ffin.kz

Еркін РАҚЫШЕВ, кинорежиссер: Жұртқа үміт сыйлауға тырысамын...

Еркін РАҚЫШЕВ, кинорежиссер:  Жұртқа үміт сыйлауға тырысамын... Сурет видеодан алынды

Айдың арғы беті


 


«Жаралы сезім», «Жетімдер», «Менің де атым Қожа», «Көкжалдар» сияқты басқа да бірқатар фильмдер түсірген Еркін Рақышев көпшілікке қоғамдық белсенді ретінде де танымал. Биыл көктемде оның Алматы қалалық мәслихатына депутаттыққа өткені мәлім. Бүгінде  сайлаушылар аманатын орындауға белсене кірісіп жүрген ол, шығармашылығын да естен шығармаған.


Фильмдерінде онсыз да әлеуметтік мәселелерді жиі көтеретін режиссерге депутаттық жұмыс нағыз «іздегенге – сұраған» болғанға ұқсайды. Ел-жұртпен жиі кездесіп, мұң-мұқтажын білу, ой бөлісу оны жаңа ізденістерге бастаған сыңайлы. Режиссермен әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.


– Мен қазір «Жаралы сезімнің» жалғасын түсіруге дайындық үстіндемін, – дейді ол. – Бұл өзі халық сүйіп көрген кино болды. Сол себепті,  кейіпкерлердің кейінгі тағдыры туралы сұрайтындар көп. Кинематографияда өзі солай: бір фильм сәтті шықса, көрермен қалайда оның жалғасын күтеді.


– Жақында түсірген «Бақытыңды аяла» атты киноңыз үлкен экранға шықпады. Неге?


– Біріншіден, оны көрсету үшін кинотеатрлар көп ақша сұрады, ондай қаражат бізде болған жоқ. Екіншіден, «саяси астары бар екен, аздап болса да Қаңтар оқиғасы көрсетіледі, партиялар айтылады, ондай киноны біз көрсете алмаймыз» деді. Телеарналар да бас тартты. Айтыстық, тартыстық, көрсетуге шамамыз келмеді сол бойы. Бірақ түбі шығады, халыққа жетеді, көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Қазір тек YouTube арнасында ғана бар. Қарап отырсам екі мыңдай пікір жазылған екен. Солардың 99 пайызы «керемет кино» деп баға беріп жатыр.


– Осы фильмнің түсірілгені жайлы жаңалықтардан айтылғанда өзіңіз оны «Бұл – мейірімділік, қайырымдылық жайлы фильм. Мен осы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптегім келді» деп айтқан едіңіз...


– Ол рас. Қазір елге мейірімділік жетіспейді. Әлеуметтік желілерден, түрлі келеңсіз көріністерден байқайтынымыз – қоғам азғындап бара жатыр. Жастарымыз да, жасамыстарымыз да жаман әдеттерге үйір болып кетті. Мен осы тұста махаббат оқиғасын өзек ете отырып, жасалған әрбір жақсылықтың өтеуі, қайыры болатынын көрсеткім келді. Ал саяси астар дегенде, басты кейіпкер «Ел мен жер» партиясының белсендісі болады және арасында партияның алдына қойған мақсаттары аздап айтылады. Балташ Тұрсымбаев ағамыз негізін қалаған бұл партия әлі тіркелген жоқ, бірақ жерді қорғауда еңбек еткенін, Қаңтар оқиғасына байланысты жазықсыз сотталған азаматтарды ақтауға ықпал еткенін ел-жұрт біледі. Ол өз алдына, енді аталған фильмді көрген қаншама көрермен де «Ел мен жердің» мақсат-мұратынан хабардар болғаны даусыз.  


– Қазір енді мәслихат депутаты ретінде қандай жұмыстармен айналып жатырсыз? Қандай мәселелердің шешімін табуына атсалыстыңыз?


Мен өзім сайланған учаске бойынша адамдардың арыз-шағымын тыңдап, соларды шешіп беруге көмектесемін. Мысалы, өткенде осы қаладағы Алма-арасан жақтағы бір ауылға жол салып береміз деп уәде етіп алып, салмай жүрген бір басқарма басшысымен сөйлесіп: «Істесең істе, істемесең – тура Президенттің өзіне шығамын, айтамын» деп едім, «Ойбай, Ереке, сізді білеміз ғой, айтам десеңіз айтасыз, ұят болады бізге, масқара боламыз, жұмыстан шығарады, істейміз қалайда» деп жаны қалмай кетті.



Басқа депутаттар сияқты емес, мен кімге болсын бетіне айтамын, жалтақтап отырмаймын. Сондай-сондай проблемалар көп. Ұлтшыл азамат болған соң бұрын ел ішіндегі мәселелерге араласу парыз болған болса, енді депутат болған соң, ол – міндет. «Мүдделеріңді қорғаймыз, мұң-мұқтаждарыңды билікке жеткізіп, соның орындалуына ықпал етеміз» деп сөз бердік пе, демек сол уәдеде тұруға тиіспіз.



Сондай-ақ біз тек бір ғана округ бойынша емес, бүкіл қаланың мәселесіне жауап береміз. Күні кеше ғана әкімдіктің қаңғыбас иттерге байланысты жиналысына қатыстым. Бір қарағанда оп-оңай нәрсе сияқты, біреулер «қаңғыбас иттерді ұстап алып, атып тастамай ма, ұйықтата салмай ма» деп ойлауы мүмкін.


– Ал сонда қиындығы неде?


– Сонымен айналысатын мекемеге арнайы Заң керек екен. Олар былай істейді: қаңғыбас иттерді ұстайды, сөйтіп, арнайы питомникке апарып, бір айдың ішінде сұрыптайды. Қатты агрессивті иттер болса оларды ұйықтатады, ал қалғандарын, яғни қабаған еместеріне сырға сияқты бірдеңе салып, қайтадан босатып жібереді. Қазір көшеде босып жүрген екі иттің бірі сондай, әлгі питомникте болып шыққан ит. Соған байланысты айтыстық. Біреулер «ату керек» дейді. Итті қорғағыштар: «обал, өлтіруге болмайды» дейді. Мен айттым: «Бәрің ет жейсіңдер. Осы Қазақстанда жылына кем дегенде бір миллион қой сойылатын шығар, оған үндемейсіңдер. Неге айтпайсыңдар: «соймаңдар» деп. Ал көшеде қаңғып жүрген иттерге жандарың аши қалыпты», – деп.


Шындығында, қаңғыбас иттер өте көп бізде.  Горький паркінде де өріп жүреді, таңғы сағат 5-ке дейін барсаңыз тіпті талап тастауы мүмкін. Қаншама шағым түседі сол туралы! Өткенде бір танысым таңертең паркте жүгіріп жүрсе, қабаған иттер қосыла қуыпты. Сондықтан, бұйыртса, біз енді питомникте жұмыс істейтіндермен сөйлесіп, аталған Заңға өзгерістер енгіздіру жайында ойланамыз.



Жалпы, қазір депутаттар бұрынғыға қарағанда өте белсенді. Мысалы, бұрын бюджет келсе, мәслихат 2-3 күн қарап, бекітеді екен. Мыңдаған жобаға ақша дұрыс бөлінген-бөлінбегенін санаулы күнде сараптап, айту мүмкін емес қой. Қазір олай емес. Кімге ақша керек болса, ол бізге бір ай бұрын келіп айтады, біз тексереміз, мамандармен ақылдасамыз, өткен жылғы ақшаны қалай игергенінің есебін сұраймыз. Сөйтіп, біз қазір әр басқармамен қатты жұмыс істеп жатырмыз. Себебі «судың да сұрауы бар». Ертең бәрінің есебін халық бізден сұрайды, «Мына жерге мұнша ақша бөліп едіңдер, сондағы бітіргені мынау ма?! Не мынау?!» деп. Мен өзім мәдениет, жастар, дін, спорт және саясат басқармаларымен жұмыс істейтін комиссияның құрамындамын.



– Депутат ретінде, бүгінде халықпен бұрынғыдан да тығыз байланыстасыз. Сіздіңше, қазіргі таңда ел-жұртты көбіне не мазалайды, не алаңдатады?


– Ондай мәселе көп. Мысалы, қымбатшылық. Халықтың айлығы шайлығына жетпейді. Сондай-ақ, жұмыссыздық. Баспана мәселесі де қиын. Жер жоқ үй салатын. Көлік тығыны, жол бойына машина қоюдың қиындығы да – өз алдына бітпейтін жыр. Депутаттардың қолында көп нәрсе тұрған жоқ. Бірақ шамамыз келгенше шешуге тырысамыз.


– Атап айтқанда, не шештіңіздер?


– Мысалы, біз өзіміздің комиссияға қарасты мекемелердің айлығын көтеруге күш салдық. Соның нәтижесінде архив, кітапхана, Қуыршақ театры, «Алатау» дәстүрлі өнер орталығы, хайуанаттар бағы сияқты, 9 түрлі мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға артты. Біз мәслихаттың басқа комиссияларының жұмысына да қатыса аламыз. Бірақ ол жерде біздің дауыс саналмайды. Өзімді мақтағандай болмайын, бірақ барынша халыққа пайдамызды тигізуге тырысып жатқанымыз анық. Менің телефоным тәулік бойы ашық, қоңырау шалса, жиналыста болуыма байланысты көтере алмауым мүмкін, ал вацапқа жазса, артынан қарап, қалайда жауап беремін.


 – Қоғамдық қызметіңізге орай, қалада түйінді, толғақты мәселелердің көп екенін байқағаныңыз анық. Соның ішінде өзіңізді ерекше толғандыратыны не нәрсе?


– Мысалы, көлік кептелісі. Мен біраз жерлерде – Токиода, Нью-Йоркте, Германияның біраз қалаларында болдым. Кептеліс болса, соларда болуы керек еді, бірақ жоқ сол. Ең Құдай ұрғаны – біздің қала. Алматыдағыдай кептеліс тіпті әлемде жоқ шығар. Бұл тығырықтан шығу үшін әкімдік қазір түрлі шараларға барып жатыр. Соның бірі – қалаға кіреберістерде үлкен автотұрақ жасамақшы. Маңайдағы ауылдардан келетіндер көлігін сонда қалдырады да ары қарай автобустармен кетеді. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл мәселені 15-20 пайыз ғана шешетін көрінеді. Яғни бұл жерде түбегейлі бір амалын табу керек.


– Мысалы, қандай?


– Мысалы, мен өзім қолымда билік болса былай істер едім: қаладағы әл-Фараби, Абай, Төле би, Райымбек сияқты негізгі көшелердің үстінен аспалы жолдар салар едім. Оларда жолаушылар кіріп-шығатын жерлер көп болмайды. Негізгі-негізгі 2-3 аялдама ғана болады. Сонда көше екі есе үлкейетін еді. Әрине, оған ақша керек. Ол жерде ешқандай ғимарат кедергі жасап тұрған жоқ, бәрі ашық. Жолдың үстіне дәл сондай жол сала салады, болды. Басқа елдерде екі қабат түгіл, бірнеше қабаттан тұратын жолдар бар ғой. Бізде де неге істемеске?! Қаржы да табылар еді, әрине. Бірақ біздің бір жаман әдетіміз – ақшаны орнымен жұмсамаймыз, көрсек бітті, жегіміз кеп тұрады.


– Токиода, Нью-Йоркте, Германияда болғаныңызды айтып қалдыңыз. Қандай мақсатта барып едіңіз?


– Мен Нью-Йоркке Бораттың артынан қуып бардым ғой. Бруклин деген ауданында еврейлермен кездесіп: «мына оңбағанның жанын шығарамыз, осы бір ақымаққа бола, бүкіл еврейдің қасиетті жерлерін іске алғысыз ғып тастаймыз, мен де кино шығарам, сосын жүресіңдер өмір бойы ақтала алмай. Мына жындыны тоқтатыңдар», – деп сөз сөйледім. Бұл Нью-Йорк Таймс газетінде де басылды. Сол жылдары қызық болды. Мен Борат жайлы кино түсіріп, әлемнің көптеген басылымдарына сұқбат бердім. Бірақ халықаралық әлдебір нормалардың бұзылуына байланысты ол киноны экранға шығартпай қойды.            


Ал Токиоға жапон нарығына шығу үшін бардым. Солармен бірігіп, «Таң шығыстан атады» деген фильм түсірдім. Жалпы, киноны дамыту үшін фильмдерімізді шет елдерге сатуымыз керек. Біз керісінше, 30 жыл бойы солардан сатып алдық, экранды кәрістің, түріктің, үндінің, басқаның өнімдерімен толтырып келдік. Ал біздің бір киноны шет ел көрмейді. Өйткені біз шығара алмаймыз ол жаққа. Міне, осы тақырыпты жандандыруымыз керек.



Қазір, Құдайға шүкір, қазақ киносы жақсы дамып жатыр, талантты режиссерлер де бар. Енді соларды халықаралық деңгейге шығару керек. Әлемді жаулаудың, Қазақстанға ақша тартудың жолы – осы кино. Мен соны зерттедім. Қытайлармен бірігіп, «Әйгерім» деген кино түсірдім. Бірақ қытаймен қиындау, ал жапондармен жеңіл екен. Жапонияға барып кино түсіруге, жапон нарығына шығаруға болады. Олардың нарығы біздікінен 10 есе үлкен.



– Киноларыңыз туралы кәсіби мамандар не дейді? Қандай сын айтады?


– «Тойдың камерасымен түсіріпсің» дейді. Мен айтамын: «халық сендердің арнайы камерамен түсірген киноларыңнан гөрі, менің киноларымды көп көреді. Жақсы камера беріңдер, мен сендерге үйретемін киноны қалай түсіруді», – деп. Үкімет ақша бермейді маған, «тыныш жүр, ананы айтпа, мынаны айтпа, ешкіммен ұрсыспа» дейді. Әділетсіздікті көріп тұрып мен қалай айтпаймын, қалай тыныш жүремін?! Содан кейін де ақша бір күн бар, бір күн жоқ, бір күн аш, бір күн тоқ, сөйтіп жүрміз. Бірақ бір күні мен Жапонияға барып қатқан кино түсіремін де, бүкіл 15 жыл бойы түсірген киноларымның ақшасын шығарып аламын.


– Фильмдеріңіздегі оқиғалардың барлығы дерлік жақсылықпен аяқталады. Ал өмірде көп жағдайда бәрі басқаша ғой. Бұл көрерменді әдемі ертегімен алдарқату емес пе?


Менің киноларымда жағымды кейіпкерлермен қатар, жағымсыз кейіпкерлер, жаман адамдар да көп. Бірақ мен бәрібір жақсылықты басым түсіремін. Онсыз да қажып жүрген адамдарды одан бетер түңілте бергеннен не пайда?  Сол үшін әрдайым мейірімділікті насихаттауға, жұртқа бір үміт сыйлауға тырысамын.


– Өзіңіз айтқандай, Үкімет ақша бермесе, демеуші болмаса, киноларыңызды қалай түсіріп жүрсіз?


– Мен «Бақытыңды аяланы» 1 мың доллармен бастағанмын, ал «Жаралы сезімді» бір миллион теңгемен бастадым. Неге ақшасыз бастаймын, білесіз бе? Себебі Алла Тағала маған сценарий жаза алатын, кино түсіретін қабілет берді, еңбекқор етіп жаратты. Демек қарап жатпауым керек. «Бірдеңе ғып бастасам, ақша табылады» деп ойлаймын да, кірісіп кетемін. Сенесіз бе, шынымен-ақ, Құдайға шүкір, Алла өзі бір ретін келтіреді, береді. Оны әртістерім де біледі, сенеді.  


– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілейміз!         

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04