Президент реформалары: айтылды – жасалды
«Әділетті Қазақстан» идеологемасы Қазақстан халқының өзгерістерге, әлеуметтік әділеттілікке, демократияландыруға, мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға деген сұранысына жауап ретінде қалыптасты. Бірақ ол кенеттен пайда болған жоқ. Бұл идея күн тәртібіндегі жаңғыртуды талап еткен көптеген бастама мен шешімнен бастау алды.
Осы бастамалардың ішінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орны ерекше. Оның мәнін атауынан-ақ оңай аңғаруға болады – адамдар, олардың проблемалары мен арман-мүдделері мемлекет пен мемлекеттік саясатты жүзеге асырушылар үшін әрдайым алдыңғы орында тұруы керек. Орталықта да, жергілікті жерлерде де шешім қабылдаушылар үшін халықтың игілігі алға шығуы қажет.
Адам құқығы
Адамның негізгі қажеттігінің бірі – қауіпсіздік. Мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі – өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал қауіпсіздіктің негізгі өлшемдерінің бірі – адамның іргелі құқықтарын қатаң сақтау.
Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдықтарының бірі саналады. Өткен жыл мұны қуаттай түсті. Жүргізілген конституциялық реформа Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға да ықпал етті.
Осылайша, Конституциялық сот «қалпына келтірілді» (мұндай институт Қазақстанда 1992-1995 жылдары болған, кейін оның орнын Конституциялық кеңес – адам құқықтары жөніндегі функциялары әлдеқайда шектеулі құрылым басқан). Ол 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Оған ресми тұлғалар (Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокурор) ғана емес, қарапайым азаматтар да жүгіне алады. Яғни кейбір заңдар өзінің азамат ретіндегі конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді деп санайтын кез келген адам Конституциялық сотқа жүгіне алады және оның мәселесін осы аса жоғарғы инстанция міндетті түрде қарайтын болады.
Негізгі Заңға енгізілген түзетулер Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін де күшейтті. Конституцияға тиісінше жаңа бап қосылды, онда омбудсменнің тәуелсіздігінің және Президенттен басқа, қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың алдында есеп бермеуінің кепілдіктері көрсетілген. Бұған қоса, омбудсменнің өзі де, былайша айтқанда, халыққа жақындай түсті.Қазақстанның барлық өңірінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жергілікті өкілдіктерін ашу туралы шешім қабылданды.
2022 жылы Конституцияға тағы бір қағидатты толықтыру енгізілді. Оған Қазақстанда өлім жазасына тыйым салынғандығы жазылды. Бұл қадам символдық деуге болады. Елімізде өлім жазасына енгізілген мораторий 2004 жылдан бері күшінде. 2020 жылы Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қосылған. Ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер 2021 жылы енгізілген.
Бірақ өлім жазасына тыйым салудың Негізгі Заң мәтінінде де пайда болуы – Қазақстанның адамның іргелі құқықтарын қорғауға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Бұл бірегей шешімнің халықаралық қоғамдастықта кеңінен мақұлдау мен қолдауға ие болуы бекерден-бекер емес.
Алайда жұмыс тек конституциялық реформамен шектелген жоқ. Бұл саладағы заңнама да жетілдіріліп жатыр. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы әзірленді.
2022 жылы Қазақстанда адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан арғы іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда барлық бағыт (соның ішінде азаптаулардың алдын алу және ондай жағдайларды тергеу сияқты нәзік тақырып та бар) бойынша құқық қорғау тетіктерін нығайту міндеттері айқындалды. Азаматтардың құқықтарының сақталуына ведомствоаралық бақылау күшейтілу үстінде. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан Құқық қорғаушылардың өздерін қорғау жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Азаматтық қоғам
Қазақстан халқы – бастамашыл және жанашыр халық. Мұны тіпті ресми статистика да растайды. Елімізде 770-ке жуық волонтерлік ұйым, әртүрлі салада жұмыс істейтін 17 мыңнан астам ҮЕҰ бар. Азаматтық қоғам қашанда елдің дамуына және проблемалық мәселелерді шешуге хал-қадерінше қатысуға ұмтылып келеді. Мемлекет өз тарапынан бұған тек қана қолдау білдіреді.
Мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес сектор әлеуметтік серіктестер ретінде бүгінде әртүрлі әлеуметтік маңызы бар тақырып бойынша 2 мыңға жуық жобаны жүзеге асыруда. Ал 2022 жылы мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимыл тетігі тіпті нығайтылды – стратегиялық әріптестік орнату мүмкіндіктері заң жүзінде бекітілді. Бұл мемлекет пен ҮЕҰ-ның жалпыұлттық даму басымдықтарын іске асыру бағыттарында әлдеқайда тығыз бірлесе жұмыс істеуіне негіз, сондай-ақ ең өзекті мәселелер бойынша ҮЕҰ жобаларын (соның ішінде ақшалай) қолдау тетіктерін жасайды.
Өткен жылдың шілде айында қайырымдылық және волонтерлік қызмет туралы заңнама да жаңартылды. Атап айтқанда, бұл қызметті мемлекеттік деңгейде қаржылай және қаржысыз қолдау мүмкіндіктері кеңейтілді.
Қоғамдық кеңестер Қазақстан халқының азаматтық-саяси белсенділігін арттырудың пәрменді шарасы, сондай-ақ билік пен халық арасындағы кері байланыстың өзін жақсы танытқан тетігі болып қала береді. Бүгінгі таңда республикада орталық мемлекеттік органдарды қоса алғанда, 250-ден астам ҚК бар, олар 2022 жылдан бастап тағы 13 квазимемлекеттік ұйымда құрылды. Өткен жылы ҚК-нің барлық құрамына ревизия жүргізіліп, олардағы билік өкілдерінің саны барынша азайтылды. Кеңестердің жұмысына 4 мыңнан астам адам тартылған болса, олардың басым көпшілігі – үкіметтік емес сектор мен сарапшылық қоғамдастық өкілдері.
Сумен қамтамасыз етуден бастап заң және нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қарауға дейінгі, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылаудан бастап жер мәселесіне дейінгі азаматтар үшін ең көкейкесті мәселелер – ҚК-лердің басты назарында. Және де кеңестердің ұсынымдары мемлекеттік органдардың қарауы үшін міндетті болып саналады. Шын мәнінде, қоғамдық кеңестер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен адамға бағытталуын арттыруға қалай әсер ететінінің айқын көрінісіне айналды.