Ғылым мен тағзым тоғысқан күн

Ғылым мен тағзым тоғысқан күн Сурет: Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметі

Алматыда профессор Рысбек Баймаханұлына арналған халықаралық конференция өтті

 

Алматыда Қазақ ғылымының көрнекті өкілі, техника ғылымдарының докторы, профессор Рысбек Баймаханұлына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өтті. Ғалымның есімімен тығыз байланысты – геомеханика, цифрлық технологиялар және инженерлік ғылымдар саласы бүгін жаңа тыныс алды.

QyzPU мен Механика және машинатану институты ұйымдастырған алқалы жиын ғылымды ұлықтаған тағылымды шара ғана емес, жас ғалымдарға жол көрсеткен бағыт-бағдар алаңы болды. «Геомеханикалық процестер және цифрландыру: инновациялық технологиялар және даму перспективалары» тақырыбындағы конференцияда геомеханика ғылымының дамуындағы тың идеялар мен профессор Баймаханұлының ғылыми мектебінің мұрагерлігі кеңінен талқыланды.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанайдың айтуынша, профессор Баймаханұлы – бір ғана ғылымның емес, ұлт руханияты мен ұлттық тәрбиеге де еңбек сіңірген қайраткер.

«Профессор Рысбек Баймаханұлы – халықаралық деңгейде мойындалған көрнекті ғалым. Ол Қыздар университетінде 50 жылға жуық уақыт бойы жемісті еңбек етіп, ғылым мен білім саласына сүбелі үлес қосты. Геомеханика саласы бойынша халықаралық ISSMG қоғамының төрт ғылыми комитетінің мүшесі ретінде Жапония, Канада, Түркия, Қытай сынды алдыңғы қатарлы мемлекеттерде ғылыми ұсыныс-тарымен танылды. Ғалымның 450-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Оның ішінде 19 оқу құралы, 10 монографиясы бар. Сондай-ақ, Scopus деректер базасында – 9, Web of Science базасында – 2 мақаласы жарияланып, Хирш индексі 6-ға жеткен. Профессордың жетекшілігімен 9 ғылым кандидаты, 1 ғылым докторы және көптеген магистрлер дайындалды. Ұлттық рух пен тәрбиеге айрықша мән берген Рысбек Баймаханұлының ғылыми-педагогикалық мұрасы – жас ұрпаққа үлгі, кейінгі буынға бағыт-бағдар», – деді ректор.

Іс-шараға академиктер, профессорлар, жас зерттеушілер және ғалымның туған-туыстары қатысты. Секциялық отырыстарда 30-дан аса ғылыми баяндама тыңдалып, үздік ғылыми жұмыстар дипломмен марапатталды.

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық көлік академиясының және ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Бағдат Бұрханбайұлының сөзінше, Рысбек Баймаханұлы – метрополитен құрылысының қауіпсіздігі жөнінде ғылыми негіздеме жасаған алғашқы қазақстандық ғалымдардың бірі.

«Бұл конференцияның өскелең ұрпаққа тәрбиелік маңызы өте зор. Алматы метросының қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдеген – осы кісінің бірнеше онжылдыққа созылған еңбегі. Ол метроның жер үстіндегі ғимараттарға қарағанда қауіпсіз екенін де көп жылдар бойы ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Өмірі – ерлік пен талмай еңбектің үлгісі. Әр алуан салада дарындылығын көрсетті: жас кезінде әңгімелер, фантастикалық повестер мен көпшілікке арналған ғылыми кітаптар жазды. Математика, физика, механика, әсіресе сандық әдістерді терең меңгерген. Қысқасы, өскелең ұрпаққа өнеге болар тұлға», – деді ғалым.

Конференция аясында профессордың өмірі мен ғылыми жолы жайлы бейнебаян көрсетіліп, шәкірттері арнау өлеңдерін оқыды. Әсіресе жас зерттеушілерге арналған «Үздік жас ғалым» марапаттары – шараның ерекше сәті болды.

Ғалымның ұлы Айдар Баймахан жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында жеке қаражатынан сыйақы тағайындап, ғылымдағы сабақтастықты қолдайтынын жеткізді.

«Әкемнің өмірлік миссиясы – білім мен ғылымды біріктіру болатын. Ол 450-дан аса ғылыми мақаланың авторы. Тек ғылыми мақалалар жазып қана қоймай, шәкірт тәрбиелеуді парыз санады. Әкемнің ісі – бізге аманат», – деді ол.

Бұл конференция – құрмет пен ғылымның үйлескен сәті ғана емес, болашақ зерттеулердің бастау көзіне айналатын маңызды алаң болды. Рысбек Баймаханұлының ғылыми мұрасы әлі де талай буынға бағыт болары сөзсіз.

QyzPU қабырғасында өткен тағылымды жиын – ғылымға бас июдің, ұлағатты ұстазды еске алудың және ғылым мен руханияттың өзара байланысын дәріптеудің жарқын үлгісі болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:01

17:51

17:27

17:14

17:02

16:28

16:22

16:18

15:41

15:37

15:30

15:26

15:05

15:00

14:44

14:38

14:35

14:26

13:22

12:35

12:23

11:55

11:52

11:47

11:44