Алматы қаласындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында балалар нейрохирургиясына арналған екінші халықаралық шеберлік сабағы аяқталды. Іс-шара балалардағы күрделі неврологиялық бұзылыстарды емдеудің заманауи әдісі – сакралды нейростимуляцияны енгізуге арналды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Шара 2–4 сәуір аралығында өтті. Оған Минск қаласынан шақырылған жоғары санатты нейрохирург В.В. Алексеевец қатысып, «Мелосердие» қайырымдылық қоры қолдау көрсетті. Бұл – аталған орталық үшін Қазақстандағы балаларға жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту жолындағы маңызды кезең.
Үш күн ішінде орталық мамандары халықаралық сарапшымен бірлесіп, орталық жүйке жүйесінің туа біткен ақаулары және нейрогендік қуық дерті бар 20-ға жуық науқасқа кеңес берді. Екі балаға сакралды нейростимуляция әдісімен жоғары технологиялық ота жасалды. Қазіргі уақытта, олардың жағдайы тұрақты, емдеу шаралары жалғасып жатыр. Алдағы кезеңде 6 айдан 12 айға дейін созылатын бақылау және оңалту үдерісі жүргізіліп, оны нейрофизиолог мамандар қадағалайды. Бұл кезеңнің басты мақсаты – балалардың өмір сапасын жақсарту.

Сакралды нейростимуляция әдісі орталықта 2025 жылдың мамыр айында енгізіліп, қысқа уақыт ішінде балалар нейрохирургиясының маңызды бағыттарының біріне айналды. Қалыптасу кезеңінің күрделілігіне қарамастан, орталық бұл қызметті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетіп келеді. Бұл өз кезегінде Алматы қаласы мен еліміздің барлық өңірлеріндегі балалар үшін заманауи емдеу тәсілдерінің қолжетімділігін арттырып отыр.
Өткен шеберлік сабағы тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, мамандардың кәсіби өсуіне де серпін берді. Оған Тараз, Шымкент, Түркістан және Астана қалаларынан келген дәрігерлерді қоса алғанда, 10-ға жуық маман қатысты. Сонымен қатар, еліміздің өзге өңірлері де бұл бағыттағы оқытуға қызығушылық танытып отыр. Бұл – аталған саланы дамытуға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Жұмыс қорытындысы бойынша орталық нейрохирургиялық қызмет түрлерін кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жоғары мамандандырылған көмекке мұқтаж науқастарды қабылдауға дайын екенін растады.
«Біздің ұжым үшін бұл – жай ғана тәжірибе алмасу емес, балалар нейрохирургиясын дамытудағы маңызды қадам. Біз балалардың өмір сапасын жақсартуға нақты мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз және осы бағыттағы жұмысты кеңейтуге дайынбыз», – деді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рахым Ахан.
Орталық алдағы уақытта да халықаралық сарапшылармен және «Мелосердие» қайырымдылық қорымен ынтымақтастықты жалғастырып, Қазақстандағы балалар медицинасының дамуына үлес қосуды жоспарлап отыр.