ffin.kz

Бидай карантині: Қазақстанның астық әлеуетіне қауіп төндіре ме?

Бидай карантині: Қазақстанның астық әлеуетіне қауіп төндіре ме? Сурет ЖИ көмегімен салынды

Роспотребнадзор Қазақстанда өндірілген астықта карантиндік зиянкестер анықталды деген себеппен Ресейге астық тасымалдауға тыйым салғанымен, бұл айыптауларды растайтын құжаттарды ұсынған жоқ. Биыл Қазақстан 25 миллион тоннаға дейін бидай жинап, рекордтық өнім алуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта 15,9 миллион гектар (яғни 95,4 пайыз) алқап жиналып, 24,2 миллион тонна бидай бастырылды. Сарапшылар Taspanews.kz редакциясына ең көп өнім қай өңірде жиналғанын, елдің ішкі жалпы өніміндегі астықтың үлесі қандай екенін және Роспотребнадзордың ұстанымы жайлы егжей-тегжейлі баяндады.

Егін туралы мәлімет

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылғы бидай өндірісі бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркелген аймақтар:

  1. Ақмола облысы – 4,7 млн га алқаптан 5,9 млн тонна бидай жиналды;
  2. Солтүстік Қазақстан облысы – 3,3 млн га алқаптан 5,6 млн тонна бидай жиналды;
  3. Қостанай облысы – 4,3 млн га алқаптан 5,3 млн тонна бидай жиналды.

Ең аз өнім Шымкентте тіркелді – 14,2 мың тонна.

Қазақстан Егіншілер одағы кеңесінің төрағасы Виктор Аслановтың айтуынша, елдегі аймақтар климаттық және су ресурстарының ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі өнім береді: «Күн жылырақ болса, өнім де көбірек шығады».

«Оңтүстік өңірлер соя секілді дақылдар үшін қолайлы, себебі бұл дақылдардың биологиялық ерекшеліктері оңтүстіктің климатына сай келеді. Ал оларды солтүстікке егудің нәтижесі төмен болады. Құрғақшылыққа төзімді дақылдар да оңтүстікте жақсы өседі», – деді ол.

Маманның пікірінше, жаңа сорттардың пайда болуына байланысты оңтүстіктегі кейбір дәнді дақылдар Қостанай облысының батысы мен оңтүстігіне көшірілген, ал солтүстік аймақтар – астық егудің негізгі алқабы болып отыр (Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола және Қостанай облыстары).

«Бұл аймақтарда бидай өте жақсы өседі. Солтүстікте өсірілген бидай нан және нан өнімдерін өндіруге қажетті жоғары сапалы өнім береді», – деді егінші.

Ақмола облысы бидай егу алқаптарының көлемі бойынша көш бастап тұр. Ақмола егіншілері басқа да дақылдарды өсіріп көргенімен, бидай ең өнімді болып шықты.

«Шаңырақ» ұлттық агро-қозғалысы РҚБ басшысы Алмасбек Садырбай Қазақстанның аймақтары бойынша ауыл шаруашылығының әртүрлілігіне тоқталып өтті.

«Біздің солтүстік өңіріміз дәнді дақылдарды өсіруге қолайлы болса, оңтүстік өңірлерде басқа да ауыл шаруашылық өнімдері өсіріледі», – деді Садырбай.

Агро-қозғалыс басшысы оңтүстік аймақтардағы суармалы жерлердің 10 пайызы елдегі барлық ауыл шаруашылық өнімдерінің 65 пайызын өндіретінін атап өтті.

«Бүгінде астық біздің негізгі табыс көзіміз емес», – деп түсіндірді Алмасбек Садырбай.

«Шаңырақ» басшысы еліміздің ішкі жалпы өніміндегі дәнді дақылдардың үлесін есептеуді ұсынды.

«Бүгінде астық шамамен 300 миллион доллар сомасына экспортталады. Мысалы, өткен жылы ЖІӨ шамамен 259 миллиард долларды құраса, оның 23 миллиард доллары ауыл шаруашылық өнімдері есебінен болды. Осыған кіретін 200–300 миллион доллар – астық өнімдеріне тиесілі», – деді Садырбай.

Сарапшының пікірінше, Ауыл шаруашылығы министрлігі астықтан бөлек басқа салаларға, сондай-ақ Солтүстік Қазақстаннан басқа аймақтарға да назар аударуы керек.

Астықтағы зиянкестер туралы

Жақында Ресей Қазақстаннан астық қабылдауды тоқтататынын мәлімдеді. 21 тамызда Қазақстан ЕАЭО елдерінен бидай алуға тыйым салды. Кейіннен Роспотребнадзор қазақстандық астық өнімдері фитосанитариялық бақылау стандарттарына сәйкес келмейді деп хабарлап, оның транзиті мен Ресейге тасымалын тоқтатты.

«Ресей өз хатында қазақстандық өнімдерде карантиндік объектілер анықталғанын жазған, бірақ оны растайтын құжаттар келтірілмеді. Комитет оларды 18 қыркүйектегі хатында сұраған», – деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар, мәлімет бойынша, карантинге жатқызылған өнімді экспорттау кезінде өнімнің фитосанитарлық жағдайын растайтын сертификат беріледі. Оны бермес бұрын инспекторлар барлық қажетті шараларды, оның ішінде сынамаларды алуды және қажет болған жағдайда өнімді зертханаға жіберуді жүзеге асырады.

Садырбай дәнді дақылдарда «осал тұс» табылды дегенге сенбейді.

«Роспотребнадзордың жұмысы құрметке лайық. Бұл – Ресейдің өз фермерлеріне қатысты дұрыс құрылған ауыл шаруашылығы саясаты. Олар өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, мұндай сақтық барлық елде жүзеге асуы керек. Менің ойымша, бұл протекционистік саясат», – деп түсіндірді агро-қозғалыс басшысы.

Асланов болса астыққа зиянкестер түсуі мүмкін екенін және кейде мұндай қауіптің алдын алу мүмкін еместігін айтты.

«Астыққа кез келген зиянкестер түсуі мүмкін, себебі ол қапталмаған, тауар үйінді күйінде жеткізіледі. Әр тасымалдау кезеңінде олардың сапасына қауіп төнуі ықтимал. Егер біз астықты қапшыққа салып жіберсек, сенімдірек болар едік, бірақ біз мыңдаған тонна астық жөнелтеміз, сондықтан бұл мүмкін емес», – деп түсіндірді егінші.

Астық және ЕАЭО туралы

Асланов Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанына аз уақыт болғандықтан, ол әлі даму сатысында екенін айтты.

«Егер сіз одақтың ресми сайтына кірсеңіз, көптеген құжаттарды көресіз. Күн сайын ондаған жаңа құжат жарияланады. Қарапайым тілмен айтқанда, біз бұл одаққа бейімделудеміз. Біз тәуелсіз мемлекетпіз, бірақ ортақ саясат ұстану туралы келісім бар», – деді Асланов.

Қазақстан Егіншілер одағы кеңесінің төрағасы кейде заңнамалардың сәйкес келмеуі мүмкін екенін және дәл осындай жағдайдың қазір болып жатқанын айтты.

«Бізде Еуразиялық одақтың негізгі заңынан туындайтын заңнамалық шарттар бар, яғни біздің тауарлар шекарадан шектеусіз өтуі тиіс. Алайда әр елдің транзиттік ережелерін ескерсек, әртүрлі санитарлық қызметтер іске қосылады. Әр ел өз азаматтарының денсаулығына алаңдайды», – деді Асланов.

Егіншінің айтуынша, жақында өткен ортақ жиналыста Ресей транзиттік өнімдерге қатысты шағымданған.

«А нүктесінен В нүктесіне дейін адам үш елді аралап, науқастанып қалса, оның қай елде ауырғанын қалай анықтауға болады?» – деді Асланов мысал келтіріп.

Мысалы, Қырғызстаннан келетін тауарлар Ресейге Қазақстан арқылы өтуі мүмкін.

«Қазір біз эволюциялық процестің бір сатысында тұрмыз – заңнамаларымызды өзара үйлестіру үстіндеміз», – деп түйіндеді Виктор Асланов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32