ffin.kz

Дода – бақ пен баптың сыналатын жері

Дода – бақ пен баптың сыналатын жері Сурет: Sport.insure

Бақ шаба ма, бап шаба ма?


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Токио Олимпиадасынан сабақ алуымыз керек деген болатын. Жуырда ғана шымылдығын жапқан дүниежүзі көз тіккен бәсекеде кіл мықтылар атой салып жатты. Әлемнің дамыған алпауыт державалары - Америка Құрама Штаттары, Қытай Халық Республикасы, Жапония сынды мемлекеттер ең үздік үштіктен көрінді. Ондаған алтын мен күміс, кейбірі жүзден аса қоланы қанжығаларына байлады. Ал біздікілер 8 қоланы қанағат тұтты. Хош! Оған да тәубе етеміз! Токио Олимпиадасына байланысты біршама шолу жасаған болатынбыз.


ОЛИМПИАДА ШЕЖІРСІ


Бүкіләлемдік Олимпиада комитеті осы жарысты 2020 жылы өткізу қажет еді. Дегенмен сол жылы басталған пандемия жағдайының өршуіне байланысты, байрақты бәсеке бір жылға кейінге шегерілді. Мұндай жағдайды ешкім болжап, күтпеген болатын. Оның өзінде бола ма әлде болмай ма деген сұрақ көптің көкейінде жүрді. Біршама  уақыт толғандырды. Әлемнің ең мықты, ең шебер, ең бабы келіскен спротшыларының арасында сенім мен күдік қатар жүрді. Кейбірі кәсіпқой спорт түрлеріне қарай бет бұрды. Енді бірі мүлдем басқа салаға кетті. Арасында спроттық мансабын доғарғандары да болды. Бұл өмір болғаннан кейін, осындай жайттар болып тұрады. Өздеріңіз білетіндей, ешкімге шектеу жоқ. Заманның ығына қарай бәрі өз жайын тауып отырады. Жас бәйшешектей, жаңбырдан соң қаулап, жаңа леп келеді. Осылайша жалғасын таба береді. Осыншама оқиғалардан соң ақыры дүниежүзілік сайыс биыл өтті. Бұл әлемдегі ахуал болатын.


ЕЛ ҮМІТТЕРІ


«Бәрін айт та, бірін айт» депті бұрынғылар. Ата-бабамыз ширақ қимылдап, әскери-спорттық өнерді жайшылық кездің өзінде жақсы меңгерген. Сол себепті үкілеген қаракөздерімізден ел болып, жұрт болып барынша үміт күттік. Қазақтың аса жақсы көретін, көптің көзайымына айналаған спорт түрлері бар. Әлем біріншілігіне барса да немесе олимпиадалық ойындарға қатысса да, солардан зор үміт пен нәтиже күтеді. Олар бірінші кезекте: бокс, күрес, зілтемір көтеру, дзюдо т.б. Жақында спорт сарапшылары осы аталғандарға қатысты біраз өз ойлары мен көзқарастарын ортаға салған болатын. Яғни, әлемде ең көп жүлде алып келетін спорт түрлерін атады. Мәселен, су спорты, гимнастика, су добы, садақ ату, теннис т.с.с. Қарап тұрсаң, сөзінің жаны бар. Былайша, көзге көрінбейтін ұсақ нәрселер болғанымен, берері көп, айтары мол дүниелер-ақ. Тек тыңғылықты жаттығу қажет. Ең бастысы, жеңіске деген ерік-жігер болса, қалғаны өз ретімен орындалады.


Кезең-кезеңімен талдап көрелік. Әуелі жалпы қазақ сүйіп көретін боксты сөз етсек. Жақында бұрынғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың біздің спортшыларға қолдау керектігін қайта-қайта айтқанын құлағым шалды. Шынында да, жанкүйерлер тарапынан қолдау жақсы болды. Дегенмен, баппен бақ қатар шаппады. Оған ел болып куә болдық. Әлеуметтік желідегі халықтың ойы сан-саққа жүгірді. Мәселені шешіп, болған жағдайдан сабақ алуды көздеп жатты. Дегенмен құр қол оралған жоқ. Ең бастысы, жерлесіміз Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев қола медальды ел қоржынына салды. Одан іле-шала 52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшымыз Сәкен Бибосынов та қола алды. Сөйтіп, елдің еңсесін бір серпілтіп тастады.


ҚАЗАҚТЫҢ БОКС СТИЛІ ӨЗГЕЛЕРДЕН КЕМ ЕМЕС


Қатарынан төрт рет жүлде бұйыртқан бокстан 69 келі салмақтағы жеңіс қолдан ұшты. Қазақстан тарапынан аталған салмақ дәрежесі бойынша Абылайхан Жүсіпов қатысқан болатын. 24 жастағы былғары қолғапшы мұнда шеберлік танытып, нағыз спорттық үлгі көсете алмады. Ең ауыр тигені де осы болды. Елдің пікіріне сүйенсек, әсіресе, бокс спортына жаңашылдық қажет сыңайлы. Бапкерлердің пікірі де осыған саяды. Олай болатыны, бокс спорты әлемде қарқынды дамып кеткен. Бұрынғы стильде қалыптастырудың еш қажеті жоққа ұқсайды. Асықпай, жәй баппен алдыңғы қолмен соққы жасап, клиссикалық үлгі көрсетуді ойлап жүрудің ауылы келмеске кеткен көрінеді. Осылай кете берсе, нокауттан көз ашпаймыз. Егер боксшы бір рет қана осындай жағдайға тап болса, онда төрешілер түртіп қояды. Ал қарсылас қарымта жауап білдірмейінше, қалған соққылардың пайдасы болмайтынын көрдік. Өйткені, нокдаун - таза жеіңлістің белгісімен парапар нәрсе. Оны бағалап отырған төреші де, рингтегі жұдырықтасып жатқан спортшы да, зал мен экран арқылы тамашалап тұрған көрермен де жеңілген деп түсінеді. Қамшыбек пен Сәкен де осы жағдайға тап болды. Қанша дегенмен бұл дода, жеңіс пен жеңіліс қатар адымдайды.


Сонымен қатар, тағы бір Олимпиада жеңімпазы Бақыт Сәрсекбаевтың пікірін тыңдадық. Ол да сәттілік пен сәтсіздік қатар жүретінін айтуда. Бірақ, тактикалық жағынан дайындықты күшейтуді естен шығармаған жөн екенін алға тартты. Олимпиада чемпионының сөзінің жаны бар. Қазір бір орнында тұрған дүние жоқ. Алға қарай дамып бара жатқан заман. Сондықтан келтірілген пікірлерді ескере отырып, ілгерілеуді тоқтатпауымыз қажет.


Дзюдо немесе күрес - сонау ата-бабамыздың қанына жақын, ертеден тамыр тартып, бүгінге дейін келе жатқан спорт түрі. Екеуі де балуандықты, ептілікті һәм мықтылықты талап етеді. Тек күштесіп қана қоймай, әдіс-айланы қоса пайдалануды талап қылады. Шалт кетсеңіз – шалып құлатады. Боз кілемде атой салатын балуандарымызға ең керекті тәсіл - шапшаңдық. Алапат күш пен ақылды қатар қолдана алсаңыз, сіздің озғаныңыздың бір белгісі. Токио Олимпиадасында жарқ етіп алғашқы медальды салған дзюдошы Елдос Сметовқа мың алғыс. Қайтпады, өзін шыңдады, ел еншісіне алғашқы қоланы бұйыртты.


КАРАТЭДЕН ТҰҢҒЫШ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР


Ерекше айта кетерлігі, тұңғыш рет каратеден Дархан Асаділов қола жүлдегер атанды. Сөйтіп, қазақтың маңдайын көкке бір көтерді. Бұған шейін олимпиадалық ойында мұндай жетістікті байқамадық. Ол - нағыз жауынгер, қазақтың қайсар ұлы екендігін дәлелдеген оғланымыз. Оған да осы жеңісі үшін мың рақмет!


Дархан бұған дейін талай жарыстарда топ жарып жүрді. Дегенмен бұл жолғы жеңістің жөні бір бөлек. Қазақтың каратэ өнерінде өз дара жолын салды. Сондай-ақ, спорт тарихында аты алтын әріппен жазылды. Осындай қаракөздеріміз Отанының бағы жолында барын салып, жан аямай бәсекеге түсіп жатқанда, елдегі жанкүйерлер тақым қысты. Үйде отырып, көк жәшіктен тамашаласа да, үміті мен армандары жеңіс тұғырынан өз ұлдарын көру болатын. Бірқатар спортшылар үмітті ақтады. Біздерге сынау мен мінеу оңай. Десе де, олар күні-түні дайындалып, елішілік жарыстардан өтеді. Одан соң Азия мен әлем біріншіліктеріне қатынасады. Осылайша, біртіндеп жеңіске деген қадамдарын жалғайды.


СПОРТ ПЕН ӨМІРДЕГІ АҢЫЗ ТҰЛҒА


Осы орайда 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтай алып тұлғаны айтуды жөн көреміз. Кеңестер Одағы тұсында ортаға озып шығу мүлде қиын екенін білесіз. Бюрократия қатты. Орталықтың бақылауынсыз және олардың батасын алмай жарысқа жіберілу қиын болғанға ұқсайды. Осының бәрін батырымыз еңсерді. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, нағыз ұлтымыздың мақтанышына балауға толық негіз бар.


Қазақтың заңғар ұлы, Мәскеу Олимпиадасында күрестен КСРО қоржынына алтын медаль салу деген нағыз аңыз қылып айтатын дүние. Өскелең ұрпақ ол кісімен мақтанады. Ол кісінің кісілік, кішіпейілділік қасиеттерін әлі күнге өнеге етуде. Жастарға 80 пәтер сыйлаған меценат еді. Жақсылық ағаның бұл аталған қырлары таңды-таңға ұрып айтатын таусылмайтын әңгіме деп айтсақ, қателеспейміз. Елі сүйген, елін сүйген дарабоз әрдайым жастарды спортқа баулып, бейімдеп жүретін.


Кешегі Токио Олимпиадасында көпшілік Жақсылық Үшкемпіровтың ерлігін күтті. Барынша аңсады.


Түйіндей келгенде, бұл ғаламда бақ пен бап қатар шабатынын көрдік. Сол себепті келер Олимпиададан күтер үмітіміз мол. Париж төрінде алтын мен күмістен алқа тағынармыз деген көптің сенімі басым. Байрақты әрі жеңісті күндерде жолыққанша! Қазақ спортының асығы әр уақытта алшысынан түсе берсін! Ел мақтаған оғландар жеңіс тұғырынан көрінсін демекпіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04