Бүгін, 4 тамыз - қазақ халқы үшін қазалы күн. Аңыз адам, ғарышкер, ұлт мақтанышы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 74 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол – көк аспанды бағындырған батыр ғана емес, ғылым мен саясатта, ұлт дамуына бағытталған істерде өзіндік із қалдырған қайраткер тұлға. Ол туралы не белгілі? Аqshamnews.kz тілшісінің материалынына біліңіз.
Ғарышты көксеген кеуде
Талғат Амангелдіұлы - 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылында дүниеге келген. Шапырашты руынан шыққан. Инженерлік мамандықты меңгерген ол алғашқы еңбек жолын 1974 жылы Бұрындай әуе кәсіпорнында инженер болып бастаған. Кейін ұшқыш болып қайта даярлықтан өтіп, азаматтық авиация саласында қызмет етті. Аспан әлеміне деген қызығушылығы оны ғарышқа жетеледі.
Гиннеске еңген еңбек: үш рет ғарышқа сапар
Ол 1991 жылдан бастап ғарышкер ретінде дайындықтан өтті. Мұсабаевтың ғарышқа жасаған үш сапары Қазақстан мен әлем тарихында алтын әріппен жазылды:
-
1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен тұңғыш рет ғарышқа ұшты. 126 күн бойы ғарышта жұмыс істеді.
-
1998 жылы «Союз ТМ-27» сапары барысында 208 күн ғарышта болды. Мұсабаев бір айдың ішінде 5 рет небәрі 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққанны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді.
-
2001 жылы үшінші рет «Союз ТМ-32» кемесімен 8 күндік сапар жасады. Бұл сапарында әлемдегі алғашқы ғарыш туристі Деннис Тито да онымен бірге болған еді.
Талғат Мұсабаев - саясаткер және менеджер
Ғарышкерлік қызметін аяқтаған соң, Талғат Мұсабаев Қазақстанның ғарыш саласын дамытуға белсене кірісті:
-
2007–2016 жылдары Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы ретінде жұмыс істеді.
-
Кейін Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитетін басқарды.
-
2017–2023 жылдары - ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.
-
Сондай-ақ ол ҚР Президентінің кеңесшісі қызметін де атқарған.
Ғылым жолынан да алыстамай, техника ғылымдарының докторы атанып, ұшқыш-инженер, ғарыш саласында терең зерттеулермен айналысты.
Отбасы мен марапаттары
Талғат Мұсабаев - батыр ғана емес, өнегелі отбасының тірегі болған жан. Жұбайы Виктория Вольдемаровна Мұсабаева (Лацис) - білікті стоматолог. Ұлы Данияр Талғатұлы Мұсабаев - Қазақстан Ішкі істер министрлігінде әскери қызмет атқарады. Қызы Кәмилә Талғатқызы Мұсабаева - шығармашылық пен білім жолын таңдаған.
Оның ғарышкерлік және мемлекеттік қызметтегі еңбегі мемлекетаралық деңгейде жоғары бағаланды:
Қазақстан Республикасынан:
-
«Халық қаһарманы» атағы (1995)
-
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы (1995)
-
«Отан» ордені (1998)
-
«Барыс» 1-дәрежелі ордені
-
«Астана» медалі (1999)
Ресей Федерациясынан:
-
«Дружба народов» ордені (1991)
-
«Герой Российской Федерации» атағы (1994)
-
«Лётчик-космонавт РФ» (1994)
-
«За заслуги перед Отечеством» 3-дәрежелі ордені (1998)
-
«За заслуги перед Отечеством» 2-дәрежелі ордені
Аустрия Республикасынан:
-
Аустрия Республикасының мемлекеттік ордені
АҚШ-тан:
-
NASA-ның «Ғарышқа ұшқан үшін» медалі (1998)
Талғат Мұсабаевтың өмір жолы - биік мақсатқа ұмтылған жанның, туған еліне адал қызмет еткен тұлғаның шынайы бейнесі. Бұл марапаттар - оның халқы мен әлем алдындағы еңбегінің айғағы.
суреттер: stuki-druki.com сайтынан алынды