"Домбыраның үніне тәнті болдым". Қазақстанға арнап күй шығарған аустралиялық музыкант эксклюзив сұхбат берді

  • 10:50, 10 шілде 2025
"Домбыраның үніне тәнті болдым". Қазақстанға арнап күй шығарған аустралиялық музыкант эксклюзив сұхбат берді сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Домбырада күй орындап, онысына "Қазақстан" деп атау берген аустралиялық азаматтың видеосы желіде желдей есті. Ұлттық аспапта шебер ойнап, авторлық күй шығарған шетелдіктің өнеріне көпшілік тәнті болып, жылы пікірлерін жаудырып жатыр. Талайды таңдай қақтырған жан кім? Аqshamnews.kz тілшісі домбырамен күй шығарған Марк Истонмен сұхбаттасып, әңгімесін тыңдады. 

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Қазақ күйіне ғашық болған аустралиялық музыкант

Марк Истон - аустралиялық музыкант. Өнерден бөлек көлік жөндеумен де әуестенеді. Бірақ оны көпшілікке танымал еткен қазақтың ұлттық аспабы домбыраға деген ықыласы болды.

"Домбыраны алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын Ішкі Моңғолияның хэви-метал тобынан естідім. Сөйтсем, олар қазақтың домбырасын қосып ойнайды екен. Үні ерекше әдемі. Ізденіп көріп едім, оның атауы - домбыра екенін білдім. Сол кезде ULYTAU, HASSAK, TURAN ETHNO GROUP сияқты қазақ топтарының музыкасын тыңдап ғашық болдым", - дейді ол.

Алғашқы әсерден кейін ол бірден домбыра сатып алуды ойлаған.

"Виртуоз домбырашылардың орындауын желіден көріп, шабыттанып кеттім. Содан соң домбыраны алдымен өз бетімше үйрене бастадым. Кейін жергілікті қазақтардан жеке сабақ ала бастадым. Бірақ көп сабақ алсам, өз стилімді жоғалтып алам ба деп қорықтым. Себебі мен рок бағытында ойнаймын. Сондықтан өз ерекшелігімді сақтағым келді", - дейді Марк.

Ғаламатқа арналған "ғаламат туынды"

Марк домбыраға өзінің батыстық стилін қосып, қазақ күйіне жаңа бағыт ұсынған адам. Ол алғашқы күйін белгілі домбырашы Ғаламат Бейсеқожаның орындауынан шабыттанып жазған.

"Мен Ғаламат деген жігітті кездестірдім. Ол керемет композитор әрі домбырашы. Оның қалай ойнайтынын көріп, таңғалдым. Сол сәтте өзім де бір күй жазып көруге бел будым. Алғашында күйді Ғаламаттың атымен атағым келді. Бірақ шетелдіктер, оның ішінде өзім де, есімін дұрыс айта алмай қалармыз деп, күйдің атын "Қазақстан" деп қойдым", - дейді музыкант.

Марктың айтуынша, "Қазақстан" күйі бірнеше фазадан тұрады.

"Алдымен күй жай басталады. Сосын домбыра мен ауыз сырнай қосылып ойнайды. Кейін ырғағы даладағы тұлпарлардың шабысын елестетеді. Ал орта тұсында аздап тамақпен ән айту техникасын қостым. Бұл - өзімді өткен шаққа, Орталық Азия музыкасының түбіне оралғандай сезім сыйлайды", — дейді ол.

"Қазақ халқының қонақжайлығын ештеңеге теңей алмаймын"

Марк домбыраны небәрі үш айда меңгеріп, алғашқы күйін жазып шыққан. Оның икемділігіне бұған дейін гитарада еркін ойнауы көп көмектескен екен.

Осы уақытқа дейін музыкант Қазақстанға екі рет келген. Алматыға кәсіби домбыра алу үшін арнайы сапармен келіп, "Алматы" атты екінші әніне бейнебаян түсіріп кеткен. Сондай-ақ ол "Ләйлә-Қобыз" тобымен бірге "Бүркітші қыз" атты туынды жазып, Арбат пен Панфилов көшесінде көше концерттерін де өткізген.

"Қазақстанға келіп жүргенде көп адаммен таныстым. Барлығы қол ұшын беруге дайын болды. Бұл маған керемет әсер қалдырды. Шынымды айтсам, Қазақстандағы достық пен ашықтық деңгейі мені таңғалдырады. Адамдары өте бауырмал, тамағы да дәмді. "Spirit of Tengri" фестиваліне қатыстым - мен көрген ең тамаша шара! Қазақстанға қайтадан барып, тағы да музыка орындағым келеді", — дейді Марк.

Қазір ол "Қазақстан" күйіне ресми бейнебаян түсіріп жатыр. Оның айтуынша, ендігі мақсаты - қазақтың ұлттық аспабы арқылы өз тыңдармандарына Орталық Азияның сырлы әуенін сезіндіру.

"Мен қазақ өнерін әлемге танытқым келеді. Менің күйімді Перуден бастап, Қазақстанға дейін тыңдап жатыр. Бұл - үлкен мәртебе", — дейді аустралиялық күйші.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:03

17:21

17:03

16:58

16:54

16:43

16:37

16:13

16:02

16:01

15:55

15:49

13:17

12:55

12:53

12:43

12:37

12:34

12:33

12:31

12:30

12:29

12:19

11:42

11:40