Freedom Ticketon Awards премиясының жеңімпаздары белгілі болды

Freedom Ticketon Awards премиясының жеңімпаздары белгілі болды Freedom Ticketon Awards

Қазақстандағы сегізінші ұлттық Freedom Ticketon Awards премиясының жеңімпаздары белгілі болды. Биыл премия жаңа форматта ұсынылды: дауыс беру тәртібі мен марапаттау рәсімі де өзгеріске ұшырады, деп хабарлайды aqshamnews.kz

Премияның аясында барлығы 6 категория, 27 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды: «кино», «концерт», «театр», «ART», «балаларға арналған қойылымдар», «ғылым мен маңыздылық».

Freedom Ticketon Awards 2025 жеңімпаздарын анықтау жаңа схема бойынша жүргізілді. Үміткерлерге дауыс беру үш кезеңге бөлінді:

-халықтық дауыс беру 3 наурыз бен 16 сәуір аралығында https://award.ticketon.kz/  сайтында өтті. Барлық қалаушылар мәдениет пен өнер саласындағы сүйікті тұлғаларына дауыс бере алды. Барлығы 142 875 дауыс берілді.

-номинанттардың дауыс беруі. Биыл алғаш рет премия номинанттары арнайы промокодтарды пайдалана отырып, өз номинацияларында дауыс бере алды. Алайда, өздеріне дауыс беруге рұқсат етілмеді;

-ұйымдастыру комитетінің дауыс беруі де промокодтар арқылы жүзеге асты. Биылғы Ticketon Awards ұйымдастыру комитетінің құрамына өнер саласының танымал өкілдері кірді: кинорежиссер Рашид Нугманов, продюсер және әндердің авторы Ева Бехер, драматург Ольга Малышева, медиа-продюсер Азамат Әшімов, киносыншы Олег Борецкий, тележүргізуші Адель Смит, сондай-ақ Freedom Ticketon компаниясының маркетинг директоры, премияның жоба менеджері Анна Воронина. Ұйымдастыру комитетінің төрайымы – Freedom Ticketon компаниясының бас директоры Виктория Торгунакова болды.

Халықтық дауыс беру нәтижесі бойынша көшбасшы 50 ұпай алды, ал қалған номинанттар өз дауыстарының санына қарай көшбасшымен салыстырмалы түрде ұпай жинады. Ұйымдастыру комитеті мүшесінің әрбір дауысы 15 балл ретінде есептелсе, ал номинанттың басқа қатысушыға берген әрбір дауысы 5 балл болып қосылды. Дауыс беру нәтижелерін премияның тәуелсіз аудиторлық тобы есептеді. Олар құпиялылық туралы келісімге (NDA) қол қойып, 28 мамырда өткен «Ticketon Awards» марапаттау рәсіміне дейін дауыс беру нәтижелерін құпия ұстады.

Барлық жеңімпаздарға Freedom Ticketon платформасында жарнамалық ілгерілетуге арналған сертификаттар және бірнеше миллион теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтар табысталды. Жалпы жүлде қоры – 58 миллион теңгені құрады! Көптеген жеңімпаздардың айтуынша, бұл марапат олардың жобаларын жаңа даму деңгейіне шығаруға, промоушнмен қамтамасыз етуге және қазақстандық мәдениеттің жаңа жобалары туралы кең аудиторияға ақпарат таратуға зор мүмкіндік береді.

Биыл салтанатты рәсім премия үшін әдеттен тыс цифрлық форматта өтті. Ұйымдастыру комитеті мен арнайы шақырылған жұлдызды қонақтар ҚР Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің бір залында бас қосты. Рәсімге қатысқысы келген көрермендердің барлығы онлайн тамашалады.

Жеңімпаздардың есімдері жазылған конверттерді қазақстандық өнер мен мәдениет саласының танымал өкілдері ашты: «Монте-Карлоның бірінші скрипкасы – 2004» атағының иегері Джамиля Серкебаева, REPAS командасының граффити-суретшісі Никита Biggie, ER10 Media жобасының негізін қалаушы және CEO Эльнора Розмухамедова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО кинематографистер одағының мүшесі Жан Байжанбаев, актер және шоумен Қажет Смағұл, танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанна Орынбасарова, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, сондай-ақ премияның Ұйымдастыру комитетінің мүшелері. 

Жеңімпаздардың есімдері салтанатты рәсімге дейін құпия сақталды. Лауреаттар жарияланғаннан кейін жүргізушілер Гульбахор Хасанова мен Асет Серғазы оларға тікелей эфирде қоңырау шалып, құттықтады. Кейбір жеңімпаздар күтпеген қоңырауға таңғалып, абдырап қалды.

Азербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртістері “Жыл спектаклі” (мемлекеттік театрлар арасындағы) номинациясындағы жеңісі туралы естіген сәтте толқыныстарын жасыра алмай, жарқын дауыстарымен эфирді жандандырып жіберді. Ал “Қазақстандық жылдың концерті” номинациясының жеңімпазы Димаш Құдайбергенмен тікелей байланыс орнату мүмкін болмағанымен, эфирге әкесі, ақын Қанат Айтбаев шықты. Көрермендер оның ұлына деген шынайы қуанышы мен мақтанышын көзбен көріп, жүрекпен сезінді.

TARSI SYMPHONY ORCHESTRA ұжымы атынан Ерлан Бейсембаев алған әсерімен бөлісті: «Соңына дейін кім жеңетінін білмедік, шын мәнінде бізге қоңырау шалады деп те ойлаған жоқпыз. Сол сәтте дайындық үстінде едік, кенет қоңырау келіп түсті. Барлығымыз абдырап қалдық, менің бойымда ерекше толқу болды. Біздің ұжымның тікелей эфирге шыққаны – үлкен мәртебе. Осындай сәттерде ұйқысыз түндер мен тынымсыз еңбектің еш кетпегенін түсінесің. Бұл – бүкіл тобымыздың бірлескен еңбегінің жемісі!»

Мұндай әсерлі сәттер салтанатты рәсімге ерекше шынайылық пен жылылық беріп, көрермен мен қатысушылардың арасында тікелей байланысты сезінуге мүмкіндік сыйлады. Сонымен қатар, онлайн-формат премия жеңімпаздарын Қазақстанның түкпір-түкпірінен жинауға жол ашты. Мұндай ауқымды қамту дәстүрлі офлайн шарада оңай жүзеге асар ма еді – белгісіз. Ал онлайн-эфир арқылы Орал пен Ақтөбеден бастап, Түркістан мен Жаркентке дейінгі көрермендер жеңімпаздармен бірге қуанышқа ортақтаса алды.

«Жылдың отандық фильмі» номинациясында көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Қазақстан мен Қырғызстан бірлескен драмасы «Приговор» жеңімпаз атанды. «Жылдың киноактері» атағы комедиялық «Брат или брак» трилогиясындағы есте қаларлық рөлі үшін актер Дәурен Серғазинге бұйырды. Биыл алғаш рет енгізілген «Жылдың ART-объектісі» номинациясында жеңіске «Виктор Цойға арналған арт-объект» инсталляциясы жетті. Бұл жұмыс «Игла» фильмінің режиссері Рашид Нугмановтың қатысуымен ашылған болатын. Жеке театрлар бағыты бойынша жылдың спектаклі деп Разия Хасанованың Interius театры қойған сезімге толы әрі танымал «Көңілдес әйел» спектаклі танылды.

Жеңімпаздардың толық тізімімен Freedom Ticketon компаниясының @ticketonkz Instagram парақшасында танысуға болады.

Премияның жабылу рәсімінде Freedom Ticketon компаниясының бас директоры Виктория Торгунакова Алматы қаласына ерекше сый жасалатынын хабарлады — қала әкімдігі және Repas арт-командасының қатысуымен мурал салынады.

«Біз алғашқы муралымызды Қазақстан кинематографиясының нағыз орталығына айналған Алматы қаласына арнағымыз келеді. Өз заманында бұл қала көптеген танымал актерлер мен режиссерлерді құшақ жая қарсы алып, олар осы жерде ұлы киноны жасауға кіріскен. Бұл сәт отандық кино өндірісінің дамуына серпін берді. Сондықтан біздің алғашқы муралымыз дәл осы – кинематография өмір сүретін қала Алматыда пайда болады», – деді ол.

Кеш барысында продюсер, Ticketon Awards премиясының жүргізушісі Гульбахор Хасанова өз әсерімен бөлісті: «Бүгінгі кеш Freedom Ticketon-ның ауқымын, күшін және Қазақстан креатив индустриясының дарындылығын көрсетті. Бұл премия – жай ғана марапат емес, өнерге жанын салған жандарға деген құрмет. Барлық номинанттар мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын! Халықтың сүйіспеншілігі мен шынайы алғысына ие бола беріңіздер!»

Премия ұйымдастыру комитетінің төрайымы Виктория Торгунакова компанияның басты миссиясы туралы айта кетті:

: «Біздің мақсатымыз – көрермен мен өнер әлемінің арасындағы көпір болу. Біз дамып келеміз, жаңа технологияларды енгізіп жатырмыз – бұл дұрыс бағытта келе жатқанымыздың белгісі. Әр нәрсе бірден бола қоймайды, бірақ әрбір сынақ бізді жетілдіре түседі, тиімдірек болуға итермелейді және отандық көрерменге мәдениет пен өнер әлеміне жақындаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады», – деді ол 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:44

11:36

11:26

11:05

10:49

10:31

10:30

10:29

20:55

19:15

18:55

17:51

17:48

17:20

17:10

16:45

16:19

15:58

15:51

15:40

14:53

14:48

14:27

14:24

14:23