Мамандар өкпе обырына қарсы ортақ күресуге шақырады
Тамыз айында әлем бойынша Өкпе обырына қарсы күрес күні атап өтіледі. Алматыда да 17 тамыз күні өткен баспасөз-конференциясы осы атаулы күнге орай ұйымдастырылған еді. «Еркін тыныс ал», міне бұл аталған шараның тақырыбы әрі көтерген ұраны болды.
Қатерлі ісік – қазіргі медицина тап болып отырған ең үлкен мәселенің бірі. Соның ішінде өкпе обыры өзге түрлеріне қарағанда ең көп таралған әрі өлім деңгейі жоғары түрі саналады. Өкпе қатерлі ісігі Қазақстанда ең көп кездесетін онкологиялық кеселдердің 10 пайызын иелейді. Яғни, сүт безі обырынан (13,2%) кейін екінші орында тұрады. Бірақ, өлім қатері жағынан бірінші орында тұрған онкологиялық кесел саналады. Елімңде жыл сайын 3500-ге жуық адам осы қатерлі сырқатқа шалдығады. Бұл сырқат әр күні 6-7 қазақстандықтың өмірін қиады. Ал, әлемде әр секунт сайын бір адам осы аурудан көз жұмады.
17 тамыз күнгі арнайы баспасөз-конференциясында ұйымдастырушылар шараны Шымбұлақ курортында өткізді. Теңіз деңгейінен 2500 метрге жуық биіктікте өткен шара БАҚ өкілдері үшін тыныс алу жүйесінің адам денсаулығына қаншалық маңызды екенін ұғынуға көмектесті.
Шарада Қазақ Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының сала бойынша мамандары Рабиға Қадырбаева, Есенғалиқызы, Қалдыгүл Смағұлова және «АстраЗенека Ю-Кей Лимитед» ЖАК Қазақстандағы өкілдігінің директоры Мария Шипулева қатарлы мамандар сипкерлер ретінде қатысты. Олар БАҚ өкілдерімен өкпе обырының әлемдегі және елеміздегі деңгейін, тыныс алу жүйесінің ақаусыздығы салауатты өмір сүруде қаншалықты маңызды екенін талқылады.
Баспасөз-конференциясында мамандар ұсынған деректерге қарағанда, өкпе обырының екі негізгі себебінің бірі – шылым шегу. Шылымға азырақ тәуелді деген адамдарда да бұл қатерлі сырқатқа шалдығу мүмкіндігі жоғары болып келетіні де айтылды. Сондай-ақ, мамандар өкпе қатерлі ісігінің денедегі дамуы жеке генетикалық сипатқа да қатысты болатынын айтады.
Медицина саласы үшін бұл қауіпті аурумен күресудегі ең үлкен қиыншылық не? Әдетте медицина мамандары бұл ауруды 4 кезеңге бөледі. Соңғы екі кезеңінде науқасты емдеп жазу қиынға соғады. Сипикерлердің айтуынша, аурудың алғашқы кезеңі көп жағдайда симптомсыз болып келеді, міне бұл ауруды анықтау мен оған қарсы күресудегі басты қиыншылығы. Алғашқы кезеңінде науқастардың тек 6 пайызы ғана анықталып отырған. Өкпе обырының басым көпшілігі тек аурудың кейінгі, қауіпті кезеңдерінде ғана анықталып жатады екен.
Өкпе қатерлі ісігінің елімізде жыл сайын көбеюіне бірқатар себептерді сала маманы Рабиға Қадырбаева былай деп көрсетеді: «Қауіпті аурудың дамуына әсер ететін көптеген факторлар бар. Экологиялық жағдай, темекі шегу, сондай-ақ генетикалық факторлар аурудың пайда болуына себеп болуы мүмкін». Бұған қоса Рабиға Есенғалиқызы: «Көбінесе өлім-жітім жағдайы кеселдің кеш анықталуының салдары болып табылады. Өкпенің қатерлі ісігі туралы хабардарлықты арттыру, онкологиялық сақтыққа тәрбиелеу және пациенттермен жұмыс жасау, оларды аурумен күресуге бейімдеу өте маңызды», – деген пікірімен бөлісті.
Оның айтуынша қазір еліміздегі дәрігерлердің бұл аурудың қауіпті кезеңдерімен күресуде де мүмкіндіктері артып келе жатыр. Сондықтан азаматтардың ауруға сақтықты және шалдыққан жағдайда ертерек арнайы дәрігерлердің көмегіне жүгінуі маңызды. Бұл және еліміздегі осы аурудың деңгейін төмендетуге де әсер ететін маңызды фактор дейді маман.
Қазақ Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының химиотерапия күндізгі стационары бөлімшесінің меңгерушісі Қалдыгүл Кабаққызы бұл қатерлі сырқаттың алдын алуда екі негізгі бағыт бар дейді. Бірі – адамдардың шылымға деген тәуелділігін азайту, былайша айтқанда темекі шегуге қарсы күресу; ал екіншісі – салауатты өмір салтын ұдайы насихаттау. «Еліміздің тұрғындары арасында онкологиялық сақтықты дамыту ерекше қолдауды қажет етеді. Әрбір қазақстандық өзінде және жақындарында тұрақты жөтел, кеуде мүшелерінің жиіленген инфекциясы, тыныс алудың қиындауы, ентігу, ысқырықты сырылдар, қан түкіру, кеудедегі ауырсыну, айқын әлсіздік сияқты белгілердің пайда болуына назар аударуы тиіс», – деп санайды Қ.Қабаққызы.
Аты жаман ауруға қарсы күресудің өнімділігі тұрғысынан сала мамандарының пікірі бір жерден шығады. Яғни, уақытылы анықталған ауру –жеңістің кепіді. Сондықтан, азаматтардың өз денсаулығына, әсіресе тыныс жолы жүйесінің ақаусыздығына ұдайы назар аударып отыруын сұрайды.
Айта кетейік, Өкпе обырына қарсы күресті Қазақ Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен «АстраЗенека» компаниясы бірлесіп ұйымдастырған. Бұл салада екі ұйым арасында тығыз әріптестік орнатқа. Копания өкілі Мария Шипулеваның айтуынша, бұл жағында екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірі – қауіпті ауруға қарсы перпаратқа қол жеткізу, екіншісі – диагностиканы жақсарту. Елімізде аталған компания жағынан өкпе обырына қарсы мақсатты және иммундық терапиясы үшін екі препараты тіркелген.
Аты жаман сырқат елімізді күн сайын азаматтардың өмірін жалмайды. Әрі түрлі факторлардың әсерімен ауру қолайсыз бағытқа дамуда. Сондықтан мамандар ел азаматтарын өкпе обыран қарсы ортақ күресуге шақырып отыр.