Алдағы референдумнан кейін, егер жаңа Конституция қабылданса, Парламенттің форматы өзгеріп, бір палаталы Құрылтай құрылмақ. Ең өзекті сұрақтың бірі – қазіргі Мәжіліс депутаттары жаңа саяси жүйеде қайта сайлауға түсе ме, әлде мандатпен қош айтыса ма? Бұл процесс қалай жүзеге асады? Aqshamnews.kz тілшісі анықтап көрді.
64-ке толамын, кәсіпкер ретінде жұмысымды жалғастырамын - Нұртай Сәбилянов
Депутат Сәбилянов Құрылтайға сайлау партиялық тізіммен қалыптасатынын түсіндіріп, әр партия тізімге лайықты кандидаттарды енгізетінін атап өтті. Алайда өзі биыл 64 жасқа толатынын айтып, мансабын жеке секторда жалғастыруға ниетті екенін жасырмады.
Жалпы Құрылтайға депутаттарды сайлау партиялық тізімдер арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан әр партия лайық деген, білімді, халыққа қызмет істейді деген азаматтарды тізімге енгізеді де, олар Орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен өтеді. Сайлау қорытындысы бойынша қай партия қанша дауыс алады, сол бойынша әр партияның депутаттары сайланады. Ал енді мен биыл 64-ке толамын, сондықтан жеке секторда өз мансабымды жалғастырып, экономист, кәсіпкер ретінде жұмысымды жалғастырамын, - деді ол.
Ермұрат Бәпи: партия таңдаған жоқпын, алдымен референдум өтуі керек
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Құрылтайға кандидат болу тетігі партиялық жүйе арқылы жүретінін айтты. Оның сөзінше, қазір басты мәселе – алдағы референдум.
Мен Құрылтайға ұсына алмаймын ғой, өйткені сайлауға партиялық жүйе арқылы ұсынылады. Ал оған партияға кіру керек. Мен әлі партия таңдаған жоқпын. Ондай партиялық насихат уақыты келген жоқ. Алдымен референдум қабылдануы керек. Соған азааттар дауыс беруі керек. Әркімнің өз ерік-жігер құқығы бар, оған шектеу қоюға болмайды. Бірақ қалай болғанда да баруға тырысу керек. Бұл елдік, мемлекеттік, тәуелсіздікке қатысты тұтастығымызға қатысты құжат. Оған азаматтық жауапкершілікпен қатысса екен деймін, - деді Ермұрат Бәпи.
Қарақат Әбден: партия шақырса, сайлауға қатысамын
Ал Қарақат Әбден жаңа Конституция жобасына сәйкес партиялық жүйе болатынын еске салып, шешім көп жағдайда сайлаушылар мен партияның ұстанымына байланысты екенін айтты. Партия шақырса, сайлауға түсуге дайын екенін жеткізді.
Бәрі сайлаушыларға байланысты. Өздеріңіз білесіздер, жаңа Конституция жобасына сәйкес партиялық сайлау жүйесі болады. Егер партия шақырса, әрине, мен белсенді әйелдер қауымдастығының өкілі ретінде сайлауға қатысамын, - деді Әбден.
Құрылтай қалай жасақталуы мүмкін?
Саясаттанушы Пердехан Шәмшиев егер жаңа Конституция қабылданса, Құрылтай қалай жасақталуы мүмкін екенін түсіндірді.
15 наурызда өтетін республикалық референдумда жаңа Конституция жобасын халықтың басым көпшілігі қолдаса, елімізде бірпалаталы Құрылтай құрылады. Жаңа Конституция жобасына сәйкес Құрылтай пропорционал сайлау жүйесі арқылы қалыптасады. Жаңа Парламент тек саяси партиялардан құрылады. Мажоритарлы жүйеден бас тартып, бірмандатты сайлау округтерінен депутаттар сайланбайды. Мұндай жағдайда саяси партиялар ғана депутаттыққа үміткерлер тізімін құрай алады. Сондықтан қазіргі Мәжілістегі партия тізімі арқылы депутаттық қызмет атқарып отырғандар өз үміткерлігін ұсынуға құқылы. Ал бірмандатты сайлау округтері арқылы сайланған қазіргі депутаттар Құрылтайға өту үшін міндетті түрде партия құрамына кіруі керек, - деді ол.