Кез келген мемлекеттің берік іргетасы – тұрақтылық, тәртіп және заң. Тәртіп сақшылары осы маңызды үштағанды қамтамасыз етуде айрықша рөл атқарады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Полицияда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс» деп атап өткен болатын.
Осы міндетті абыроймен атқарып жүргендердің бірі – Айдос Серік, Алматы қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің взвод командирі. Ол өзінің адал еңбегімен, жоғары кәсіби шеберлігімен және жауапкершілігімен танылып, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Еңбек адамы» жобасының қатысушысы атанды.
Айдос Серік 1996 жылы 9 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында дүниеге келген. Ата-анасы теміржол саласында еңбек етіп, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін бойына сіңірген. Бала кезінен құқық саласына қызығушылық танытқан Айдос Алматы университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын Қазақстан Қарулы күштерінде бастады.
2015 жылы ол әскери қызметін аяқтап, Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Жол-патрульдік полиция полкіне тағылымдамашы болып қабылданды. Бір жылдан кейін ол ресми түрде полиция қызметкері болып, құқық қорғау саласындағы кәсіби мансабын бастады.
Айдос Серік өз қызметінде заң бұзушылықтардың алдын алумен ғана емес, азаматтардың құқығын қорғауда да ерекше көзге түсіп келеді. Жоғары кәсібилігі мен еңбекқорлығының арқасында ол бірнеше лауазымға көтерілді:
- Алматы қаласы Полиция департаменті Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы;
- Аға инспектор;
- 2024 жылдан бастап взвод командирі.
Қазіргі уақытта Айдос қарамағындағы 20 қызметкерімен бірге Алматы қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс істейді.
«Еліміздің мүддесін қорғау – менің басты міндетім. Біз ауа райына немесе уақытқа қарамастан, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеміз. Полиция қызметкерлері тәртіп сақшылары деп бекер аталмайды. Біздің жұмысымыз – құқық бұзылған жерде азаматтарды қорғау және қылмыстың алдын алу,» – дейді Айдос Серік.
Алматы қаласының полициясы жыл сайын 200 мыңнан астам қоңырау мен хабарламаны өңдейді. Қаланың қылмыстық істерінің 60%-ын «ізін суытпай» ашуда Патрульдік полиция полкінің рөлі ерекше. Айдос Серік осы бағыттағы жұмыста өзінің жоғары кәсібилігін көрсетіп, 9 жыл ішінде 3 мыңнан астам қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.
«Күнделікті жұмыс барысында тұрғындардың алғысын алу – біздің басты мотивациямыз. Әрбір шын жүректен айтылған алғыс біздің күшімізді арттырып, сенімімізді нығайта түседі. Әрине, жұмысымыз оңай емес, бірақ мен өз ісімді сүйемін. Бұл – мен үшін тек мамандық емес, ел игілігі үшін атқарылған қызмет,» – дейді Айдос.
Айдос Серік тек қызметімен ғана емес, жеке қасиеттерімен де өз ортасына үлгі болуда. Оның адал еңбегі мен патриоттық қызметі жастарды тәртіп пен заңға құрметпен қарауға шабыттандырады.
Мемлекетіміздің тыныштығын қамтамасыз етудегі ерен еңбегі үшін Айдос Серікке алғыс білдіреміз. Мұндай еңбек адамдарының арқасында қоғамымыз қауіпсіз және тұрақты бола түсуде.