«Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы керек. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында.
Біздің қоғамдық бірлестік, яғни кәсіподақ құрылғалы бері, міне, осы еңбек адамының мәртебесі, құқығы жолында жүйелі жұмыс істеп келеміз. Кәсіподақ комитетінің бір артықшылығы, жұмыс берушіге тәуелсіз болып келеді. Сондықтан жұмыс берушімен тең дәрежеде сөйлесіп, еңбеккердің құқығы бұзылып жатқан жағдайда, оны түзеуді талап ете аламыз. Бізге мүше мекемелердегі жұмыскерлер мен қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етіп, әр мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылуына және ұжымдық келісімшарттың сапалы жасалуына мән беріп отырамыз.
Бүгінде орасан зор маңызға ие ұжымдық шарттар жасау мен оларды сапалы орындауды ұйымдастыру жұмысын ерекше атап өтсем деймін. Ұжымдық келісімшарт – жұмыскерлердің әлеуметтік еңбек құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселенің шешімін таба алатын басты құжат. Себебі, аталған құжатта жалдамалы жұмыскерлерге берілетін қосымша әлеуметтік кепілдіктер заңды түрде бекітіледі.
Ұжымдық шарттар дайындау барысындағы маңызды нәрсенің бірі – ол ресми түрде мемлекеттік еңбек инспекторынан тіркеуден өтеді. Ұжымдық шарттарда жұмыскерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау мәселелеріне басты көңіл бөлінеді. Мәселен, жыл сайынғы еңбек демалыстарына, қосымша демалыстарына, сырқаттанған уақыттағы қосымша төлемдер, балалар сауықтыру лагерлеріне жолдамалар сатып алу, көмекке мұқтаж адамдар мен зейнеткерлерге қайырымдылық көмек жасау, кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесу сынды іс-шаралар бар.
Жуырда біздің қоғамдық бірлестікке мүше кәсіподақ комитеттерінің басшылары «дөңгелек үстел» басында бас қосып, Президент Жолдауында айтылған міндет-мақсаттарды, оның ішінде біздің салаға қатысты еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселесін тақыладық. Сондай-ақ, Алматы іргесінде жатқан Қарасай аудандық кәсіподақ комитетіне қарасты белсенді бастауыш кәсіподақтарының тәжірибелері үлгі етілді. Мәселен, осы аудандағы ірі кәсіпорындардың бірі «АзияАгрофуд» АҚ мекемесі ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысады. Бүгінгі күні кәсіпорында 500-ге жуық адам еңбек етуде. Ұжымдық шарттың тармақшаларында көрсетілгендей барлық кәсіподақ мүшелері бір мезгілдік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сол сияқты «Жөндеу-Құрылыс» ЖШС да ауданда беделге ие. Кәсіпорын ғимараттар салумен және құрылыс материалдарын өндірумен айналысады. Кәсіпорында 160 адам жұмыс істейді. Бастауыш кәсіподақ ұйымы 2010 жылы құрылып, аудандық кәсіподақ комитетінің құрамына кірген. Осы екі кәсіпорында жасалынған ұжымдық шартқа сәйкес жұмысшылар арнайы тасымалданады.
Қарасай аудандық кәсіподақ комитетінің тарапынан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында кәсіподақ мүшелерінің көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына мүмкіндігінше қайырымдылық көмек көрсетіліп, кәсіподақ мүшелерінің 15 баласы 2022-2023 жаңа оқу жылына қажетті оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, ол үшін 435 мың тенге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар өткен жылы аудандық білім бөлімінің өтініші негізінде үйден оқытылатын жартылай жетім, жағдайы төмен отбасылардың балалары планшетпен қамтамасыз етілу үшін кәсіподақ тарапынан 700 мың теңге бөлініп, көмек көрсетілді.
Әрине, мұндай жетістіктерімізді тізе беруге болады. Бұл жердегі айтпағымыз, еңбек адамының отбасындағы тыныс-тіршілігі жайлы болса, оның сырттағы еңбегі өнімді, көңіл күйі де көтеріңкі болмақ. Мемлекет басшысының еңбек адамының мәртебесін көтеру керек деп отырғаны да сол.
Биылғы 20 қарашада өтетін Президент сайлауында да еңбек адамының дауысы аса маңызды. Бұл баршамызға беріліп отырана үлкен мүмкіндік. Ал келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Біз жақсы күндерге үміт артамыз.