Алматы қалалық балаларды оңалту орталығында жүрек тебірентерлік ерекше сәт өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кішкентай ғана Тамирис пен Руфинаның тұсауы кесілді. Рәсімді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов өткізіп, қыздардың тұсауын кесіп, алдағы өміріне ізгі тілек арнады.
«Бүгінгі күн осындай сауығу оқиғаларының көбейе түсуінің маңызын еске салатын ерекше күн. Балаларымыз қайтадан қаз тұрып, толыққанды өмірге оралсын. Ал дәрігерлер олардың өмірі үшін әрдайым аянбай еңбек ете берсін», — деді Марат Пашимов.
Тамиристің тағдыры — үміт пен ғажайыптың, медицинаның құдіретінің жарқын көрінісі.
Екі жыл бұрын небәрі бес жастағы қыз төртінші қабаттан құлап, ауыр бас-ми жарақатын алған еді. Оның жағдайы аса ауыр болды: жүрегі екі мәрте тоқтап, клиникалық өлім шегіне дейін жеткен.
Баланың өмірі үшін №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігерлері жан аямай күресті. Бірнеше күрделі ота жасалып, ақ халатты абзал жандар оның өмірін сақтап қалды.
Осыдан кейін ұзақ әрі күрделі оңалту кезеңі басталды. Тамирис қайтадан қимылдауды үйренді: әуелі қолы қимылдай бастады, кейін аяқтарына жан бітті, уақыт өте өздігінен отыра алатын деңгейге жетті. Екі жыл ішінде ол жеті кезеңнен тұратын оңалтудан өтті. Бүгінде сол еңбектің жемісі — Тамирис өзі жүре бастады.
Қыздың әжесінің алғысы көптің көңілін босатты. Көз жасын тыя алмаған ол дәрігерлерге немересінің өмірін сақтап қалғаны үшін шексіз ризашылық білдіріп, олардың еңбегі отбасы үшін үміт пен тірекке айналғанын жеткізді.
Руфинаның өмір жолы да ерекше жігер мен төзімділіктің үлгісі. 2022 жылы дүниеге келген ол балалар церебралды сал ауруының ауыр түрімен күресіп келеді. Орталыққа ол өте ауыр жағдайда түсті: өздігінен тұра алмайтын, жүре алмайтын, тек арбамен қозғалатын еді.
Оның сауығу жолындағы маңызды кезеңдердің бірі 2025 жылдың қарашасында Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жасалған ота болды. Ахилл сіңірлеріне Z-тәрізді ұзарту әдісі қолданылды. Отадан кейін Руфина оңалту курсынан өтіп, бүгінде өздігінен жүре бастады.
Бұл тұсаукесер екі бүлдіршін үшін жаңа өмірдің бастауы ғана емес, олардың қайсарлығы мен төзімінің, дәрігерлер мен отбасының бірлескен ортақ жеңісінің белгісі.
Қалалық балаларды оңалту орталығының қызметі нәтижесінде бүгінге дейін 53 бала қайтадан аяққа тұрған. 2011 жылдан бері мұнда 17 320-дан астам балаға көмек көрсетіліп, олардың ішінде 7 715-тен астамы — мүмкіндігі шектеулі балалар.
Бұл орталық тек емдеу орны ғана емес, балалардың үміті қайта жанып, өмірге деген сенімі оянатын, жаңа өмірге қайтадан алғашқы қадам жасалатын орын.