Алдағы саяси науқан қала тұрғындары арасында жиі талқыланып жүр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына санаулы апта қалды. Бірі бұл науқанды елдің алдағы даму бағытын айқындайтын мүмкіндік деп бағаласа, енді бірі жаңару үдерісін қолдап, өкілді органның жұмысын жандандыруға жасалған қадам деп санайды.
Алматыда алдағы дауыс беру тақырыбы көшеде де, оқу орындарында да, кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында да жиі сөз бола бастады. «Вечёрка» тілшісі мегаполис тұрғындарының сайлаудан не күтетінін сұрап білді.
Айдана О., 20 жаста, студент:
— Жастар өз болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келеді. Біз үшін сапалы білім алу, кәсіби тұрғыда өсу және жеке жобаларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік болғаны маңызды. Депутаттар жастардың талап-тілегін түсініп, шешім қабылдағанда олардың пікірін ескерсе дейміз.
Рашид Саметов, 38 жаста, кәсіпкер, шағын кофехананың иесі:
— Кез келген кәсіпкерге тұрақтылық пен түсінікті жұмыс тәртібі қажет. Бизнеске қолайлы жағдай жасалса, жаңа жұмыс орындары ашылып, экономика дамиды. Оның игілігін бүкіл қоғам көреді. Жаңа құрамдағы депутаттар осы мәселелерге айрықша көңіл бөледі деп үміттенемін.
Елена М., 44 жаста, қалалық емхананың дәрігері:
— Біз күн сайын халықпен жұмыс істейміз. Сондықтан денсаулық сақтау мен әлеуметтік қолдау мәселелерінің қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Қабылданатын заңдар халықтың нақты мұқтажына сай болып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етсе екен.
Нұрлан Әбдірашитов, 53 жаста, инженер:
— Халық депутаттардан даңғаза уәде емес, нақты іс пен жауапкершілік күтеді. Олар қоғаммен ашық сөйлесіп, азаматтардың өтінішіне құлақ асып, ел мүддесіне сай байыпты шешім қабылдауы керек.
Тамара Кошетова, 69 жаста, зейнеткер:
— Мемлекеттің болашағы әр адамның белсенділігі мен таңдауынан құралады деп есептеймін. Сайлау — азаматтық ұстанымды білдірудің бір жолы. Депутаттар елге адал қызмет етіп, жауапкершілікпен және халыққа құрметпен жұмыс істесе екен деймін.
Мамандығы, жасы мен өмірлік тәжірибесі әртүрлі болғанымен, алматылықтардың тілегі ортақ. Олар депутаттардың Қазақстанның дамуына, қоғамдық келісімнің нығаюына және халықтың тұрмыс сапасының артуына бағытталған нәтижелі жұмысын көргісі келеді.
Еске салайық, 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан азаматтары Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысады. Бұл — әр сайлаушының дауыс беру учаскесіне барып, азаматтық таңдауын білдіру арқылы ел болашағына үлес қосуына берілген мүмкіндік.
Әсел ТӘШІБАЕВА