Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені дзюдошы Елдос Сметов (60 келі) салды. Ол қола жүлде үшін белдесуде нидерландылық Торнике Тсакодеаны «алтын ұпаймен» жеңді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Алтын жүлде» тағдыры ұзақтау шешілді. Нидерланд бапкерінің өтінішімен белдесудің шешуші сәтін төрешілер қайта қарап, ақыры Сметовке ұпай дұрыс берілгенін растады. Елдос асықпай күтті. Шешім шыққан соң да сабасынан аспай, алдымен қарсыласына құрмет білдірді, сосын ғана қатты ширыққанын кілемнің ортасындағы шалт қимылымен ұқтырды. Дегенмен бәрі ішінде тұр екен: кілем сыртында бапкері Ғ.Жылкелдиевтің қарсы алуы мұң екен, Елдос көз жасына ерік берді. Кәдімгідей солықтай жылады.
Бұл көз жасының себебін жанкүйер жақсы біледі. 2016 жылғы Рио олимпиадасының финалында Сметов ресейлік Беслан Мудрановқа есе жіберді. Онда да белдесу тағдырын «алтын ұпай» шешті. Елге оралған соң Елдос спорттан кетпейтінін, Токио Олимпиадасының алтынын алуға уақыты мен күш-жігерін арнайтынын айтты. Міне, төрт емес, бес жыл күтіп барғанда, Токио кілемі біздің батырға алтын емес, қола жүлде ұсынды. Иә, бабалар дүниетанымына салсақ, «адамның қай дегені болып еді...» Дегенмен Сметовтің қола жүлдесін олқысынып жатқан қазақ жанкүйері жоқ. Бұл жүлде бізге алтыннан да бағалы.
Біріншіден, Елдостың қола жүлдесі – Токио Олимпиадасындағы қазақстандық спортшылардың жолашары. Яғни алғашқы толыққанды жарыс күнінде-ақ Қазақстан еншісіне бірінші медаль бұйырып, жарыс күнін бірден жүлде алған 20 ел қатарында аяқтады.
Екіншіден, Елдос Сметов – дзюдо спортынан Олимпиаданың екінші жүлдесін жеңіп алған тұңғыш балуан. Бұған дейін Асқат Житкеев (2008 жыл, Бейжің) – күміс, Отгонсетсег Галбадрах (2016 жыл, Рио) қола жеңіп алған болса, Сметов 2016 жылғы күмісіне биыл Токио қоласын қосып отыр.
Үшіншіден, Елдос Сметов – екі олимпиадада жүлдеге қол жеткізген жетінші қазақстандық спортшы. Оған дейін Е.Ыбырайымов, Б.Жұмаділов, А.Винокуров, Ә.Ниязымбетов, Г.Манюрова және И.Дычко қос олимпиадада олжа салды. О.Рыпакова үш олимпиаданың жүлдесін иеленді.
Украиналық әлем чемпионы Дарья Билодид те дәл Сметовтей күй кешті. Ол Токиода 2019 жылы өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде топ жарған еді. Араға екі жыл салып Токиоға қайта табан тірегенде, жартылай финалда жергілікті Ф.Тонакодан жеңіліп қалды. Қола жүлде үшін белдесуде Дарья израильдік Шира Рашонды «алтын ұпаймен» зорға тұқыртты. Сөйтіп, ол да кілем шетінде көз жасын аямай сығып алды.
Спорт дегеннің қиыны да осы: бүкіл өмірді арнайсың, бірақ бір ғана қателік мақсатқа жеткізбей қоюы мүмкін, керісінше, күтпеген бақ тұғырға шығаруы да ғажап емес. Қалай дегенде де, Сметовтің жолашар медалі қазақ спортшыларына ақжолтай болса деген тілегіміз бар.
Бокс: үш шебер де алға адымдады
Бокс турнирі – олимпиадалардағы ең ұзақ жарыстың бірі. Мұнда әр кезең арасында кемі екі күн өтіп, ашылу салтанатымен қатар басталған дода олимпиаданың жабылу салтанаты қарсаңында бір-ақ аяқталады.
Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы сынға толық құраммен қатысып жатыр. Ғалымбек Кенжебаев шәкірттері жеребе бойынша негізінен екінші кезеңнен сынға араласады. Алғашқы іріктеу кезеңінде шаршы алаңға шыққан үш боксшы да қарсыластарынан басым түсті.
57 келі салмақта Серік Теміржанов венгриялық Роланд Галошты 5:0 есебімен сенімді жеңді. Теміржановтың 1/8 финалдағы қарсыласы – 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дюк Раган (АҚШ). Гамбургте өткен әлемдік сында Раганды отандасымыз Қайрат Ералиевтің жеңгені есімізде. Содан бері америкалық боксшы біраз биікті бағындырды. Ол тіпті кәсіпқой бокста бақ сынап көріп, бес кездесуде де жеңіске жетті. Серік әккі қарсыласын жеңуге барын салады деп сенеміз.
Зәкір Сафиуллин (63 келі) алғашқы жекпе-жекте перулік Леодан Песоны еркін жеңді. Бұл кездесуде Зәкір бар шеберлігін паш еткен жоқ. Күшін үнемдей жүріп, дұрыс тактикалық жекпе-жек ұйымдастыра білді. 1/8 финалда ол шаршы алаң иесі Дайсуке Нариматсумен қолғап түйістіреді. Нариматсу – 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері.
Кеше үшінші болып ортаға шыққан Сәкен Бибосынов та (52 келі) жанкүйерді жерге қаратқан жоқ. Ол пуэрториколық Янкиель Ривераны 4:1 есебімен тұқыртты. Словакиялық төреші ғана Ривера жеңді деп санады. Сәкен келесі кезеңде 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Біләл Беннамамен (Франция) кездеседі.
Дзюдо: Ержан мен Жансай тез тоқтады
Дзюдодан алғашқы жүлдені Елдос Сметов елге сыйлағанмен, әзірше басқа спортшыларымыз қуанта алатын емес. Рио Олимпиадасында қоладан жүлде салған Отгонсетсег Галбадрах (48 келі) бұл жолы алғашқы айналымнан өте алмады. Ол қытайлық Ли Янаннан таза жеңілді. Янан да одан кейінгі белдесуінде португалялық Катарина Костаға есе жіберіп, Галбадрахтың жұбаныш белдесуіне барар жолын жапты.
Ерлер арасында 66 келіде сынға түскен Ержан Серікжанов алғашқы кездесуде атақты Орхан Сафаровты (Әзербайжан) қапы қалдырғанмен, 1/8 финалда Мануэль Ломбардодан ұтылды. Ломбардо да ары қарай жеңісті сапар жасай алған жоқ. Сөйтіп, Серікжановтың қола жүлде үшін күресу мүмкіндігі тіпті де туындамады.
Кеше Жансай Смағұлов та (73 келі) бір жеңіспен тоқтады. Ол Фердинанд Карапетянды (Армения) жеңді де, екінші сында канадалық Артур Маргелидонға соңғы секундтарда ұпай беріп қойды. Маргелидон келесі белдесуде грузин Лаша Шавдатуашвилиге жол беріп, жүлдеден өз үмітін ғана емес, Жансайдың да үмітін үзді.
Ауыр атлетика: аз болса да – саз
Допинг дауына жиі ұшыраған федерацияларға Токио Олимпиадасына небары екі жолдамадан берілді. Сондай күйге тап болған елдің бірі – Қазақстан. Ерлер арасында – бір, әйелдер арасында бір жолдаманы қанағат етіп, жапон жеріне Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанлоны ғана шығарып салған едік.
Кейінгі толқынның ішінен 56 келі салмақ дәрежесінде өзін жақсы көрсеткен И.Сон олимпиадада 61 келіде сынға түсті. Өйткені Олимпиада бағдарламасынан 56 келі алып тасталып, әйелдер сынына тағы бір салмақ қосылған-ды.
Шынын айтқанда, Игорьдің мықтылармен бәсекесін қорқақтай күттік. Мұндағы негізгі фавориттер азиялықтар болса да, грузиялық Шота Мишвелидзені санаттан шығарып тастауға болмайтын еді. Жапон ауыр атлеті Йоити Итоказу да бес қаруын асынып, тас-түйін дайын болғаны анық.
Алғашқы жұлқа көтеру бағдарламасында Игорь төртінші нәтиже көрсетті. Ол үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланды. Алайда төрешілер оның алғашқы екі кезектегі 126 және 131 келісін санады да, үшінші жолғы 134 ұпайын есепке алмады. Кейін белгілі болғандай, Сонның жарыстан бұрынырақ алған оң тізесінің жарақаты бәрібір сыр бермей қоймапты. Төрешілер аяқты тіктеу мен қатар қоюдың шағын детальдарына дейін мән беріп, 134 емес, 131 ұпайды тіркеді. Жарыстың бұл бағдарламасында отандасымыздың алдында Ли Фабин (Қытай), Еко Юли Ирауан (Индонезия) және Итоказу тұрды.
Серпе көтеруге келгенде, Игорь алдымен 155 келіге тапсырыс беріп, кейін оны 156-ға өзгертті. Бұл салмақты ол еркін еңсерді. Екінші жолы 162 келіні тік көтергенмен, төрешілер тағы да сараңдық танытты. Бұл кезде Фабин мен Ирауан өз кезегін асықпай күтіп, алтын мен күміске өзара таласатынын бірден ұқтырған-ды. Сондықтан бізге Мишвелидзенің, тайваньдық Кау Чан-Хунның, Итоказудың бәсекесі қиын болып тұрды. Күтпеген жерден бұл сынға арабиялық Сераж әл-Сәлем де кірісіп кетті. Ол жұлқа көтеруде 129 келімен тоқтаса, яғни Соннан небары екі ұпай кейін тұрған болса, серпе көтеруде бірінші мүмкіндігінде-ақ 159 келіге тапсырыс берді. Оны тез бағындырды да. Сон үшінші кезегінде 163 келіні алды. Мұнда үш төрешінің екеуі қолдап, мүмкіндік есепке алынды. Итоказу болса, екінші талпынып барып қана 159 келіні алды, үшіншісінде 162-ні тік көтере алмады. Яғни оның қола жүлдеден үміт ете алмайтыны белгілі болды. Мишвелидзе болса, 163 пен 165 келіге екі рет талпынып көріп, жарыстан шеттеп кетті. Фабин мен Ирауанның шешуші тартысы алдында әл-Сәлем қола тағдырын шешті. Ол 166 келіні көтеруін көтерді, бірақ алаңда тоқтап тұра алған жоқ. Төрешілер қайта қарап, сауд атлетінің мүмкіндігін есептемеді. Үшінші жолы әл-Сәлем 166 келіні иығына тастай да алған жоқ.
Сөйтіп, Игорь Сон 294 ұпаймен Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Үштөбелік азамат бұған дейін мұндай салмақтарды көтеріп көрмегенін, бірақ шешуші сәтте тәуекелге баруға тиіс болғанын айтты. Жарыстың екінші күнінде Сон осылайша жанкүйерлерді тағы қуанышқа бөледі. Алтын медаль Ли Фабинге (313 ұпай, Олимпиада рекорды) бұйырса, күміс жүлдені Ирауан (302 ұпай) иеленді.
З. Чиншанло кеше кешкісін сынға түсті.