ffin.kz

«Екі момын таласса – тентекке жем...»

«Екі момын таласса – тентекке жем...» Сурет: интернеттен

Бірлік, ынтымақ – халқымызға қашаннан-ақ ұран болған ұлы ұғым. Жау жағадан алғанда жақыны етектен тартып, өзара алауыздықтан талай мәрте есесі кеткен ел үшін одан маңызды, одан бағалы нәрсе кемде-кем. Абыз бабалардың бұл тұрғыдағы тәмсілдері аңызға айналып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етілгені де содан.   


Ескіден жеткен сондай бір есті әңгіме бірліктің маңызын былайша айшықтайтын-ды: Төле бидің жас кезі болса керек. Ол бірде Әнет бабадан бата алуға келеді. Сөйтіп, дала данышпанынан: «Баба, бірліктің белгісі қандай?» деп сұрайды. Қария жауап қайтаруға асықпайды. Әуелі бір бума шыбықты қолына ұстатып: «Балам, мынаны сындыршы!» дейді. Төле буылған күйдегі солқылдақ шыбықты ары иіп, бері иіп, сындыра алмайды. Содан соң қарт баба шыбықтарды бумадан суырып, Төленің қолына бір-бірден ұстатады да: «Ал енді көрші» дейді. Жалғыз-жарым шыбықтарды Төле оп-оңай сындырады. Әнет баба: «Бұдан не түсіндің, балам?» – дейді. «Бірлігі бекем жұртты жау алмайды» дегеніңіз ғой», – деп жауап береді жас Төле. Сонда: «Бәрекелді, ұлым, елді ең алдымен ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ, қайда барасың – ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба. 


Сол сияқты, қазақ киносының інжу-маржаны «Қыз Жібек» фильміндегі бұл мәселе жеріне жеткізіле айтылатын эпизод та есімізде. Руаралық теке-тіресте қарсыласын тізе бүктіріп, жеңісіне марқайған шекті билеушісіне: ««Екі момын таласса – тентекке жем. Осыны ойлаған кім бар?! Күнде – қырғын, күнде – итжығыс... Кімге – бақ, кімге – сор?!» деп сауал тастап, «Ақжайықтың қырғынын көргем жоқ. Шақырған болсаң естігем жоқ. Бірақ естіген болсам келер ме ем, келмес пе ем? Келсем – «Кең далаға сен де сиясың! Сен де сиясың! Сендер де сиясыңдар! Тоқтат қырғынды!» деуге келер ем. Оныма құлақ аспасаң – келмей-ақ қалар ем», – демеуші ме еді Төлеген... Жас батырдың сондағы: «Болмашыға өзді-өзіміз күнде қырылысып жатқанда сырт көз бізді бақпай ма екен?! Қансыраған елімізге қызықпай ма екен?! Қысық көзді, қиғаш қабақ көршің бар бір бүйіріңде. Тістесе-тістесе бақсының құмалағындай шашылып кеткен еліміз бар. Күннің шығысынан батысына дейін созылған ұлан-байтақ жеріміз бар. Сыймай жүрсек екен-ау... Сыйыса алмай жүрміз ғой!..» деген уәжіне тоқтаған Сырлыбайдың: «Ел бірлігі» деген сөз ұялайды ішіме...» дейтіні бар. Сөйтіп, қарсы алдында матаулы күйінде тізерлеп отырған қос тұтқын қарияны төрге шақырып, шапан жауып, бітіскендіктің белгісін көрсетеді. Негізі, «Қыз Жібек» – махаббат жыры ғана емес, ынтымақ пен бірлікті, елдікті дәріптеген дара туынды. Оған арқау болған елдік, бірлік мәселесі – тіні үзілмеген өміршең өзек.


Көнеден келе жатқан қай тәмсілге құлақ түрсек те, ырыс пен бақыт ынтымағы зор, бірлігі бекем елге қонатынын, күллі игілік, жақсылық атаулы өзара тату, ұйымшыл, ұжымшыл жұртқа тұрақтайтынын баяндайды. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», «алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп, ел-жұртты, ағайын-туысты жұдырықтай жұмылуға үндеумен болған ата-бабаларымыз ынтымақ пен бірліктің қадірін жете түсінген, барынша бағамдай білген.


Қай заманда да маңызын жоғалтпаған бірлік ұғымы бүгін тіпті өзекті. Ел мен жердің негізгі тұтқасы, мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ бүгін өз арасындағы ғана емес, бүкіл елдегі ынтымаққа, бірлікке жауапты. Өзегі мықты ұлт қана өзгелерді өз маңайына ұйыстыра, топтастыра алады десек, бұл бізге екі есе жауапкершілік жүктейтінін сезіне білгеніміз жөн.


Көріп жүргеніміздей, бүгінде дүние дүрбелеңге толы. Жер-жерде, ел-елде сол баяғы: «күнде – қырғын, күнде – итжығыс». Ал содан шынымен де: «кімге – бақ, кімге – сор?!» Жетпей жатқан нәрсе жоқ. Қуарып, суалып бара жатқан тек қана – қайырым, мейірім бұлағы ғой. Ал оның салдары – «таласқан екі момынның тентекке жем болғаны».          


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32