Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісу ауданындағы жұмыс сапарын жалғастырды. Қала басшысы Қарасу өзенінің жағалауын абаттандыру, мектеп құрылысы және тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасымен танысты, - деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Сапар Кемел шағынауданындағы көшкін қаупі бар аумақты аралаудан басталды. Қазір ұзындығы 580 метр болатын тіреу қабырғаларын салу жобасы әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ, әкімге Кемел шағынауданындағы Қарасу өзенінің жағалауын күрделі жөндеу жобасы таныстырылды. Жобаға балалар және спорт алаңдарын, амфитеатр, скейт-парк, беседкалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері, арт-нысандар, жарық тіректері, автоматты суару жүйесі, габионмен жағалауды нығайту, бейнебақылау орнату және көгалдандыру кіреді. Жұмыстар осы айда басталып, келесі жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарлануда.
Биыл ауданда 26 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді, оның 15 шақырымы Кемел шағынауданында орналасқан.
«Бұрын да айтқанмын – барлық жол жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтау қажет. Аудан әкімі тікелей бақылауға алуы керек», – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Жетісу ауданында 21 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Алайда халық санының өсуі мен белсенді құрылысқа байланысты 4 мыңнан астам оқушы орны жетіспейді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында әкімдік жобалық офисінің қолдауымен Бурундай көшесінде 1 200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды. Сол аумақта мектеп салып жатқан мердігер компания 4 мың пәтерлік тұрғын үй кешенін де салып жатыр, оның 2,3 мыңын жұмысшы жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтуға арналған әлеуметтік бағдарламалар аясында әкімдік сатып алмақ. Осыны ескеріп, қала басшысы білім беру нысанының құрылысын барынша жеделдетуді талап етті.
«Егер мектепті уақытында тапсырмасаңыздар – біз әлеуметтік бағдарламалар үшін пәтер сатып алмаймыз. Ешқандай сөз болмайды, тапсырмасаңыздар – сатып алмаймыз», – деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ, қала әкімі Айнабұлақ (Арбат) шағынауданындағы және Мақатаев көшесіндегі жаяу жүргінші жолдарын абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба аясында көгалдандыру, жарықтандыру, жаяу жүргінші жолдарын төсеу және шағын сәулет нысандарын орнату қарастырылған.
Айнабұлақ-1 шағынауданында қала басшысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аулаларды абаттандыру жұмыстарын тексерді. Бұл бағытта асфальт төселіп, резеңке жабын орнатылған, спорт алаңы жаңартылған, жарықтандыру, бейнекамералар мен шағын сәулет формалары қойылып, көгалдандыру жүргізілген.
Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды 1981 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан жылу желілерінің қайта жаңғырту жұмыстарымен де танысты. Қала әкімі бұл жұмыстарды 2025 жылдың тамызына дейін аяқтауды тапсырды.
Іссапар соңында қала басшысы тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Крылов–Скрябин–Гончаров–Райымбек даңғылы көшелері аралығындағы аумақта 16 үй сүріліп, тұрғындар көшірілген, 9 үй салынып, тағы 2 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Боткин–Қазаков–Гончаров–Скрябин–Райымбек даңғылы аумағында 6 үй сүріліп, 3 үй салынған және тапсырылған, 8 үйдің құрылысы жүріп жатыр, олардың құрылысы 2027 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар, жаңғырту бағдарламасынан тыс жеке инвестициялар аясында 10 ескі үй мен 11 жеке тұрғын үйді сүру жоспарланған.
«100 мың шаршы метр үй салынды, бірде-бір мектеп, бірде-бір балабақша, бірде-бір емхана жоқ. Мұның бәрін дұрыс есептеулеріңіз керек. Архитекторымызға бәрін қайта есептеуді тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.
Ол реновация бағдарламасын жүзеге асыру кезінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені ескеру қажет екенін нақтылады.
Бұдан бөлек, Алматы әкімі аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Бірқатар мәселеге әкім орынбасарлары мен басқарма басшылары сол жерде түсініктеме берді. Қалған сұрақтар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта іске асыру үшін бақылауға алынды.