Әр бала өзінше ерекше, бірақ кейбір балалар қатарластарынан озық шығып, мектеп бағдарламасын ерте меңгеріп алады. Егер балаңыз вундеркинд болса, оны келесі сыныпқа ауыстырудың заңды жолдары бар. Аqshamnews.kz бұл мәселені тереңірек зерттеп, маңызды мәліметтерді ұсынады.
Қазақстанда кімдер келесі сыныпқа көше алады?
Егер бала қабілетті болса, ол келесі сыныпқа көше алады. Бұл процесс Қазақстанда экстернат нысанында оқу арқылы жүзеге асады. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы №61 бұйрығы негізінде реттелген.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің нормаларына сәйкес экстернат нысанында оқуға 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін рұқсат беріледі.
Экстернатқа кімдер рұқсат ала алады?
Экстернат нысанында оқуға мына жағдайларда рұқсат беріледі:
-
Денсаулығына байланысты: егер бала мектепке тұрақты бара алмаса және дәрігерлік-консультатив комиссияның қорытындысы болса;
-
Шетелде уақытша тұру: ата-аналарымен бірге шетелде жүрген жағдайда;
-
Үздік оқушылар: барлық пәннен үздік оқып, "4" және "5" бағаларын алған жағдайда.
Бір жылда екі сыныптың бағдарламасы қалай оқытылады?
Оқушы бірден сынып аттап кетпейді, ол бір оқу жылында екі сыныптың бағдарламасын меңгереді.
"Қағидалардың талаптарына сәйкес, білім алушы бір оқу жылында екі сыныптың оқу бағдарламаларын меңгереді. Ағымдық, қорытынды аттестаттау нысаны мен мерзімдерін білім беру ұйымының басшысы дербес белгілейді", – деді министрлік өкілдері.
Оқушының ата-анасы Egov арқылы өтініш бергеннен кейін ол мектептің базасына түседі. Содан кейін комиссия құрылады. Мысалы, 5-сыныпты оқып жүріп, 6-сыныпты аттап, бірден 7-сыныпқа көшкісі келсе, ол 5-сыныптың да, 6-сыныптың да бағдарламаларын толық меңгеруге тиіс. Баланың күнделікті сабағына қатысуы жалғасады, ал келесі сыныптың тапсырмаларына үйден дайындалады. Оған арнайы мұғалім бөлінбейді, бірақ кейде сабақ үстінде келесі сыныптың есептері берілуі мүмкін. Кейін комиссия БЖБ, ТЖБ нәтижелерін тексеріп, қорытынды тестілеу жүргізеді. Егер бала барлық талапты орындаса, сынып аттап кетуге мүмкіндік алады.
Қандай құжаттар керек?
Экстернатқа өтініш беру үшін ата-ана Egov порталы арқылы электрон түрде жүгінеді. Негізгі құжаттар тізімі:
-
Электрон өтініш (ЦЭҚ арқылы);
-
Денсаулығына байланысты болса – дәрігер қорытындысы (026/е нысаны);
-
Үлгерім табелі ("4" және "5" бағалары болуы шарт);
-
Шетелде уақытша тұруын растайтын анықтама;
-
Шетелде оқитындығын растайтын құжат (егер ата-анасыз тұрып жатса).
Қанша бала экстернатта оқып жүр?
Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан бойынша бар-жоғы 46 оқушы экстернат нысанында білім алған. Бұл жүйе – ерекше қабілетті балаларға өз мүмкіндіктерін толық ашуға мүмкіндік беретін сирек жолдардың бірі.
Бір оқу жылында екі сыныпты аттап кету ресми тұрғыда мүмкін, бірақ ол үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Бала күнделікті оқуын жалғастырып қана қоймай, қосымша келесі сыныптың тапсырмаларын да игеруге тиіс. Сондықтан мұндай шешімді ата-ана, мұғалім және психолог бірлесіп қабылдағаны жөн.