Кинофестивалге соңғы екі жылда түсірілген 15 үздік отандық фильм кірді
12-18 желтоқсан аралығында Алматыда XVI Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы фестиваль серіктестерінің қатарында бар орталық көмегімен түсірілген 11 фильм «Еуразия» жұмысына қатысады.
Кинофестивальдің президенті - белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Әмірқұлов.
«Пандемия кезінде көптеген мәдени шаралар тоқтады, фестивальдер, концерттер, кинотеатрлар жабылғаны баршаға мәлім. Бүгінгі таңда жағдай өзгерді және екі жылдық үзілістен кейін біз «Еуразия» кинофестивалін қайта жандандырамыз. Фестиваль өзінің 1998 жылы негізі қаланып, алдыңғы фестивальдердің көпшілігі өткен Алматыға қайта оралады», - деді ол.
Фестиваль Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы көмегімен түсірілген Сәбит Құрманбековтің «Боран» фильмінің әлемдік премьерасымен ашылады. Картина халықаралық байқауға қатысады, онда одан бөлек 14 фильм бәсекеге түседі. Олардың ішінде Франция, Чехия, Түркия, Украина, Грузия, Ресей, Иран, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай картиналары және киноорталықтың көмегімен түсірілген тағы бір отандық туынды – «Ағайындылар» фильмі бар. Жас режиссер Дархан Төлегеновтың фильмі жақында Германиядағы Oldenburg International Film Festival беделді кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы сыйлығын алған болатын.
«Еуразияда» халықаралықтан бөлек, конкурстық бағдарлама – ұлттық байқау болады, оған соңғы екі жылда түсірілген 15 үздік отандық фильм кірді.
Ұлттық байқауда Токио кинофестивалінде режиссура үшін сыйлық алған Дарежан Өмірбаевтың «Ақын» картинасы, Берлинале-2022 Generation секциясында бас жүлде жеңген Фархат Шәріповтың «Схема» атты киносы және көптеген халықаралық кинофестивальдерде көзге түскен Айжан Қасымбектің «От» фильмі секілді хиттар ұсынылған. Сондай-ақ, мұнда киноорталықтың ең табысты туындысы Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан» фильмі, биыл Қазақстаннан «Оскар» сыйлығына ұсынылған Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмі, Алдияр Байрақымовтың «Паралимпиадашысы» және Азиз Заировтың «Мама, мен тірімін» картиналары көрсетіледі. Сонымен қатар, бұл байқауда Серік Апрымовтың «Ауыл» фильмінің әлемдік премьерасы күтілуде.
Конкурстан тыс «Ерекше оқиға» бағдарламасының көрсетілімдері болады, онда әртүрлі дәуірлер мен жанрлардағы әлемдік кино қайраткерлерінің, соның ішінде мерейтойлық фильмдердің ретроспективалары ұсынылады. Сонымен бірге, қазіргі заманғы қазақстандық қысқаметражды киноға арналған «Жаңа есімдерді ашу» бағдарламасы бар. Ол жерде 2020-2022 жылдары түсірілген жас режиссерлердің үздік 15 фильмінің көрсетілімдері болады. Бұл бағдарламада киноорталықтың тағы бір жұмысы бар, ол - Аруан Анартаевтың «Ыстық көл» қысқаметражды картинасы.
«Фестиваль құрылған сәттен «Еуразия» дәстүрінде өскен қазақстандық кинематографистердің тұтас буыны қалыптасты. Бүгінде қазақстандық кинематография жоғарғы деңгейге жетті, сол үшін де оған жеке ұлттық байқау бөлініп отыр. Онда халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жеңіске жеткен фильмдер және кең аудитория арасында табысқа кенелген картиналар да жарысатын болады», - деп атап өтті фестивальдің бағдарламалық директоры, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті Гүлнара Әбікеева.
Фестивальдің басқа іс-шараларынан өндіріс сатысында тұрған отандық туындыларды ұсынатын Work-In-Progress бағдарламасын бөліп көрсетуге болады. Бұл, әсіресе продюсерлер мен кинофестиваль таңдаушылары үшін қызықты болады. Сонымен бірге, киноиндустрия шеберлерімен шеберлік сыныптары мен тренингтер өтеді. Қазылар алқасының мүшелерімен, фестивальдің шетелдік және қазақстандық қатысушыларымен дөңгелек үстелдер мен баспасөз конференцияларын да өткізу жоспарланған.
Фестивальдің ресми ашылу мен жабылу салтанаты Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында, кино көрсетілімдері Kinopark 16 кинотеатрында (Forum сауда-ойын-сауық орталығы) өтеді.