Біз 30 жылдан бері Абайдың бейнесін сомдап жүрген кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановпен сұхбаттасқан едік.
– Абай күнінің сіз үшін маңызы қандай?
– Абайды ұлықтау – қазақты ұлықтау деген сөз. Ол – ұлтымыздың бетке ұстары, қазақ руханиятының көшбасшысы. Елбасы да «Абайды таныту арқылы бүкіл әлемге қазақ халқын танытамыз» деген. Адамның түріне, түсіне, дініне қарамай, бәрін бауырым деп сүюге шақыру арқылы ол күллі адамзаттың Абайына айналып отыр. Сондықтан бұл мерекенің мен үшін де, ұлт үшін де тұғыры биік.
– «Абай жұмбағы, оның философиясы – әлі толық ашылмаған біртұтас әлем» дейді мамандар. Сізге ақынды қай қырынан таныту қиынға соқты?
– Иә, Абай әлемі – өзінше бір дария. Әрбір деталь маңызды. Тіпті, Абайдың қалай күлетінін жеткізу үшін де алдымен оны түсіне білу керек. Алғашқы жылдары қиынға соққаны рас. Даусымды дұрыс қоя алмай, өзімді-өзім таба алмаған, рөлге толық ене алмай қиналған кездерім болды. Жылдар бойы осы рөлдің айналасында жүргендіктен, былтыр телехикаяға түскенде мен қай жерде қандай көңіл-күй, қандай мимика, қандай қозғалыс қажет екенін сөзсіз-ақ сезініп, іштей біліп отырдым. Жалпы, Абайдың жан-дүниесін көрерменге толық жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, өлім аузында жатқан ет бауыры – баласымен қоштасуы, Оспаннан кейін Әбіштен айырылуы сияқты кадрларды ойнау ауыр болды. Мен рөлді қаншалықты шебер сомдасам да, әркімнің ойында өз Абайы бар. Әркім Абайды өзінше, өз қырынан көреді.
– Әр рөл актерді өзінше тәрбиелейді десек, хакім Абайдың рөлі сізге не берді? Абайдың тұңғиығына бойлау қаншалықты әсер етті?
– Абай әлемі тіпті, менің өмірлік ұстанымымды, көзқарасымды, позициямды өзгертті десем болады. 30 жасыма дейін мен «Еңкейгенге еңкей, шалқайғанға шалқай» деп, басынан сөз асырмайтын адам болдым. Ал Абайды танығаннан кейін еңкейгенге де, шалқайғанға да еңкеюді, кішіпейіл болуды үйрендім. Ақынның өзі «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» деп, өлеңдерінде, қара сөздерінде жүрек мәселесін көп қозғаған. Мәселен, кешірімшіл болу, жүректің тазалығы, нәпсімен жұмыс істеу, ақыл мен жүректі тең ұстау мені рухани кемелдікке жетеледі. Қазір жасым 60-тан асты. Абайдың 45 қара сөзін жатқа білемін. Ал оның мағынасын түсініп, теңіздің түбіндегі маржанға сүңгігендей болған сайын өмірлік те, актерлік те тәжірибем өсе бермек. Жалпы, Абай образын сомдау мені сабырлыққа, жан тазалығына үйретті. Адамға актер болу үшін де жүрек тазалығы керек. Әзірбайжан Мәмбетовтің «Жүрегінде қатыгездігі бар адамның сахнаға шығуға хақысы жоқ» деген сөзінің жаны бар. Актердің жүрегі неғұрлым жұмсақ, пейілі таза болса, сахнадағы әр сөзін жүрегінен өткізіп, көрерменге жеткізе алады.
– Бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпағына қандай Абайды көбірек таныту керек деп ойлайсыз?
– Абай ешқашан ескірмейді. Оның мұрасы ешқашан маңыздылығын жоғалтпақ емес. Ал қазіргі жастарға күрескер Абайды көбірек таныту керек деп ойлаймын. Тәуелсіз елдің жастары қайратты, жігерлі, бәсекеге қабілетті болуға міндетті. Бірақ біреуді жеңген, біреуден озған адам мықты емес. Өзін жеңе білген, нәпсісін тізгіндей білген адамның озатынын әрқашан есте ұстаған жөн. Жастар, әлбетте, білімді болуы керек. Ал ақыл мен ғылымның сауыты – мінез дегенге құлақ ассақ, ұлтыңды сүю, еліңді сүю, сол жолда қызмет ету түптеп келгенде мінезге байланысты. Абайдың: «ортаңа біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деп отырғаны – осы.
Сұхбаттасқан Айым НҰРМАН.