Джек Лондон мұрасы және табиғат философиясы

  • 18:14, 16 ақпан 2026
Джек Лондон мұрасы және табиғат философиясы сурет: КА-ның жеке мұрағатынан

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында UC Davis университетінде тағылымдамадан өту барысында америкалық жазушы Джек Лондонның (1876–1916) өмірі мен шығармашылығын әлеуметтік тәжірибе, дүниетаным және табиғат философиясы тұрғысынан зерделеу мүмкіндігі туды.

Танымдық сабақ Калифорниядағы Джек Лондон мемлекеттік тарихи паркіндегі (Jack London State Historic Park) мемориалдық нысандарға экскурсия кезінде алынған мәліметтер зерттеу материалы ретінде қолданылды. Wolf House қирандылары мен жазушының зираты Джек Лондон шығармашылығындағы тағдыр, күрес және адам мен табиғат қарым-қатынасы идеяларын ғылыми тұрғыда талдауға жағдай жасады. Мемориалдық кеңістік жазушы шығармашылығын тарихи және табиғи контекст арқылы тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Джек Лондон 1876 жылы 12 қаңтарда АҚШ-тың Калифорния штатында дүниеге келген. Оның балалық және жастық кезеңі әлеуметтік қиындықтармен және еңбекке ерте араласумен сипатталады. Теңізші, зауыт жұмысшысы және Клондайктағы алтын іздеуші ретінде де оның өмірлік тәжірибесі байып, шығармашылық идеяларының қалыптасуына тікелей әсер етті. Бұл өмірлік тәжірибе жазушының ерік-жігерін, тіршілік үшін күресін және әлеуметтік теңсіздікке деген терең көзқарасын қалыптастырды. 

Әлем әдебиетінде Джек Лондонның орны ерекше. Ол XIX ғасырдың соңынан XX ғасырдың басына дейінгі америкалық қоғамның әлеуметтік қайшылықтарын, индустриялық дамудың адам тағдырына әсерін және табиғатпен бетпе-бет келген адамның психологиялық күйін көркемдік тұрғыда бейнеледі. Оның шығармалары көркемдік құндылығының жоғары болуымен қатар, әлеуметтік-философиялық мәні арқылы да ерекшеленеді.

2026 жылы жазушының туғанына 150 жыл толуы оның әдеби мұрасын  ғылыми тұрғыдан қайта зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды кезең болып табылады. Осы мерейтой аясында жазушының өмір сүрген және еңбек еткен кеңістіктерін, атап айтқанда Калифорниядағы ранчосы мен мемориалдық кешенін зерттеу оның шығармашылығын тереңірек түсінуге жол ашады.

Далалық бақылау әдісі визуалды материалдар мен табиғи ортаны, сондай-ақ мемориалдық кеңістіктің құрылымын мұқият зерттеуге мүмкіндік берді. Бұл тәсіл музей мен парктің экспозициясын және жазушының өмір сүрген әлеуметтік-мәдени контекстін бағалауға көмектесті. Джек Лондонның өмірлік тәжірибесі оның шығармашылығында айқын көрініс тапты. Жазушының шығармалары көбіне романтикалық пафоспен қатар қатал реализм элементтерін қамтиды. Әдеби-талдамалық әдіс арқылы оның шығармаларындағы басты тақырыптар мен идеялар жүйеленіп, автордың жеке тәжірибесімен байланысы көрсетіледі. Салыстырмалы талдау әдісі жазушының өмірлік тәжірибесі мен көркем шығармаларындағы идеялық үндестікті айқындауға мүмкіндік берді. Джек Лондонның әдеби мұрасы жанрлық тұрғыдан әртүрлі. Оның ең танымал шығармалары: «Ақ азу», «Ата-баба үні», «Теңіз қасқыры», «Мартин Иден». Бұл туындыларда адам мен табиғат арасындағы күрес, әлеуметтік әділетсіздік, жеке тұлғаның еркіндігі мен қоғам қысымы, тіршілік философиясы негізгі тақырып ретінде көрініс табады. «Мартин Иден» романы автобиографиялық сипатқа ие, шығармашылық тұлғаның буржуазиялық қоғамдағы жалғыздығы мен трагедиясын бейнелейді. 


Калифорниядағы Джек Лондон ранчосында орналасқан Wolf House – жазушының өмірлік философиясын бейнелейтін ерекше архитектуралық нысан. Үй 1911 жылы жергілікті жанартаулық тас пен қызыл ағаштан салынған, заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталуы жоспарланған еді. Алайда 1913 жылғы өрт салдарынан құрылыс толықтай жойылды. Қазіргі таңда Wolf House қирандылары әдейі сол күйінде сақталып, орындалмаған арман мен жоспарлардың өткіншілігінің символына айналған. Wolf House (Қасқырлар үйі) – аяқталмаған арманның символы ретінде маңызды рөл атқарады. Бұл кеңістік Джек Лондон шығармаларындағы тағдыр, күрес және фатализм идеяларымен үндеседі.

Ранчо аумағындағы Джек Лондон мен жұбайы Чармиан Лондонның зираты қарапайымдылық пен табиғат үйлесімділігін көрсетеді. Greenlaw (ата тегі) отбасының балаларына арналған қабірлердің болуы жазушыға терең әсер етіп, оның «Burning Daylight» (Күнді босқа өткізу) романында көрініс тапқан. Мемориалдық кеңістік жазушының өлім, уақыт және адам тағдыры туралы философиялық ойларын контекстік тұрғыда түсінуге мүмкіндік береді.

Джек Лондон өз дәуірінің әлеуметтік және философиялық мәселелерін көркемдік биікте көтере алған жазушы. Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Wolf House қирандылары мен мемориалдық кешен Джек Лондон мұрасын тек әдеби мәтін ретінде ғана емес, нақты тарихи-мәдени кеңістік ретінде түсінуге ықпал етеді. Жазушының 150 жылдық мерейтойы оның мұрасын жаңа ғылыми тұрғыдан қайта пайымдауға жол ашады.

 

(Суреттер КА-ның жеке мұрағатынан)

UC Davis университеті

Калифорния штаты

«500 ғалым» жобасы бойынша

«Болашақ» бағдарламасының

стипендиаттары

Курманбаева Алмагуль

Тултабаева Тамара

Иргебаева Акерке

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:29

19:26

18:14

17:40

17:25

17:11

16:45

16:35

16:20

16:08

16:07

15:44

15:31

15:19

15:02

15:00

14:44

14:30

14:16

14:10

12:28

12:19

12:05

11:47

11:34