ffin.kz

Біздің Томирис

Біздің Томирис ria.ru

Алматының «Томирис» әйелдер командасы «Almaty aqshamy» мен «Вечерний Алматы» басылымдарының амбассадоры атанды



Алматының «Томирис» әйелдер командасының кәсіби баскетболшы қыздары жақын күндері Сербияға аттанып, халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайды.


Баскетбол - әлемдегі ең танымал командалық спорт түрлерінің бірі екені сөзсіз. Дүниежүзінің кіл мықтылары жиналған NBA жарысының финалын өткен жылы 12 миллионнан астам адам тамашалаған.


Бұл көрсеткіш қалың көпшілік арасында баскетболға деген қызығушылықтың жоғары деңгейін байқатады. Елімізде де сары-қызыл допқа қызыққандар аз емес. Ер-жігіттер арасындағы кәсіби және әуесқой командалар көп жылдардан бері ішкі біріншілік пен халықаралық жарыстарда бақ сынап жүр. Ендігі кезекте қыздар арасындағы кәсіби баскетболды дамыту үшін Қазақстанның әр өңірінде арнайы әйелдерге арналған командалар ашылып жатыр.


Атап айтқанда, өткен жылы Алматы қаласында қалалық Спорт басқармасының бастамасымен баскетбол бойынша «Томирис» әйелдердің кәсіби командасы құрылды. Бір жыл ішінде әйгілі Томирис патшайымның атын алған баскетболшы қыздар беделді жеңістерге жеткен. Оның ішінде өткен айдың 13-ші жұлдызында Астана қаласында өткен іріктеу турниріндегі жеңісті ерекше атап өтуге болады. Ішкі іріктеуде үздік болған алматылық қыздар жақын күндері Сербияға аттанып, халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғайды.



- Бұрын «Отырар» баскетбол командасына қарайтын «Томирис» баскетбол командасы болған. Алайда бұл жоба ұзаққа бармай жабылып қалды. Араға 20 жыл салып 2022 жылы Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен «Томирис» командасы қайта жанданды. Осы уақыт аралығында қаламызда әйелдер баскетболы мүлдем болмады деуге болмайды. Тек қазіргі таңда спорт әуесқойдан кәсіби кейіпке ауысты. Біз команда құрылған сәттен бастап, баскетболды дамытудың 2 бағытын таңдадық: классикалық баскетбол – 5х5 және 3х3 форматы. Қазіргі таңда команда басшылығы жас спортшыларды қолдауға аса мән береді. Баскетболшы қыздарымыздың орта жасы 16-19 жас деуге болады. Дегенмен қатарымызда тәжірибелі спортшылар да жоқ емес. Осы маусымға командамызға сырттан 2 легионер қосылды. Сондай-ақ, халықаралық жарыстардан тәжірибесі бар баскетболшымыз – Елизабета Митинаны сапымызда сақтап қалдық, – деді «Томирис» кәсіби баскетбол клубының директоры Балауса Алпысбаева.



Классикалық баскетболдан 2022/2023 маусымының нәтижесі бойынша алматылық қыздар плей-офф кезеңіне дейін жеткен. Одан бөлек команда жетістіктерінің қатарында 18 жастан асқан баскетболшылар арасындағы 3х3 жарыстан ҚР Кубогының қола жүлдесі, 18 жасқа дейінгі 3х3 жарыстан ҚР Кубогының күміс жүлдесі және 3х3 форматы бойынша ҚР біріншілігінің чемпиондығы, сонымен қатар ішкі іріктеу турнирінің жеңісі бар. Клуб директорының айтуынша, алматылық команда 3х3 баскетбол жарысында республика бойынша көш бастап тұр.



- Көптеген жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан баскетбол клубтарда қалыптасқан жүйе бар. Олар дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарымен тығыз байланыс орнатқан. Спорт мектептерінің баскетбол бөліміндегі ер балалар ары қарай қайда, қалай баратынын нақты біледі. Бірақ біраз уақыт бойы баскетболшы қыздарда мұндай мүмкіндік болмады. Сондықтан біз қыздар үшін нақты құрылым қалыптастыруға тырысып жатырмыз. Бүгінгі күні командамызды күшейту үшін өзге қалалардың және шетелдің баскетболшыларына назар аударып отырғанымыз жасырын емес. Мысалы, тамыз айындағы іріктеу турниріне біз Тамила Жақыпованы «Иртыш» клубынан арнайы шақыртумен алдырдық. Тамила өзге қыздарымызбен бірге Сербияда Қазақстан намысын қорғап, жарыс аяқталған соң, өз клубына қайтып оралады. Сондай-ақ, осы маусымға команданың бас бапкері ретінде литвалық жаттықтырушы тағайындалды. Болашақта «Томирис» командасының атынан толықтай Алматыда тәрбиеленген қыздар өнер көрсетеді деп үміттенеміз. Және де команда құрамында бақ сынап, спорттық мансабын аяқтаған баскетболшы қыздарды бапкерлікке шақыру да жоспарда бар, – дейді Балауса Алпысбаева.



Қазіргі сәтте «Томирис» командасы тек Алматы қаласының емес, барша Қазақстан намысын қорғап, Сербияда өтетін халықаралық жарыстан жеңіспен оралуды мақсат етіп отыр. Команда сапында Алтыншаш Зинабдин, Аделя Мустафина, Елизабета Митина және Тамила Жақыпова өнер көрсетеді. Айта кеткен жөн, аталмыш халықаралық жарыстан бастап алматылық баскетболшы қыздар «Alatau Aqparat» ЖШС-ның атын шығарып, «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» басылымдарына амбассадор болады. Осы орайда, «Томирис» баскетболшылары қонақжай «Alatau Aqparat» шаңырағына келіп, Бас директор Ержан Қалымбайұлының қабылдауында болды. Кездесу барысында баскетболшы қыздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде Ержан Қалымбайұлы «Томирис» командасына алдағы жарыстарда жеңіс тіледі. «Алматы ақшамы» редакциясы да баскетболшы қыздардың Еуропаның төрінде, барша әлемнің алдында көк туымызды желбіретіп, ірі жеңістерге жетулеріне тілектес.





 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51