Әлем поляризация үдерісін бастан кешіп отыр. Көп жағдайда біз әлемнің саяси поляризациясына (саяси үйектену) көбірек көз жүгіртеміз. Ал турасында бұл үрдіс құндылықтар арасындағы бөліністен келіп шыққандай. «Бұның соңы немен аяқталады?» деген сұрақ «Болашақ әлемнің бет-бейнесі қандай болады?» дегенмен бірдей. Олай дейтініміз, ұзақ уақыттан бері орныққан құндылықтар арасында үлкен талас-тартыс ашыққа шықты. Нақтырақ айтқанда, либерал демократия құндылығына қатысты күмәндар мен сұрақтар қайта көтерілді. Бұны либерал демократия діни, дәстүрлі және нәсілдік құндылықтарға қатысты қатаң сынақтарға тап болды десек, түсінікті болар.
АДАМЗАТ ДЕМОКРАТИЯНЫ ҚАЙТА ТАРАЗЫЛАП ЖАТЫР...
Өткен ғасырда әлем социалистік және капиталистік екі лагерьдің бәсекесін өткерген болса, бүгін демократия мен авторитарлы әлем арасындағы тартыстың сахнасын көріп тұрмыз. Кейбір сарапшылар бұны жоққа шығарғысы келеді, алайда болып жатқан барлық геосаяси тартыстың түбі осы мәселеге саяды. Жасырары жоқ, формасы ұқсамағанымен бұл құндылықтар шайқасы біздің қоғамда да болып жатыр. Біз әлемнен оқшау қоғам еме спіз, әрі ауқымды үрдістің ішіндеміз. Оның үстіне, Қазақстан өзінің даму тарихындағы жаңа бір кезеңге аяқ басып, жаңа бағдарын айқындап жатқан мемлекет. Сондықтан әлемдегі күрделі процеске көз салып, шартараптың шарпысқан ой-ұстанымдарын шамамызша саралап отыруға міндеттіміз.
Бәрімізге белгілі, Кеңес Одағының ыдырауы Батыс әлемінде, кей жағдайда посткеңестік елдерде де либералдық демократияның авторит арлы коммунизмді жеңуі есебінде бағаланған. Содан бергі дәуірде либерал-демократия басым көп адамдардың сапалы өмір сүруінің өлшемі ретінде қаралды. Дамудың ең негізгі қозғаушы күші – жеке адамдардың құқығы мен бостандығына басымдық беру. Либерализм мен демократияның міне осы құндылығы Батыс әлемінің, оған ұқсас Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдердің дамудағы моторы деп танылды.
Олай болса, алып авторитарлық жүйенің құлауы, либерал-демократияның шартсыз жеңісі бола алды ма? 30 жылдан астам уақыт өткенде әлем осы сұраққа қайта айналып келгендей. Шын мәнінде олай болмағанын қазіргі жағдай растай түсті. Мүлде қарама-қайшы құндылықты ұстанушы және оны дәріптеуші алып режим жоқ, сонда да либерал-демократия әлемге толық орнығып кете алмады. Тіпті, қазір оның алдынан діни немесе дәстүрлі құндылықтар қатаң сынақ ретінде пайда болды. Жақында гректің Афины қаласында өткен «Демократия форумында» сарапшылар «демократия әлі жеңіске жетпегенін» мойындады. Форумдағы көптеген саясаттанушылардың, экономистердің және әлеметтанушылардың пікірлерін ортақтастырсақ, әлем қазір жаңа әрі ортақ құндылықты іздеудің бастапқы кезеңінде тұр. Бұл сөз болашақ құндылық енді демократия болмайды деген сөз емес. Керісінше, ол жаңа қарсыластарымен тағы бір майдандасып жатыр дегенді білдіреді.
ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ОЙ АҒЫНДАРЫ
Қарама-қайшылық неде? Бір сөзбен айтқанда, бір қауым жұрт либерал-демократия адамзат ортақ құндылығына саяды әрі бұл дамуды қамтамасыз етеді десе, бір тарап онымен келіспейді. Авторитарлы әлем ұжымдық сана және қатаң бақылау режимі арқылы да кедейлікті жойып, бейбіт қоғам орнатуға, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге, барлық азаматтарды игілікке жеткізуге болады деп санайды. Ал олардың жеке құқығы, бостандығы әлеуметтік ортақ игіліктің ішінде жатыр деп көрсетеді.
Мұндай ұстанымның басында тұрған елдің бірі – шығыс көршіміз. Қазір бұл ел халықаралық ережені қайта құруды батыл алға тартуда. Бұл шепте оның жақтастары да жоқ емес. Қытай өзінің шығысындағы Оңтүстік Корея мен Жапонияны «Азиядағы батыстанған ел» деп санайтыны байқалады. Қытайлық көзқараста Жапония мен Корея керісінше Қытаймен жақындасып, үш елге ортақ шығыстық құндылықты дамыту арқылы әлемге оң әсер етуі тиіс деп санайды.
Болашақ әлем экономикасына локомотив болғалы тұрған Оңтүстік Шығыс Азия елдері де жалпыадамзаттық құндылықтардан гөрі өңірлік құндылықтарды алға шығарғысы келеді. Бір кездері Сингапурды әлемдік дамудың ұшпағына жеткізген Ли Куан Ю жеке құндылықтардан гөрі отбасылық, әлеуметтік құндылықтарға көбірек мән беретін шығыстық немесе конфуцийлік құндылық негіз етілуі керек дегенді де ұсынған. Тура осындай болмаса да бұған жақын ұстаным Филиппин, Малайзия, Үндістан сынды елдерде де кездеседі. Олардың саяси ұстанымдарында Батыста ортақ саналатын әмбебап құндылықтан гөрі өзіне тән шығыстық құндылықтарға басымдық беріледі.
Орта Шығыста Иран, Сауд Арабиясы немесе жалпы ислам әлемі адамның жеке құндылығына басымдық беруге бейім емес. Бұған Африкадағы, Латын Америкасындағы және қазір Батыспен ашық қарсылыққа келген солтүстік көршіміз сынды елдерді қосыңыз. Міне, осы тарап пен батыстық демократия арасындағы ұстаным қайшылығы қазіргі мәдени жарылысты көрсетеді. Ал саяси поляризация қайдан шықты десеңіз, өңірлік құндылықтарды дәріптеуші Қытай, Ресей сынды ірі елдер бастамашылық еткен БРИКС сынды ұйымдар арқылы өсіп шығуда. Соңғы басқосуында БРИКС Қытай, Ресей, Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африкаға қоса Орта Шығыстан, Африкадан және Латын Америкасынан жаңа мүшелерді өзіне тартты. Бұл ұйым алдағы уақытта жер халқының жартысынан көбін қамтыған, жаһандық экономиканың ауқымды бөлігін ұстайтын ұйымға айналады. Дегенмен, ішкі жағында да ортақ құндылығы жоқ. Айталық, бірі авторитария, бірі монархия, бірі теократия дегендей түрлі жүйелерге бөлінген.
ДАҒДАРЫС ШЫҒАР ЖОЛДЫ ӨЗІ ҰСЫНАДЫ
Әлемнің бұл бет-бейнесі Екінші жаһан соғысынан кейінгі ең ауыр дағдарысты елестетеді. Ең қиыны, халықаралық қауымдастыққа қатер төніп тұр. АҚШ гегемониясы қатаң сынға қалды, әрі ол белгілеген ережелерді қиратқысы келетін жаңа күштер пайда болды. Барлық тарап қолынан келгенше халықаралық қауымдастықты дәрменсіз деп сынайды. Бірақ халықаралық қауымдастықтың болуының өзі қазіргі бейбітшіліктің маңызды кепілі. БҰҰ-ның алғашқы бас хатшыларының бірі Даг Хаммершельдің мынадай тамаша пікірі бар: «БҰҰ адамзатты ұжымаққа бастау үшін құрылмаған, ол адамзатты тозақтан құтқару үшін құрылған». Сол айтқандай, халықаралық қауымдастық қазіргі жағдайды шешіп, ірі державаларды бір сөзге келтірмесе де, жаһандық қақтығыстың алдын алу рөлін атқарып тұр.
Осындайда Уинстон Черчилльдің сөзі еске түседі: «Демократия – нашар басқару формасы, бірақ одан жақсысы ойлап табылмады» деген еді ағылшын премьері. Адамзат тарихындағы барлық дағдарыстардың салдарынан қарағанда қазіргі аса күрделі шиеленіс шешуін өзі ұсынатындай. Екі реткі дүниежүзілік соғыстан кейін адамзат ортақ бейбітшілік құру жолында құлшынғаны секілді, қазіргі қайшылық әлемді жаңа әрі даңғыл жол табуға мәжбүрлеуі мүмкін. Бұл әрине, позитивті тұрғыдан айтылған болжам. Біз үшін жалпы үрдісті қалт жібермей қадағалаудың маңызы осыдан көрінеді.
«Аlmaty-akshamy» №119,7 қазан, 2023 жыл