AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдениет / Елзат Ескендірдің «Әбілі»: өтпелі кезеңнің көркем...

Елзат Ескендірдің «Әбілі»: өтпелі кезеңнің көркем келбеті

Мәдениет Бүгін 21:33 44 Сұлу
Елзат Ескендірдің «Әбілі»: өтпелі кезеңнің көркем келбеті

2024 жылы 29-шы Халықаралық Пусан кинофестивалінде әлемдік премьерасы өткеннен бері «Әбіл» фильмі халықаралық фестивальдік айналымда сәтті көрсетіліп келеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Осы уақыт ішінде туынды еуропалық және азиялық көрермендер мен киносыншылардың назарын аударып, бірқатар беделді фестивальдерде жоғары бағаланды. Атап айтқанда, фильм Везулдегі Халықаралық азиялық кинофестивалінде, Дакка халықаралық кинофестивалінде және Нантада өтетін Кавказ, Балтық, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінің киносына арналған фестивальде жүлделі болды.

Жаңалықтардың басты тақырыбына айналған Елзат Ескендірдің дебюттік фильмі ұзақ сапардан кейін Қазақстандық тұсаукесеріне де жетті. 22 маусым күні Алматы қаласында көрсетілім өткізілді. Ал 25 маусым туынды прокатқа шығарылып, көрермендерді жинай бастады.

«Әбіл» 1993 жылғы кезеңді қамтып, Кеңес үкіметінің құлауы мен нарықтық экономикаға көшу үдерісіне оралады. Осы өзгерістерге байланысты халық құндылықтарды сұраққа қоятын уақытқа тап келеді. Мал-мүлік жекешелендірілгеннен ауыл тұрғындары арасында әділетсіздік орын алып бастайды. Содан басты кейіпкер өз мүлігін сақтап қалу үшін қиыншылықтармен беттесуге мәжбүр болады.

Фильм бір кадрмен түсірілген эпизодтан бастау алады. Ортада – мал бөлінісіне байланысты санау жүргізіп, құжаттарға қол қойғызып жатқан сәт. Осы сәттен бастап-ақ стилистика деректілікке, оның ішінде бақылаушылыққа жақындасқанын байқаймыз. Камера белгілі бір деңгейде куәгер қызметін атқарып, кеңістікте өзіндік материалдық қатысу әсерін қалыптастырады. Бұл реципиенттің визуалды ақпаратты қабылдаудағы экран мен сана арасындағы шекарасын кеңейткендей. Оқиғаның баяу әрі біркелкі ритмі де аталған мақсаттың орындалуына ықпалдаса түскен. Атап өтілген ерекшеліктер Елзат Ескендірдің кинематографиялық қолтаңбасы үшін кездейсоқ емес. Тұңғыш толықметражды туындысындағы бұл эстетика оның халықаралық деңгейде танылған қысқаметражды «Өліара» фильмімен тікелей сабақтасып жатыр. Екі фильмде де кеңістік кейіпкерлердің ішкі аласапыранының айнасына айналады. Оның бақылаушы камерасы дәл бір уақыт ағынын тоқтатып қойғандай әсер береді.

Сипатталған визуалды қатар осылайша қатпарлы эффект қалдыратын күшке ие. Көрермен режиссер құрған кеңістікке біртіндеп үңіле, негізгі идеяға қарай қадамдайды. 90-шы жылдарда орын алған саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістің салмағын сезінуге мүмкіндік береді. Фильмде тарихи контексттің көрінісі бір шаңырақтың өмірі арқылы бейнелене, оқиғаның аутентивтілігі арттырылған. Негізгі назар халықтың өз тіршілігін өзгерістерге бейімдеуі мен айналадағы жаңалықтарды қабылдауын көрсетуге аударылған. Ахуал отбасы ішінде де кикілжің тудырады. Қоғамның тұрақсыздығының салдары Әбілдің ұлы Төкеннің бейнесінде ашылған. Оқуын тоқтата тұрып, достарымен ісін жалғастыру үшін әкесінен мал сұрамақ болып еді. Дегенмен, ұрпақтардың дүниетамындағы айырмашылық келісім тудыртпайды. Әбіл өмірін адал еңбекке арнай, ақырында өз үлесін сақтауға үміттенеді. Жүйе күйрегеннен кейін әлеуметтік кепілдіктің тұрақтылығы шайқала түсті. Төкен болса, өз әкесіне тиесілі сенімнен ада. Осы тұрғыдан алғанда, кейіпкерлер арасындағы қарама-қайшылық жеке отбасылық жанжалдан гөрі, екі қоғамдық жүйенің құндылықтық қақтығысын бейнелейді. Аталған қақтығыс кадр композициясының құрылуынан да өз жалғасын тапқан. Үй ішіндегі сахналарда көбіне кьяроскуро әдісі қолданылған. Жарық пен көлеңке контрасты кадр тереңдігін байытып, дастарқан басында отырған отбасының кейпін алдыңғы планға шығарады. Мұндай жарық шешімі отбасы мүшелері арасындағы көзге көрінбейтін психологиялық алшақтықты айқындап, қоғамдағы тұрақсыздықтың жеке адамның ішкі әлеміне дейін әсер еткенін визуалды түрде жеткізеді.

Фильмдегі басқа кейіпкерлер де қауым мүшелерінің реакциялық әрекеттері қандай болғанын ашып көрсетеді. Мәселен дерлік, бөліністен өз пайдасын көрмек болған Болат бірде: «Қолда билік тұрғанда суға түссең де залал жоқ» - деп тіл қайырады. Бұл сөздер оның бар болмысының сипатын ашады. Болаттың бейнесі Әбілге қарсы келтірілгенімен, оны да толыққанды теріс кейіпкер деп қарастыруға келмейді. Себебі аталмыш туынды жаңа дәуірге қадам басар алдындағы өтпелі кезеңнің қалдырған ізіне байланысты рефлексия жасауға бағытталған. Экономикалық өзгерістер ресубъективизацияға итермелейді. Адаптациялық үдеріс адам баласының бойындағы жақсы да, жаман тұстарды оятты. Әбілдің жанын қинаған ойларымен бөліскен сахнасында жауапқа: «Қазір өгіз адам керек емес, түлкі адам керек» - деген сөздерді естуінен де адамдардың таңдау шеңберінің өлшемін көре аламыз. Егер басты кейіпкердің өзін «өгіз адам» десек, онда Болат «түлкі адам» кейпіне ие. Мұндай аллегориялық сипат кейіпкерлердің басты қасиеттерін алдыңғы қатарға шығаруға көмектеседі. Осылайша, Әбіл мен Болаттың қарама-қарсылығы жеке адамдар арасындағы тартыстан әлдеқайда кең мағынаға иеленеді. Бірі – адал еңбекке, тұрақтылық пен адамгершілік қағидаларына сүйенген кеңестік дүниетанымның өкілі болса, екіншісі – жаңа нарықтық қатынастар қалыптастырған икемді, жағдайға бейімделгіш тұлғаның көрінісі. Бұл тартыс әлеуметтік шеңбермен шектелмей, адамзат тарихындағы алғашқы құндылықтық бөлініс – Әбіл мен Қабыл архетипінің метафизикалық астарын ашады. Ерлан Төлеутайдың сомдауындағы кейіпкерге тиісті есімнің берілуі де оның тағдырлық траекториясын алдын ала белгілеп тұрғандай. Ол – адамзат тарихындағы алғашқы жазықсыз құрбан атанған Әбілдің (Авель) архетиптік деңгейіне көтерілген бейне. Мифтік-діни таным бойынша Әбілдің өлімідүниеқоңыздық пен қызғаныштан туған бастапқы қақтығыс еді.

Бұл ойды одан әрі жетілдіру нысанында тұрғындардың қой бастарын бөліп-жиған сахнасын мысалға келтірелік. Қызығы фильмнің басым бөлігінде диалогтардың молдығына акцент қойылады да, кульминациялық сәттерде үнсіздік ортаға шығады. Бұның арқасында рефлексияға кеңістік беріліп қана қоймай, драмалық әсер күшейтіле түседі. Дәл осы дыбыстық шешім мысалға алынған сахнада айқын көрініс тапқан. Адамдардың мал-түлікті алып кетіп жатқан әрекеттерінің белсенді көрінісінен кейін ірі пландағы Әбілдің жүзінде жазылған ішкі күйзеліс дыбыстың бәсеңделуімен сүйемелденген. Осының арқасында протагонисттің ішкі әлеміне көпір салынған деуге келер. Сол себепті фильмде дыбыс тек атмосфера қалыптастыру қызметімен шектелмей, кейіпкердің ішкі драмасын жеткізетін маңызды құралға айналған.

Қорыта айтқанда, «Әбіл» қоғамдық трансформацияның адам болмысына тигізген ықпалын кинематографиялық тіл арқылы пайымдайтын авторлық туынды ретінде ерекшеленеді. Елзат Ескендір тарихи кезеңді бағалаудан немесе оған нақты үкім шығарудан гөрі, өзгерістердің адам санасында, моральдық таңдауларында және күнделікті қарым-қатынастарында қалай көрініс тапқанын бақылауға үңіледі. Сондықтан аталмыш фильмнің тәуелсіздік кезеңіне арналған тарихи драмалардың қатарын толықтырып қана қоймай, қазіргі қазақстандық авторлық киноның әлемдік дискурспен үндесе алатын көркемдік әлеуетін де сақтайтыны анық.

Қуандық Әзиза

Киносыншы

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Кинотеатр
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

«Вечерний Алматы» газетінің шығармашылық ұжымына Президенттің БАҚ саласындағы Алғысы берілді

Бүгін 18:46

Шанхай тарихи музейінде «Дәстүр сабақтастығы: ата-баба мұрасы» көрмесі ашылады

Бүгін 18:31

Алматыда заңсыз қоқыс үйінділерімен күресуге арналған цифрлық платформа таныстырылды

Бүгін 18:12

Алматыда Рысқұлбеков көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады

Бүгін 18:03

Алматыдағы «Мектептен мектепке» жобасы тәлімгерліктің жаңа моделін қалыптастыруда

Бүгін 17:07
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);