Полиция әулеті: әке жолын жалғаған тәртіп сақшысы
Отбасындағы дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының берік тірегі. Әсіресе, бұл тәртіп сақшысы мамандығында ерекше маңызға ие. Себебі қызметке адалдық, ар-намысты биік ұстау, кәсіби міндетке беріктік – бұл саладағы басты құндылықтар. Осындай асыл мұраны жалғап келе жатқан полицейлердің бірі – полиция подполковнигі Дархан Әбдікәрімов. Оның бұл қызметке келуі – әке жолының заңды жалғасы іспетті.
Әке жолы – өнеге
Подполковник Дархан Әбдікәрімовтың әкесі Бахадир Әбдікәрімов ішкі істер органдарындағы қызметін 1984 жылы бастаған. Алғашқы еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің патрульдік полициясында бастаған ол, 1989 жылдан бастап Жамбыл облыстық ІІД-нің криминалдық қызметінде абыроймен еңбек етті. Кәсіби біліктілігімен қатар, өзінің табандылығы, адалдығы, шынайы отансүйгіштігімен де дараланған. Ол ІІО ардагері ретінде Жамбыл облысы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы қызметінен 2010 жылы подполковник шенінде құрметті демалысқа шықты.
Балалық арман – саналы таңдау
Дархан Әбдікәрімов бала күнінен әкесіне еліктеп өсті. Әсіресе, бала күнінде әкесінің формасына қатты қызыққан екен. Оның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін көріп өскен өзі де кейін бұл мамандықты өз еркімен таңдады. 2010 жылы Заң университетін аяқтап, Тараз қалалық ІІБ тергеу бөлімінде қызмет жолын бастайды. 2013 жылдан 2022 жылға дейін Жамбыл облыстық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында жедел уәкіл болып жұмыс істеді.
Бүгінде оның ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі – 15 жыл. Осы уақыт аралығында полиция подполковнигі ретінде түрлі марапаттар мен алғыс хаттарға ие болған. Десе де, Дархан мырза үшін ең үлкен марапат – ол оның отбасы.
Өсіп-өнген жанұсы - ата-анасының қолдауы ерекше болған. Әсіресе, анасы Гүлжамалдың артқан сенімі мен қамқорлығы әкесі үшін де, өзі үшін қатты сезілетін. Бір өкініштісі, анасы өткен жылы мезгілсіз өмірден өткен. Жалғыз ұлы әрі мақтанышы - Дарханның амандығы мен жетістігін тілеген әкесі қасында.
Отбасы – рухани тірек
Мамандық таңдауда қателеспеген Дархан мырзаның жар таңдауда да жолы болған. Бүгінде оның қарбалас жұмысына түсіністікпен қарап, балалардың тәрбиесімен айналысып отырған жұбайы - Әсия жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жұмыста жетістікке жетуім де осы жандардың арқасы дейді ол.
"Ішкі тыл әрдайым маңызды, әсіресе қауіп-қатерге толы құқық қорғау саласында отбасың үшін алаңдамай жүру үшін өмірлік серігіңнің сенімді, адал болғаны маңызды. Отбасы – әр адамның берік қамалы. Ауыр күндердің артында жақыныңның жан жылуын сезіну – баға жетпес байлық. Сол үшін де мен отбасымның қолдауына әрдайым ризамын", – дейді подполковник.
"Ұлдарыңыз да сіз сияқты әке жолын қуса, қалай қарайсыз"? - деген заңды сауалға:
"Балалардың бірі әкем сияқты полиция қызметкері боламын деп жүр. Бірақ әлі бала ғой. Болашақта таңдауы осы сала түсіп жатса, жоқ деп қолын қақпаймыз. Бірақ іштей онша қаламаймын. Себебі, жұмыс жұмыс өте ауыр, жеке өмірге уақыт жоқ", - деп жауап берді.
Қоғамға қызмет – басты парыз
2022 жылы Дархан отбасымен бірге елордаға қоныс аударды. Бүгінде ол Астана қаласы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасындағы Адам саудасына қарсы күрес бөлімінде аса маңызды істер бойынша жедел уәкіл қызметін атқарып жүр. Қызмет барысында ондаған қылмысты ашып, талай тағдырдың әділеттілікке қол жеткізуіне сеп болған.
– Әкеммен әрдайым мақтанамын. Оның қоғамға пайда әкелетін қызметін көріп өскен соң, мен де сол жолды таңдағым келді. Ата-анама өз жолымды таңдауға мүмкіндік бергені үшін, әрдайым қолдау көрсеткендері үшін алғысым шексіз, – дейді Дархан Әбдікәрімов.
Дархан Әбдікәрімовтың өмірде түйгені - адам қай жерде қызмет етсе де, жұмысты тиянақтап істесе, бәрі бағаланады. Ар алдында да жаны таза болады. Отанға адал қызмет - ол үшін қызметтегі басты құндылық. Қауіпті қызметті таңдай отырып, ол күн сайын адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін еңбек етіп келеді. Бүгінде тәртіп сақшысының басты арманы - елге адал қызмет ету арқылы балаларына да ізгілік пен әділет жолын үйрету. Ол үшін отбасының сенімі - берік тірек, ал әке жолы - мызғымас бағдар.
Дархан сияқты ұландар көбейсе, ел іргесі де, халық сенімі де нығая түсері анық.