· Орайы келген әңгіме
Қазақтың біртуар перзенті, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин өзі де, сөзі де дара қалпында өмірден өтті. Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналған тұлғаның артында ұлт руханиятына теңдессіз қазына болып қосылған мол мұра қалды. Одан бөлек, ақыл-ой алыбының күнделікті өмір үрдісі мен ұстанымдарына қатысты естеліктің өзі бүгінде айрықша қымбат, ерекше ыстық. Сол себепті де, біз Мұхтар ағаның өмірлік жары Бақытжамал апаймен тілдесіп, ұлы жазушының ғибратты ғұмырынан сыр тартуға тырыстық.
– Бақытжамал апай, әңгімені әріден бастасақ... 20 жыл бұрын елден кеттіңіздер. Сондай ұйғарымға келу қиын болған жоқ па?
– Ағаң бір-ақ күнде кетті. Оның алдында «Жұлдызда» көп отырды ғой. Сол кезде түрткілеп, түрлі әңгімелер айтып, қудалай бастады. Өзі дайын жүрген. Бірақ біз пенсияға шығуды ұмытып кетіппіз, бір жыл кеш шықты, оны ойламаппыз да. Әсіресе ескі тақырыпты жазғаннан бастап бұл кісіге шүйліккен адамдар көп болды бізде. Бірақ кеткені жақсы болды. Жақсы шығармаларының көбін елден кеткеннен кейін жазды. «Аласапыранды» осы жақта бастады да, сол жақта аяқтады. Ары қарай «Жармақ», «Шыңғысхан», «Алтын Орда», солай жалғасты ғой...
– Әуелі Чехияда, сосын Америкада, кейінгі жылдары Түркияда тұрдыңыздар. Мұхтар ағаға, өзіңізге қай елдегі тұрмыс-тіршілік жайлы болды?
– Чехияда да жақсы тұрдық. Оған дейін жылда барып, бір ай пәтер жалдап жататынбыз. Қонақ үйде жатқымыз келмейді, тамағы ұнамайтын. Содан балалар Карловы Вардан үй алып берді. Қазір кенже ұлымыз тұрады сонда. Ағаңның өмірі жаман болған жоқ, жақсы болды. Жазған-сызғандарын қазір қарап отырсақ, өзі кәдімгідей, алдын ала есептеп қойыпты. «Мен 60-қа келдім. Енді Алла Тағала өмір беріп, 80-нен ассам, біраз нәрсе жасаймын ғой» депті. Сол кезде бәрін жоспарлаған ғой. Ағаң өзі кенеттен кетіп қалды.
– Ауырды ма?
– Аз ғана ауырды. Онда да жатып қалған жоқ. Түрегеп жүрді. Едіге: «Жасым ұлғайып, пенсияға таяған кезде елге жақын жерде тұрамын» деп, Түркиядан үй алып қойған екен. Ағаң бірақ онда бір жыл барған жоқ. «Алтын Орданы» жазбай кетпеймін» деді. Сөйтіп, екеуміз Америкадағы үйімізде қалдық.
– Сырттан үлкен су көрінетін, терезенің алдында жазу үстелі бар, Мұхтар ағаның сонда отырған бір суретін көріп едім. Сол үйде тұрдыңыздар ма?
– Иә. Ол тоған ғой. Үйрек, қаздар жүзіп жүреді. Есіктің алдына еліктер келеді, кейде тобырымен жүреді, қояндар келеді. Оларда бәрі емін-еркін ғой. Ағаң айтатын: «Бізде болса мынаның бәрін қырып салар еді» деп. Тұрған жеріміз сондай болды. Сол үйден кеткісі келмеді. Баласына: «Түркиядан қазір әртіс те, басқа да үй алып, бәрі келіп жатыр. Егер алатын үйің мына үйімнен кем болса бармаймын» деп бір-ақ ауыз сөз айтты. Және «Маған Анталия, Алания сияқты улыған-шулыған жер емес, оңаша, тыныш жер керек» деді. Балалар видеомен де, суреттен де, көп үй көрсетті. Ешқайсысын ұнатпады. Содан Кемер деген жерде, қаланың шетінде жаңа үйлер салынып жатыр екен. Өзі жаңаша үлгіде көрінеді. Едіге: «Көке, міне, сіздің көңіліңізден шығатын, мынандай үй таптық. Бірақ өте қымбат болып тұр», – деп үйді көрсетті. Әкесі: «Балам, жағдайларың келсе алыңдар. Жағдайларың келмесе, ештеңе етпейді, мен осы үйде отыра беремін, осы үйім өзіме ұнайды», – деді.
– Тұрған үйлеріңіз қандай еді?
– Ол 3 қабатты, көлемі – 550 шаршы метрлік үй, 40 сотық жері бар. Және көршілермен біріккен емес, жеке тұрған үй. Ағаңның өзінің кабинеті бар. Алматыдағы үйіміздегі кітаптардың бәрін апарып алғанбыз. Едіге қазір оны «Мұхтар Мағауиннің музей-үйі» ғып жасап жатыр.
– Баратындар болса дейсіз ғой...
– Қазірдің өзінде барып жатыр. «Болашақпен» барған жастар көп. Көбі – Қазақстанның әр қаласындағы жоғары оқу орындарының мұғалімдері. Мен өзім сонда болған кезде 60-70 адам келді.
– Үйдің ауласында бау-бақша бар ма?
– Прагадағы үйімізде болған, жаңғаққа дейін балам өзі еккен. Сол сияқты ғып егіп көрейінші деп, базардан көшеттер алып келіп, отырғызып қойған. Бір күні қарасақ, гүлдеп тұрған ағаштарымыздан түк жоқ. «Бұған не болған? Қатты жел соққан ба?» деп ағаң таң қалып жүр. «Еліктер жеп кетеді деп айттым ғой. Қоршауы болмаған соң солай енді» деп күлді балам. Ал қоршауға болмайды. Ағаң әйтеуір сол үйді қатты ұнатты.
– Сөйтіп, Түркияға бірден бармай, қалып қойдыңыздар ғой?..
– Иә. Ағаң: «Сендер барып орналаса беріңдер. Мен «Алтын Орданы» бітірейін, сосын барармын» деді. Едіге 4 баласынан кейін, өзі 50-ден асып, келін 47-ге келгенде тағы бір балалы болған. Олар сол кішкентай ұлды алып, кете беретін болды. Біз бір жылдан кейін бардық. Ағаң «Алтын Орданы» бітірді. Сол кезде ақырындап ауырып жүрген екен. Өзі ылғи қою шай ішетін және ыстық қып ішетін. Содан ұлтабары сыр берді ме... Қаратып едік, анализдерінің барлығы жақсы болып шықты. Тек «зонд жұту керек» деді. «Зонд жұтпаймын» деді атамыз. Содан тамақты саябырсып ішіп жүрді. Үлкен кісілер өзі де көп тамақ ішпейді ғой. Бірақ Едіге сәл қорқақтап, бірден Америкаға билет алды. Өйткені сол жақта тіркеудеміз, сақтандыру полисіміз бар. «Бір қаратып алайық» дедік. Бірақ ол жаққа кетерде де: «Мен зонд жұтпаймын, балам. Ештеңе жасатпаймын» деді. Келдік, қараттық дәрігерге. Сондай бір ерекше ештеңе жоқ, «онкология нөл» деп көрсетті. Сол ұлтабарда бірдеңе болды ма екен, ары қарай қаралғысы келген жоқ, өзінің құлқы болмады.
Өзі ертеден бекініп жүрген екен. Прагада жүргенде Гетенің музейіне барғанбыз. Сол кезде: «Мына кісі 82-ге келіпті. Толстой да 82-ге келген. Менің 82-ге дейін 25 жыл өмірім бар, қаншама нәрсе жазады екенмін», – деген еді. Өзін соған бұрып қойған ғой, сондай бір қасиеті болды...
– Сол шамада қайтыс болды дейсіз ғой...
– 82-ден асты. Қайтыс болғаннан кейін бірнеше күннен соң 85-ке толды. Дәрігерлер жақсы қарады. «Өте мұқият қарайды екен» деп өзі оларды мақтады, басында «зонд жұтпаймын» дегенмен, зонд та жұтты ақырында. Жазмыш қой енді. Қазір ол кісі туралы көп хабарлар беріп жатыр, өзі де айтып жүретін, «Аласапыранды» оқып отырып та байқаймын, ағаң өзі өмірін өлшеп жүріпті. Ылғи: «80-ге келсем...» деп сөйлеген екен. Шетелге 60 жасында кетті ғой. Содан бастап: «20 жыл өмірім бар, 20 жылда біраз нәрсе жасаймын» деп айтумен болыпты. Айтса-айтқандай, «жасаймын» дегенін жасады ғой. Дегеніне жетті. Ақылды адам ғой. Өзі мойынсұнды. «Ойға алған нәрселерімнің бәрін бітірдім» деді. Тіпті студент кезінде Абайдың текстологиясы туралы бірдеңе жазбақ болған екен, оны да жазды. Елінде Шақантай деген бір кісі болған, соның соғысын жазды. Жаза алмай жүрген 3 нәрсесі болған екен, соның барлығын жазды. Өзі Едігеге айтты: «Балам, мен жазуымның бәрін жаздым, жақсы өмір сүрдім, бәріне ризамын, дәрігерге сүйрей бермеңдер, мені әурелемеңдер» деп. Сол екі ортада мен күйгелектене бастадым. Ағаңның жанында отырып: «тамақ ішші» деп жалынам. Оған ол ренжиді кәдімгідей. Содан бір күні Едіге айтты: «Апа, кіші ұлыңмен келісіп қойдым. Сен Прагаға барып демалып кел. Көкеме өзіміз қараймыз», – деді. Сөйтіп, мен кетіп қалдым ғой. Қазақша айтқанда, өзі кеткісі келген. Рұқсат сұраған баласынан. Өз баламыздай болып кеткен Ғалым деген бала бар сонда...
– Ғалым Боқаш па?..
– Иә. Бізбен көрші тұрады. Сондай жақсы бала. Едіге сол Ғалым екеуі қарады ағаңа. Рұқсат берген екен, соның ертесіне кешке жақын «дем алғандай болды да, тура көз алдымызда кетіп қалды» дейді. Ғалымның айтқаны бұл, Едіге айтпайды ондай нәрселерді. «Қиналған жоқ, түк еткен жоқ» дейді. Бұл да бір Алланың кеңшілігі шығар...
– Сіз сосын бардыңыз ғой?..
– Мен сол күні көп ұзамай-ақ бардым. Прагадан Мюнхенге машинамен жетіп, одан Вашингтонға 16 сағат ұштық. Біздің үй Вашингтонға жақын, 30-40 минуттық жерде. Келсек, соның алдында ғана кеткен екен... Қайтеміз, Алланың ісі ғой. Ғалым да «осылай-осылай болды, атамызға рұқсат еттік, жөнелттік» деп бәрін айтып, сабырға шақырды. «Жаны қиналған жоқ» дейді. Әруақты адам ғой. Содан кейін өзінің: «Көзім қай жерде жұмылса – сол жерге қойыңдар» деген сөзі бар болатын. Бірақ негізі, менің білетінім, өзі Америкада қалғысы келіп жүретін. Бұрын да айтатын: «Әй, мен осы Кеңсайға да сыймайтын шығармын. Тіршілікте сыймаған, енді өлген кезде де жауласып жүруі мүмкін ғой. Басқа жақта болсам...» деп. Сол сөзі қабыл болды. Мұсылман зираты екен. Мешіттің жанында. Өзіміздің үйден алыс емес, парктің іші. Қазір баласы бейітінің басын қарайтып, жөндетіп жатыр.
– Жөн екен. Зиярат қып баратын адамдар бар ғой.
– Әрине. Түрлі штаттардан келіп жатыр. Қаншама жастар келді. «Атамыз бар» деп, сырттай болса да арқа тұтып жүруші едік» деп, кәдімгідей, ағыл-тегіл жылап келген қыздар көп болды. Қазір де келіп жатқандар көп дейді. Негізі, Америкада қазақтар өте көп.
– Мэрилендтегі үйде қазір кім бар?
– Ол үйде қазір бір немереміз тұрып жатыр. Ол сол жақта жұмыс істейді.
– Едігеден 5 бала бар екенін айтып қалдыңыз. Басқа немерелеріңіз қайда? Үлкенінің жасы нешеде?
– Үлкені 28-де. Ол қазір Лондонда. Сонда тұрады. Оқуын сол жерде бітірген, кеткісі келмейді. Жұмыс істеп жүр. Одан кейінгі немереміз Сан-Францискода, IT маманы. Үлкен корпорацияда қызмет істейді. Алғашқы екеуі – қыз. Үйдегі Бату деген немереміз де – компьютер маманы. Одан кейінгі немереміз өзіміздің Мэрилендте университет бітірген, математика маманы. Қазір Сан-Францискода жұмыс жасайды. Бәрі – Еуропада туған, америкалық мектепте оқыған балалар. Бірақ барлығы қазақша сөйлейді.
– Немерелеріңіздің есімі кім?
– Ай-Шешек, Жаһанбике, Бату, Байдар, ең кішісі – Тоқай-Темір.
– Тарихи есімдер екен... Бәрін атасы өзі қойған сияқты ғой...
– Иә, әрине. Ай-Шешек – «Аласапыранның» басты кейіпкері. Жаһанбике – Қасым ханның анасы. Бату мен Тоқай-Темір – Жошының, Байдар – Шағатайдың ұлы. Барлығы – тарихта болған адамдар. Басқа немерелердің аты да сондай. Мағжанның балалары да біреуі – Бөкей, біреуі – Жебе. Прагадағы ұлымыз Мадиярдан Бөрте, Барақ, Тоқты деген немерелеріміз бар. Бәрінің атын ағаң өзі қойған. Қыздардың балаларына көп кіріспейді. Олар да ат қойып беруді сұрайды кейде. Бірақ оларға: «Әке-шешелерің бар, өздерің қойыңдар», – дейтін.
– Көптен бері сырттасыздар. Өздеріңізге қай елдегі өмір көбірек ұнады?
– Бізге Америкада тұрған ұнады. Сол жердегі қазақтар бір-бірімізге туысқан сияқты болып кеттік. Бұрын аздау едік, қазір тіпті көбейді. Басқа Штаттардан келді. Көбісі – зейнет жасындағы адамдар. Жұма сайын біреуінің туған күні немесе басқа бір жақсылығы болады, кәдімгідей жақсы қарым-қатынастамыз.
– Қонаққа көбіне өзіңіз барған шығарсыз... Аға ондайды ұнатпаған болар...
– Жоға... Ағаң бірінші болып баратын. Қазақстанда қонақ дегенді жек көретін. «Осы қонағы бітпейтін қазақтың. Өзің бара салшы» дейтін кейде. Ана жақта біреу қонаққа шақырса қуанатын. «Балам, қонаққа баратын күніміз қашан еді? Нешеде шығамыз?» деп келіннен сұрап отыратын. Жақсы көретін.
– Ол ортаға да байланысты шығар, иә?
– Әрине, ортаға байланысты. Біздің қазақта той-томалақтың өзі жиналыс болып кетеді ғой. Ана жақта жақсылап тамағымызды ішіп аламыз да әңгімелесеміз, Шәмшінің әндерін айтамыз, демаламыз. Ол жақта ең үлкені біз болдық. Бата сұрайды. Бесікке саламыз. Тұсау кесеміз. Інісіндей болып кеткен бір кісі бар. Сол айтады: «Америкаға келгендегі өмірімнің мәні – ағаммен танысқаным, жақсы араласқаным болды» деп. Кенеттен қайтыс болып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. Олар тойға дайындалып, «Ағамыздың туған күнін өткіземіз» деп жүрген. Оған жете алмай қалды ғой. Қатты уайымдады бәрі.
Ол жақтағы жастар да өте жақсы. Негізі, Америкада IT мамандары жетіспейді. Ретін тауып барғандар бірден жұмыс табады. Мен өзім осы жақтан барған 5-6 жасты білемін. 3-4 айдан кейін үйлерін алды. Жалақылары жақсы. Табысы ипотекаға, тұрмыс-тіршіліктеріне жетіп жатыр. «Елде жүргенде қалай еді?» деп сұрасам: «Апа, біз Қазақстанда осы табысымыздың 20 пайызын ғана таптық қой. Қазір, шүкір, ата-анамызды, туған-туысымызды да асырап отырмыз» дейді. Америкада маман түгіл, жай жұмысшылардың өзі жақсы табыс табады.
– Ал сол жақтағы тұрғылықты қазақтардың тұрмыс-тіршілігі қалай?
– Бәрі жақсы тұрады. Кезінде министр болған, Жоғарғы Кеңесте істеген кісілер бар. Пенсияға шыққаннан кейін ақырындап, бала-шағасын жағалап кеткен ғой.
– Солармен бас қосқанда, әлдебір отырыстарда ел туралы әңгіме, елге сағыныш байқалушы ма еді?
– Жоқ, ондай болған жоқ. Олардың да елді сонша бір сағынғаны байқалмайтын. Атаның өзі де сұрағандарға: «Өтірік айта алмаймын, сағынған жоқпын» деп айтатын. Сағынған жоқ ол кісі. Көңілі қалды ма, басқа себебі бар ма, оны мен түсінбеймін. Елден кеткен 20 жыл ішінде жақсы көретін інілерінің шақыруымен, Қазақстанға бір-екі-ақ рет келді өзі. Ал той-томалаққа немесе әлдебір жағдайлармен біз өзіміз келіп тұрдық. Ағаң: «Мені әурелемеңдер» деп қалып қоятын.
– Мұхтар ағаны сізден артық білетін адам жоқ. Ол кісінің өзіңізді тәнті еткен қандай ерекше қасиетін бөле-жара айтар едіңіз?
– Ағаң адамшылығы өте жоғары адам ғой. Ол өзі тиіспесе ешкімге тиіспейтін, ешкімде шаруасы болмайтын. Жазушылар бір-бірін түрткілемесе жүре алмайды ғой. Ол кезде оңдырмайтыны тағы бар. «Қайтесің соны, жауап бермей-ақ қойсаң болмай ма» деп, оған мен шыр-пыр болатынмын. «Неге мені басынады?!» деп бой бермейтін. Өткенде бір көп-көрім жазушы: «Жұлдыз» журналында өзін насихаттаумен болды» деп жазыпты. Шындығында, ол өзін насихаттаған жоқ. Жастарды көп шығарды. Оны былайғы ел де, тіпті сол жастардың өзі де: «Бізді адам қылды», «жұмысқа алды», «жазғандарымызды шығарды» деп айтып жатыр. Ал өзі насихатты керек қылатын адам емес қой.
– Ағаның шығармашылық процесі туралы айтып беріңізші? Шығармаларын жазған кезде қандай күйде болатын?
– Ол кісі шабыт дегенге қарамайтын, «машық керек», «бап керек» дейтін.
– Бекболат Тілеухан шабыт туралы сұрағанда Мұхтар аға: «Шабыт деген – дайындықтың нәтижесі. Бір нәрсені мақсат тұтасың. Дайындаласың. Сол төңіректе ақпарат жинайсың. Саралайсың. Бір жүйеге өзі ыңғайланбақ. Ішіңде жүріп піседі. Сосын отыра қаласың да жазасың. Тамағың тоқ, үйің жылы, денің сау, көңіл алаңсыз болмағы керек» депті...
– Иә, бабы келіссе болды, отыратын да жаза беретін. Әр кезде әрқалай жазды. Жастау кезінде түнде де жазатын. Таң ата шайын ішетін де, жұмысына кететін. Кешке келіп, біраз ұйықтап алатын. Көп шығармасын солай жазды. Ал Чехияға кеткеннен бастап өндіртіп жазды. Ол кезде режим дейтін жоқ. «Шыңғыс ханның» 4 томын 7 жыл жазды.
– Мұхтар аға: «Аласапыранның» дайындығына бүкіл жастығым кетті. Ал жазуын сегіз-ақ айда жаздым» деген екен. Демек жазудан гөрі, тарихи деректер мен мұрағаттық дүниелерді екшеуге, талдап-таразылауға көп уақыт кеткен ғой...
– Керек нәрсесінің бәрін күні бұрын жинап алатын. «Аласапыранды» жазғанда неше ай Мәскеуді аралап, Ораз-Мұхаммедтің басына барып, бәрін көріп, іштей қатты дайындалды. Өйткені дерек керек қой. «Шыңғыс ханды» жазғанда да барлық дерек қолында болды. Жалпы, «Шыңғыс ханды» жазған адамдар көп қой. Бірақ ағаңның жазғаны кей жерлері басқаша. Өйткені ол нақты деректер бойынша жазған. «Алтын Ордасы» да солай. «Алла ғұмыр берсе жазамын» деп жүруші еді. Оны да жазды. Бітіргеніне қатты қуанды.
– Шығармаларының бөле-жаратыны жоқ, барлығы құнды, барлығы жанына жақын шығар. Әйтсе де қай шығармасын ерекше деп ойлайсыз?
– Ескі әдебиетті зерттегені шығар деп ойлаймын. Өйткені жыраулар поэзиясы рухани айналымға енбей қалуы мүмкін еді ғой. «Қобыз сарыны» туралы: «Романдарым жазылмай қалса да, мен соны жазар едім, кез келген шығармама айырбастар едім» деп өзінің айтқаны бар. Мен тоқетерін айтып отырмын. Бұл кісінің «Менін» оқу керек. Өзінің бүкіл көзқарасын, қай шығармасын қалай жазғанын, жазған кезде не болғанын, бәрін сонда айтқан.
– Ағаның жастарға көзқарасы қандай болды?
– Жастарды жақсы көрді. «Ендігі үміт – осы жастарда. Күні ертең Қазақстанды көтеретін де, атын шығаратын да – осылар» деп қатты сенді. Ая Өміртайға берген сұхбатында: «Жақсы маман болатын, өте дарынды 40 шақты жастар бар» деп айтты өзі. Жас таланттарды байқап жүретін. Арғы беттегі Тізімбек деген жігітті: «Мықты жазушы болатын бала екен. Қытайда қалып қояды-ау» уайымдады. 24 жаста жазған бір шығармасын оқыған. Содан «Болайын деп тұрған бала екен» деп, оны өзі тауып алды. Кейіннен Қазақстанға келгенін естіп, қатты қуанды.
Әсіресе Түркияда тұрғанда ағаңа жастар көп келді. Байқағаным, солардың көзін ашып жатқан сияқты бұл кісі. Қолымнан келгенше айтып жатырмын, «менің айта алмағанымды кітаптан оқыңдар, атаңның кім екенін сонда білесіңдер» деймін. Сосын: «Қазақтың қандай екенін білгілерің келсе – атаңның кітабын оқыңдар» деп тағы бір сөз қостым. Өйткені жазғанының барлығы бастан-аяқ қазақ туралы ғой. Әр шығармасы солай. Ағаң, міне, сондай адам. Ерекшелігін өзіміз де енді біліп жатырмыз.
– Жастарға сенгенін, елдің келешегін солармен байланыстырғанын айттыңыз. Ал Мұхтар аға Қазақстанның болашағы туралы қандай ойда болды?
– «Енді бір 30 жылдай қиқалақ-шиқалақ жүреміз. Одан кейін түзеледі, Қазақстан гүлденеді, болашағы өте жақсы болады» деді. Ағаң солай айтып кетті... Демек жаман болмайсыңдар. Бәрі жақсы болады.
– Әумин! Айтқаныңыз келсін! Бақытжамал апай, сізге де сол күнді көруді жазсын! Аман болыңыз. Әңгімеңізге көп рахмет!..