Елімізде 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Кезектен тыс Президент сайлауы қалай өтеді? Биылғы сайлаудың ерекшелігі неде? Жылдың басты саяси науқанына қатысты өзекті сұрақтарға «Әділ сайлау үшін» қозғалысы Алматы қалалық штабының басшысы Бауыржан Есенгелдіұлы жауап берді.
– Президенттік сайлауға кімдер қатыса алады?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабына сәйкес, президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. Бұл ретте қоғамдық бірлестік Президенттікке бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Кандидат өзін ұсынған РҚБ-де мүше болмауға құқылы. Қазақстан Президенті лауазымына кандидаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 33-бабында, 4 және 54-баптарында айқындалған мынадай талаптарды қанағаттандыруға тиіс: әрекетке қабілетті болуы, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталмауы; туған жері бойынша Қазақстан азаматы болуы; 40 жастан кіші емес; мемлекеттік тілді еркін меңгеруі; Қазақстанда соңғы 15 жыл тұруы; жоғары білімі болуы тиіс; өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болмауы тиіс; сыбайлас жемқорлық қылмыстар және құқық бұзушылықтар бойынша сотталған болмауы; мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы керек.
– Кім Қазақстан Республикасының Президенті бола алады?
– Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 65-бабының 2-тармағына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астам дауысын алған; қайта дауыс беру кезінде басқа кандидатпен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының көп санын алған адам қатыса алмайды.
– Азаматтар қалай бақылаушы бола алады?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 20-1-бабына сәйкес, бақылаушы болу үшін 18 жастан асқан Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының саяси партияларынан, өзге де қоғамдық бірлестіктерінен, коммерциялық емес ұйымдарынан бақылаушының тегі, аты, әкесінің аты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылған өкілеттігі болуы тиіс. Бұл құжат бақылаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және бақылаушы жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға бақылаушыны тіркеу үшін ол туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы ұсынылады.
– Алдағы кезектен тыс президенттік сайлаудың бақылаушысы болу үшін аккредитациядан өту керек пе?
– Қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардан бақылаушыларды міндетті түрде аккредиттеуге қатысты заңнамаға түзетулер қазір Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Заң жобасында міндетті аккредиттеуге қатысты нормалар ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі деп көзделген.
– Келесі Президент қанша жылға сайланады?
– 17 қыркүйекте Мемлекет басшысы Президенттіктің мерзімдері мен түзетулер енгізілген «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Конституцияның 41-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес Республиканың кәмелетке толған азаматтары жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 7 жыл мерзімге сайлайды. Демек, 20 қарашадағы жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы бойынша жеңіске жеткен кандидат Қазақстанның келесі президенті болып 7 жыл мерзімге сайланады.
– Сайлау алдындағы үгіт қашан басталады және ол қандай мерзімде өткізіледі?
– 22 қыркүйекте Президенттің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны кезеңдерінің ұзақтығын таныстырды. Орталық сайлау комиссиясының а.ж. 22 қыркүйекте № 65/538 қаулысымен бекітілген кестеге сәйкес, сайлау алдындағы үгіт 2022 жылғы 21 қазанда сағат 18.00-де басталып, 2022 жылғы 19 қарашада сағат 00.00-ге дейін 28 күнге созылады. Айта кететін жәйт, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Үнсіздік күні – 19 қараша. Сайлау туралы заңның 32-бабының 1-тармағына сәйкес сайлау күні және оның қарсаңындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.
– Президент сайлауының қорытындысы қашан шығарылады?
– Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде сайлаудан кейін 7 күн мерзімнен кешіктірмей Президент сайлауының қорытындыларын белгілейді және тиісті қаулы қабылдайды.
– Кезектен тыс сайлаудың қорытындысы бойынша сайланған Президенттің өкілеттік мерзімі қай сәттен бастап есептеледі?
– Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжанат СЕМБАЕВА.