti.kz

Айдос бозкілемде біртіндеп шыңдалып, ересектер арасындағы бәсекелерде де өзін дәлелдеді.

  • 2017 жылы Польшадағы жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

  • 2018 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында (60 кг) қола алды.

  • 2021 жылы Алматыда Азия чемпионы болды.

  • 2022 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында тағы да қола жүлдеге қол жеткізді.

Ал 2025 жылы Загребте өткен әлем чемпионаты Сұлтанғалидың спорттық мансабындағы басты белес болды. Финалда ол өзбек балуаны Әлішер Ғаниевті ұтып, алтыннан алқа тақты.

сурет: ҰОК/Сали Сабиров

"Анамның көзінше ешкімнен жеңілгім келмейтін"

Айдос - отбасында үш қыздың ішінде жалғыз ұл. Ал ата-анасы қарапайым жандары. Ол жанұясының қолдауы жайлы отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында бөліскен еді.

"Әке-шешем үлкен қолдау білдіріп отырады. Әсіресе, анам үлкен дем береді. Бала кезімде анамның көзінше жаттығатынмын. Ол кісінің алдында ұятқа қалғым келмейді. Қызылорда және Түркістан қалаларында өткен жарысты тамашалауға жақындарымның келгені есімде. Сол кезде қатты толқыдым. Жеңіліп қалған сәтімді жақындарымның көргенін қаламаймын. Мен үшін ол кісілер ең басты – төреші", - деді Айдос Сұлтанғали. 

Оның ендігі алдағы басты мақсаты – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысып, биік тұғырдан көріну.

сурет: prosports.kz

"Жеңілісім бір ай бойы түсіме кіре берді"

Балуанның өзіне ең қатты қабылдаған жеңілістерінің бірі - Франциядағы жастар арасындағы әлем чемпионаты. Ол бұл чемпионатта түрік балуанға есе жіберген еді. 

"Барлық қарсыластарымды жеңіп келе жатып, түрік балуанынан ойсырата жеңілдім. Бұл жеңіліс маған қатты әсер етті. Бір ай бойы сол белдесуім түсіме кіріп жүрді. Кейін өзімді қолға алдым. Спорт өте қиын сала. Дегенмен мен өте бақыттымын. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндігім бар" деді Айдос Сұлтанғали.

сурет: СДД

Чемпион кімді үлгі тұтады?

Айдос Сұлтанғали өзінің бала күнінен еліктейтін палуаны 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Шәміл Серіков екенін айтады. Сонымен қатар, қазіргі бапкері әрі Атланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченконың күресін ерекше бағалайды. 

Айдос өзі тәрбиеленген Қызылорда өңірінің намысын қорғауды азаматтық борышы санайды. Басқа облыстардан ұсыныстар түскеніне қарамастан, туған жерге адал болып қалуды жөн көреді.

Келешек буынға арнаған сөзінде ол:

"Үлкен турнирлердің аурасынан қорқудың қажеті жоқ. Қандай жарыс болса да, сенің жылдар бойы жинаған тәжірибең бәрінен қымбат. Бастысы – дайындыққа сену" деді әлем чемпионы.

сурет: СДД

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:48

17:41

17:20

17:11

16:45

16:36

16:20

16:10

15:49

15:39

15:27

15:09

15:04

14:59

14:33

14:07

13:55

12:30

12:04

11:45

11:27

10:59

10:40

10:27

10:05