ffin.kz

БАТЫР ҚАЗАҚ

БАТЫР ҚАЗАҚ arasha.kz

Ғарыш туралы сөз айтылғанда, ең алдымен, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкердің есімі ойға оралады. Тұтас түркі жұртының тұғырлы тұлғасына айналған Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда ғарыш кеңістігін бағындырды. Бұл – Қазақстанның ғарышқа тұңғыш сапары.


Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, 1-ші Май ауылында дүниеге келген. 1962–1965 жылдары Теміртау құйма механикалық зауытында токарь болады. 1965 жылы Қарағанды облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен Ресейдің Краснодар өлкесі Армавир қаласындағы ұшқыштар даярлайтын жоғары әскери училищесіне оқуға түседі. 1976 жылы А.И.Микоян атындағы авиаконструкторлар бюросына қызметке қабылданады. Кейін Мәскеу авиация институтын бітірген (1979 ж.). Т.Әубәкіров 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай, ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын мінсіз орындады. 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырады. Сондай-ақ, ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынады. 1991 жылы 2 сәуірде Кеңес Одағының Ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі Жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды.



Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Қазақ ғарышкері 1991 жылдың 10 қазанында Жерге оралды.



Тоқтар Әубәкіров Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Ол 1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-ші орынбасары, 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Аэроғарыштық агенттігінің бас директоры, Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды.



Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров 45 жасында ғарышкер атанды. Ал «Кеңес Одағының Батыры» деген жоғары атақты 1988 жылы алды. Ғарышкерге бұл мәртебесі зор қуаныш дыбыстан да шапшаң ұшатын, мүлде жаңадан жасалған, әлі сынақтан жөнді өтпеген, тағдыры беймәлім «МиГ» ұшақтарын сынауды және оларды кеме палубасына қондырып, одан ұшып шығуды қамтамасыз еткені үшін берілген.



Биыл алаштың азаматы үшін тағы бір айтулы оқиға – «Союз ТМ-13» кемесінің ғарышқа ұшырылғанына 30 жыл толды. Оның әуе көкжиегінде болған мерзімі – 7 күн 22 сағат 13 минут. Біз қазақтың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіровті мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, басына амандық, бақытқа толы ұзақ ғұмыр тілейміз!


 


Тоқтар ӘУБӘКІРОВ:


«Табан жалаған…»


«Ешкім ұры-қары, қылмыскер немесе алаяқ болып тумайды. Есейе келе таңдау жасайды. Бәрі осыған байланысты. Бір жолы ел танитын аса ықпалды азаматпен сөзге келіп қалдық. Ол: «Сіз батырсыз. Халық сізді жақсы көреді. Қолыңызда қаншама мүмкіндік бола тұра, соны қолдана білмейсіз. Демек, ақымақсыз. Себебі бас игіңіз келмейді. Ал мен иіле білемін, осы себепті қазір миллионер атанып отырмын», – деді.


Қазір ол шіріген бай. Өте ықпалды. «Мен баймын, демек басқалары менің алдымда құрдай жорғалауы керек, бас июі тиіс» деп санайды. Неге, білесіз бе? Өйткені, бір кездері өзі де сөйткен. Табан жалаған… Өзгелерді кемсіте отыра бір кездегі масқарасының орнын толтырғысы келеді. Ал мен ешқашан ешкімнің алдында бас иген емеспін».



«Намыс болмаса, үйренбес едім»


«...Қазақты аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын тетік – намыс. Егер менде намыс болмаса, өз ана тілімді үйренбес едім.


Құпиямды айтайын: мен тілді қазақи ән-жыр арқылы үйрендім. Кейінгі жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тілін де үйренсін. Бірақ ең бірінші қазақ тілін – өз Ана тіліңді біл. Қазақша үйренгісі келмейтін қазақтарды өздеріне-өзі қарсы адамдар деп санаймын»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04