Мамыр айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Жаңашылдықтар қаржы нарығы мен цифрлық активтерді реттеуден бастап, автокөлік импорты, салықтық бақылау, білім беру, туризм және мәдени шараларға дейінгі салаларды қамтиды. Толығырақ aqshamnews.kz тілшісі тарқатады.
Цифрлық активтер мен криптовалюта толық реттеледі
1 мамырдан бастап Қазақстан цифрлық активтер мен криптовалюта нарығын толыққанды құқықтық реттеуге көшеді. Бұған дейін бұл сала ішінара ғана реттелсе, енді цифрлық активтер қаржы және құқық жүйесіне енгізіледі.
Негізгі жаңалық – криптовалюта мен өзге де цифрлық активтер заң жүзінде тауар ретінде танылады. Яғни олар мүлік пен сатып алу-сату мәмілелеріне қатысты жалпы ережелерге бағынады. Енді цифрлық активтерге байланысты даулы мәселелерді сот арқылы шешуге болады.

Биткоин және басқа да криптоактивтер ресми түрде мәміле нысанына айналады. Криптобиржалар, айырбастау пункттері және криптоқызмет көрсететін ұйымдар Ұлттық банктен лицензия алуы керек.
Оларға клиенттерді сәйкестендіру, биометриялық тексеру, операцияларды бақылау және реттеушіге есеп беру міндеті жүктеледі. Қазақстан аумағында криптовалютамен жасалатын ресми операциялар енді анонимді болмайды.
Криптовалюта айырбастау операторлары ай сайын әр айдың 10-на дейін өз платформаларындағы сатып алу және сату операциялары туралы есеп беруге міндеттеледі.
Зейнетақы жүйесін жаңарту мәселесі қаралады
Мамыр айының аяғына дейін Үкімет жанындағы жұмыс тобы зейнетақы жүйесін жаңарту бойынша ұсыныстардың бірін таңдауға тиіс.
Қазір бірнеше нұсқа қаралып жатыр. Соның бірі – «4+1» жүйесі. Бұл модель бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының 4 пайызы қызметкердің жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызы ортақ зейнетақы шотына аударылады.
Тағы бір ұсыныс бойынша зейнетке шығу жасы емес, еңбек өтілі негізгі өлшем болуы мүмкін. Бұл ретте еңбек өтілі кемінде 40 жыл болуы керек деген ұсыныс айтылған.
Үшінші нұсқа – сақтандыру зейнетақысы. Ол зейнетақы аннуитетіне ұқсас жұмыс істеуі мүмкін.

Металл сынығы мен мұнай өнімдерін шығаруға шектеу қойылады
1 мамырдан бастап ел аумағынан қара металл сынықтарын, пайдаланылған металл қалдықтарын, сондай-ақ мыс, алюминий, қорғасын және құрамында қорғасын, кадмий немесе сынап бар материалдарды шығаруға жарты жылға тыйым салынады.
Сонымен қатар бензин, дизель және басқа да мұнай өнімдерін елден шығаруға тыйым тағы алты айға ұзартылуы мүмкін. Бұл шектеу 21 мамырдан 21 қарашаға дейін әрекет етуі ықтимал.
Сұйытылған мұнай газы, пропан мен бутанды елден шығаруға да шектеу ұзартылуы мүмкін. Егер тиісті құжат күшіне енсе, тыйым 14 мамырдан бастап тағы жарты жылға созылады.

Мобильді аударымдар бойынша хабарламалар келе бастайды
Мамыр айында салық органдары мобильді аударымдарға қатысты тексеру қорытындысы бойынша хабарламалар жібере бастайды.
Алайда бұл барлық азаматқа қатысты емес. Хабарлама тек үш шарт қатар орындалған жағдайда ғана келеді:
Біріншіден, жеке тұлғаның шотына 100 және одан көп адамнан аударым түсуі керек. Екіншіден, мұндай аударымдар үш ай қатарынан жасалуға тиіс. Үшіншіден, аударымдардың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асуы қажет.
Егер осы белгілер анықталса, азаматтарға камералдық бақылау хабарламасы жолданады. Оны 30 күн ішінде орындау қажет.

Әскери қызметшілерге жаңа талап енгізіледі
4 мамырдан бастап келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарға қатысты жаңа талап күшіне енеді.
Олар табыс әкелетін мүлкін 30 күн ішінде сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Алайда ақша, облигациялар, коммерциялық компаниялардың акциялары және жалға берілген мүлік бұл талаптан босатылады.

Енді әншілер фонограммамен ән айтпас бұрын ескертуге міндеттеледі
2 мамырдан бастап мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар мен орындаушылар фонограмма қолданылатыны туралы көрерменге алдын ала хабарлауға міндеттеледі.
Бұл ақпарат афишаларда, билет сатылатын орындарда және жарнамаларда көрсетілуге тиіс. Теледидар мен радиодағы жарнамада фонограмма туралы ескерту кемінде 5 секунд айтылуы керек.

Балық аулауға шектеу қойылады
Мамыр айында Қазақстанның көптеген өңірінде балықтың уылдырық шашу кезеңіне байланысты балық аулауға шектеу енгізіледі.
Тыйым әр бассейн мен өңір бойынша әртүрлі мерзімде қолданылады. Мысалы, Балқаштың батыс бөлігінде, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендерінде 15 сәуірден 1 маусымға дейін балық аулауға болмайды. Сырдария мен Кіші Арал аумағында шектеу 1 сәуірден 10 маусымға дейін әрекет етеді.
Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінде тыйым 25 мамырдан 31 тамызға дейін созылады.

Оқушылар үшін соңғы қоңырау ертерек өтеді
Биыл Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау әдеттегіден ертерек өтуі мүмкін. Себебі оқу жылының дәстүрлі аяқталу күні – 25 мамыр жексенбіге сәйкес келеді.
Сондықтан 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты жиындар мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда өткізіледі.
Білім саласының өкілдері соңғы қоңырау салтанатын артық шусыз өткізуге шақырады. Ата-аналар мен оқушыларға қымбат мерекелік шаралар, көлікпен серуендеу, ақша жинау сияқты бейресми форматтарға жол бермеу ескертілді.

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгерді
Биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірден емес, 27 мамырдан басталады. Құжаттар 31 тамызға дейін қабылданады.
Бұл шешім қабылдау науқаны мен оқу жылының аяқталу кезеңі бір уақытқа түсіп қалмауы үшін қабылданған. Ал белгілі бір мектепте мектепалды даярлықтан өткен балалар бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады.

Негізгі ҰБТ басталады
Негізгі ҰБТ 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Биыл тест форматы өзгермейді. Талапкерлер үш міндетті пән және таңдаған екі бейіндік пән бойынша емтихан тапсырады. Жалпы сұрақ саны – 120.

«Наурыз 2026» бағдарламасы бойынша өтініш беру аяқталады
Отбасы банк «Наурыз 2026» бағдарламасына қатыса алатын 16 мың салымшының тізімін жариялаған. Олар 6 сәуірден 12 мамырға дейін несиеге өтінім беруі керек.
Өтінім мақұлданса, қатысушыларға баспана іздеп, сатып алу үшін 6 ай уақыт беріледі. Кезекте тұрған азаматтардың бір бөлігі 7 пайыздық мөлшерлемемен ипотека ала алады.
Алматыда мамыр айында кезекте тұрған 1 мыңнан астам тұрғынға пәтер кілті табысталмақ. Бағдарлама шарттары бойынша ипотека мөлшерлемесі – 5 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз.

Жаңа әуе рейстері ашылады
1 мамырдан бастап кореялық Eastar Jet лоукостері Алматыдан Пусанға тікелей рейстерді қайта бастайды. Ұшақтар аптасына екі рет қатынайды.
Ал Asiana Airlines 4 мамырдан бастап Алматы – Сеул бағыты бойынша рейстер санын аптасына үштен беске дейін арттырады.

Үлкен қажылық басталады
Биыл қажылық 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Қазақстандық қажыларды Air Astana, SCAT және саудиялық Flyadeal әуе компаниялары тасымалдайды.
Рейстер Алматы, Астана және Шымкенттен Жидда мен Мәдина қалаларына тікелей орындалады.

Мамырдағы мәдени және спорттық шаралар
Мамыр айында Қазақстанда бірнеше ірі мәдени және спорттық шара өтеді.
16 мамырда Алматыдағы Орталық стадионда, 17 мамырда Астанада Solana музыкалық фестивалі өтеді. Онда Busta Rhymes, Tyga, Flo Rida, Timbaland, Nicole Scherzinger және басқа да әлемдік жұлдыздар өнер көрсетеді.
20 мамырдан бастап Жетісу облысы Текелі қаласы маңында Jetisu Paraglide парапланер спорты бойынша әлем және Азия чемпионаты өтеді. Оған 40-тан астам елден спортшылар қатысады.
9–11 мамыр аралығында Алматы облысында Tengri Ultra халықаралық трейл жарысы өтеді. Ал 15–17 мамыр күндері Астанада Counter-Strike 2 ойыны бойынша PGL Astana киберспорт турнирі ұйымдастырылады.
Мамырда қазақстандықтар 14 күн демалады
Биыл мамыр айында бес күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтін қазақстандықтар 14 күн демалады. Ал алты күндік жұмыс аптасында 12 демалыс күні болады.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн жұмаға сәйкес келгендіктен, қазақстандықтар 1, 2 және 3 мамыр күндері демалады.
7 мамыр – Отан қорғаушы күні. Бұл күн бейсенбіге түсетіндіктен, қазақстандықтар тағы бір күн демалады.
9 мамыр – Жеңіс күні сенбіге сәйкес келеді. Сондықтан демалыс күні дүйсенбіге ауыстырылып, 9, 10 және 11 мамыр демалыс болады.
27 мамыр, сәрсенбі күні Құрбан айт мерекесіне байланысты да демалыс беріледі.
Биыл Астанада Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арналған ауқымды әскери парад өткізілмейді. Оның орнына қалаларда концерттер, әскери техника көрмелері, далалық асхана және ардагерлерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылады.