"Бербанг" Қазақстан күрдтері ассоциациясы Басқарма кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық қорының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, кәсіпкер-меценат МИРЗОЕВ Рафик Якубович отандастарын Аналар күнімен құттықтайды.
– Бүгін елімізде Аналар күні. Адамзат өміріндегі ең аяулы жанға осындай даталы күннің арналғанын өте құптаймын. Әйел-ана – жарық дүниенің, барлық қуаныш, жақсылықтың бастауы. Ол, тіпті, қаншама шақырымдар алыста тұрса да, алыста жүрген баласының ауырып қалғанын сезетін жан. Себебі, ана жүрегі жаһандағы ең сезімтал, ең мейірімді жүрек дер едім.
Өкінішке қарай, мен анамнан тым ерте, тоғыз жасымда айырылғанмын. Шешем көз жұмғанда небәрі жиырма жеті жаста болыпты. Жайлауда, тау етегінен қызғалдақтар теріп әкеліп сыйлағаным еміс-еміс есімде қалыпты. Кейін мұсылмандық дәстүрмен туған сіңлісін менің әкеме қосқан. Шынымды айтсам, туған анамның жоқтығын еш сезбей өстім. Екінші анам да барлық мейірім, шапағатын аяған жоқ, жағамызды кірлетпеді, көңілімізге көлеңке түсірмей өсірді, жеткізді. Іні, қарындас сыйлады.
Мен қазір осынау өмірімді анасыз еш елестете алмас едім. Біздің әулеттегі қалыптастан отбасылық дәстүр – кім қайда жүрмейік, анамыздың туған күнінде міндетті түрде қанат байлап ұшып келіп, бәріміз жинала қаламыз. Біздің ауызбіршілігімізді көру – ол кісі үшін үлкен мерей. Ол кісі де кейін әкемнен жас қалды. Жастығын, ұйқысыз түндерін, жылы-жұмсағын тек бізге арнады. Әлі күнге солай. Сондай ананы құрметтей алмау – балаға сын!
Біздің барлық тойымыздың төрінде анам отырады. Анам барда төрт құбылам тең екенін сезінудің өзі бір ғанибет қой. Немерелері жан-жағында шұрқырап, мәре-сәре болып жатқанда, кейде толқып кететінімді жасырмаймын.
Анасын қадірлей алған адамның алдынан барлық есік ашылады деп білемін өз басым. Әкем мен анам үйленген жылы, 8 наурызда біраз уақыт жинап жүрген ақшама дүкеннен әтір сатып алып, анама сыйлағаным бар. 3-сыныпта оқитынмын. Бала да болсам солай қуантқым келген болар, бізге деген мейіріміне кішкентай сыйлығым арқылы алғыс айтқым келген шығар бәлкім. Әлі күнге сыйлығымды үзген емеспін. Қызметіме байланысты іссапарларға жиі шығып кетемін. Сонда бірінші кезекте анама сыйлық сатып аламын. Біз қазір бөлек тұрамыз. Сыйлығымызды алып, үлкен шаңыраққа кіріп шығу, амандасу, жағдайын сұрау – оның өзі ананың өмірін ұзартады, жанына тыныштық береді.
Рас, есейіп келе жатқандығымыздың белгісі ме, кейде туған шешеммен ойша сырласатын сәттерім болады. Көз алдымда қалып қойған аяулы бейнесі жүрегімді қозғап та жібереді кейде.
Мен барлық ананы қуантқым келіп тұрады. Біз көмекке мұқтаж көпбалалы аналарға, жалғызілікті жандарға үнемі көмек қолын созып жүреміз. Аналар мұңаймасын, ауырмасын дегім келеді.